Жалған құжат толтыратын ауруханалардың лицензиясы кері қайтарылады - ДСМ

8 Қыркүйек, 09:29 376

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Президенттің медициналық ұйымдардағы жалған құжат толтырумен күрес бойынша берген тапсырмасы туралы түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, тексерулер барысында жалған құжаттар толтырумен байланысты 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған. Соған қарамастан заң бұзушылар көп жағдайда жазасыз қалатын және ұйымдарға салынатын айыппұлдар да мәселені жүйелі түрде шешпеді. 

Министр қыркүйекте министрлік осындай заң бұзушылықтар бойынша істері әшкере болған ұйымдарға  толық тексеру жүргізуді жоспарлауда. Өрескел заң бұзған жағдайда лицензияны кері қайтарып алып, істі құқыққорғау органдарына беруге дейінгі қатаң шаралар қабылдануы мүмкін. 

«Біз бұл мәселені айтарлықтай қатаң түрде, қажет болса лицензияны кері қайтарып алуға дейін жеткізетіндей көтеріп, істі тиісті құқыққорғау органдарына беруге дейін апарамыз, яғни тек айыппұл салумен ғана шектелмейміз», — деп мәлімдеді министр Ақмарал Әлназарова. 

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап мұндай жеткізушілердің қызмет көрсетуіне рұқсат бермеу туралы мәселе көтерілуде.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңда қолданыстағы бытыраңқы көптеген бағдарламалар мен деректер базаларының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру туралы тапсырма берді.

«Ол жүйе меншік түріне қарамастан мемлекеттен тапсырыс алатын барлық денсаулық сақтау ұйымдары үшін тікелей қадағалау мен объективтілікті қамтамасыз етуі керек»,- деп атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің бұл мәселемен дереу айналысуын тапсырды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: