Үкімет үйінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жиында премьер-министр Олжас Бектенов халық табысын арттыру және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа шаралар туралы баяндады.
Премьер-министрдің айтуынша, экономиканың өсу қарқынына қарамастан, азаматтардың табыс деңгейі әлі де жеткілікті деңгейде артып отырған жоқ. Қазіргі уақытта еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш Орталық Азия елдері үшін жоғары болғанымен, Үкімет алдағы кезеңде әлемдік орташа деңгей – 40%-дан жоғары межеге жетуді көздеп отыр.
Оқи отырыңыз:
Олжас Бектенов жалақы өсімінің бизнес табысының динамикасынан кейін қалып отырғанына назар аударды. Оның сөзінше, бұл мәселені шешу үшін Үкімет кешенді шаралар пакетін дайындап жатыр.
Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен және мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр. Осыған байланысты Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шаралар әзірлеуде. Бұл шаралар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған, – деді премьер-министр.
Сондай-ақ Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысының өсуі екені айтылды. Бұл мақсатқа жаңа өндірістерді іске қосу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Кеңейтілген отырыста цифрландыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында экономиканың барлық саласына озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу міндеті қойылған. Алайда қазіргі таңда экономиканың нақты секторында цифрландыру процесі әлі де бастапқы кезеңде қалып отыр. Осыған байланысты Үкімет әзірлеген Digital Qazaqstan стратегиясы барлық цифрлық бастамаларды бірыңғай ұлттық бағдарламаға біріктіруі тиіс.