Жақсы тауып айтар, жаман қауып айтар

8 Қараша 2018, 15:29 84395

Мақал-мәтелдерді орнымен қолдану

 

Біздің қазақ астарлап сөйлеуге, мақал-мәтелдетіп отырып диалог құруға шебер халық. Сөз қадірін білетін, орынды сөзге тоқтап, «ат-шапан айыбым» деп кәде жасайтын ұлттың бүгінгі ұрпақтары ретінде біз күнделікті өмірде мақал-мәтелді орынды қолданып жүрміз бе?

Мақалдап, мәтелдеп «қауып» айтқан адамға, басқа бір мақалмен тауып айтып, жауап бергіңіз келсе не болмаса әлдебір жағдайларда бір ғана мақалмен «сұлатып» салғыңыз келсе,  біздің мақаламызды соңына дейін оқыңыз.

«Жаманнан жарты аяқ ас қалады». Бұл мақалды әлдебір отырыстарда, той-томалақтарда естіген болуыңыз да мүмкін. Тек қана осы мақал үшін өзі ұнатпайтын асты тауысып ішіп жүрген адамдар арамызда бар шығар. Егер, сіз «Жаманның көзі жақсыдан қалған жарты аяқ асқа түсер» деген мақалды жауап ретінде айтар болсаңыз өзіңізді де, асқазаныңызды да, сондай-ақ ас ұсынушыны да қинамас едіңіз.

«Іріген ауыздан шіріген сөз шығады». Бұл мақалды алда болатын бір оқиғаның болуы мүмкін жаман жақтарын, кемшін тұстарын айтқан кезіңізде естіген боларсыз. Пікіріңіз әлдекімге жақпай қалғанда жиі еститін мақал. Мұндайда еш саспастан «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін білетініңізді, бірақ,  «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегенді ескеруіңіз керек екенін алға тартасыз. Осылайша сіз өзіңіз де жақсылықтан дәмелі екеніңізді, тек, барлық жағдайларға дайын болуды меңзегеніңізді көрсете аласыз.

«Жиен ел болмас, желке ас болмас».  Бұл - нағашы жұрттың ортасында отырған жиеннің ең жиі еститін мақалы. Осындай сәтте «Жиен неге ел болмасын жайлы болса, желке неге ас болмасын майлы болса» деп, өз мақалдарын өздеріне қару ретінде қолданып кетуге болады.

«Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без». Бұл мақалды көбіне біреуді баласынып, жасы едәуір үлкен адамдар айтады.  Әрине, әкеңіздің алдын орап, өз алдыңызға көсемсіп отырған болсаңыз бұл сөзден кейін тоқтауға міндеттісіз. Себебі, «аталы сөзге арсыз тоқтамаған» деген мақал бар. Бірақ, сөз басында айтқанымыздай менсінбеушілікпен айтылған сөз болса, «Әке тұрып ұл сөйлесе – ержеткені, шеше тұрып қыз сөйлесе – бойжеткені» деп жауап берген абзал. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» деген сөз де осындай менсінбеушіліктен туған болатын.

«Асықпаған арбамен қоян алар». Еш уақытта саспайтын, ешқайда асықпайтын адамдар болады. Сондай адамның бірі сізді есік алдында күттіріп қойып, өзінің  кешіккенін осы мақалмен жуып-шаймақ болды делік. Ал, сіздің ол кісіден басқа да шаруаларыңыз жетіп артылады. Сіз де мақалдатып сөйлеуден қара жаяу емес екеніңізді көрсетіп, «Қойшының қызы қой келгенде таранар» деген мақалды айтуыңызға әбден болады.

«Үндемеген үйдей бәледен құтылады». Осы мақалды денемнің әрбір клеткасымен сезіп көрген адамның бірі менмін. «Айтпаса сөздің атасы өлер» деген мақалды желеу етіп, бірдеңе айтып қаламыз көбіне. Ал,  қазіргі үйлер екі қабатты не болмаса зәулім үйлер ғой. Осылайша «зәулім бәлелердің» астында жиі қалып жатамын. Бәлкім, бұл мақалдарды кері қолданған тиімді шығар?

«Еркекке сенгенше екі босағаңа сен». Ауыр мақал. Құдай сізге бұны өз жартыңыздың аузымен айттырмасын деп тілейік. Бірақ, бұл мақалдың шығуына қарағанда сізге дейін де біреуге бағытталып айтылған секілді. «Бөріктінің намысы бір» деген сөз бар ғой. Мен сізге осы жерде бір көмектесейін. «Ерін сыйлаған есікте қалмас» деп жауап беріп көріңіз. Келіншегіңіз тым көкбет болмаса осы мақалдан кейін екеуіңіз қатар отырып шай ішулеріңіз бек мүмкін. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген мақалдың бар екенін де ұмытпаңыз.

«Аға алдында арсыз іні сөйлейді». Осы мақалды пайдаланып ағалар  інілерін тұқыртып алғысы келеді. «Ағасы ұрар болса, інісі тұрар болсын» деген мақалдың бары да рас. Дегенмен, «Әке тұрып ұл сөйлесе – шіркіндігі, аға тұрып іні сөйлесе – еркіндігі» деген мақалды алға тартуыңызға болады. Тіпті, қоймай бара жатса, «Аға болсаң ақыл айт. Ақыл айтсаң мақұл айт» деп жөн сөзге шақыруыңызға болады.

«Итке темір не керек?». Бір кісіге ісіңіз түсіп барсаңыз не болмаса әлгі адамның өзіне керексіз болып жатқан әлдебір дүниесін сұрасаңыз, осы мақалды айтып әлдеқандай болуы мүмкін. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деуге асықпаңыз. «Иттің аузы тиді екен деп, дарияның суы арамданбас» дей салыңыз. Түп негізі бар адам болса осы мақалдан кейін қолыңызды қаға қоймас.

«Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалар». Осы мақалды алдыға тартып, буынсыз жерге пышақ ұрып, өзіңіз үшін қымбат санаған дүниені жолдас-жораларыңызға беріп жіберген кезіңіз болды ма? Бәлкім, «Айнымас досыңның аяулысын сұрама» дегеніңізде қимасыңыз қолыңызда қалар ма еді?

«Жаман адам мақалшыл, жаман ешкі сақалшыл». Жүрген жеріңізде мақал-мәтелді жиі қолдануыңыз мыңға жаққанымен бірге жақпауы мүмкін. Өзіңізге қарата айтылған сөздерге, қиыннан қиыстырып жауап айтып жүрген сіз үшін бұл мақалға қарсы мақал айту түкке тұрмайды. «Сөздің көркі мақал, ердің көркі сақал» дейсіз де әрі қарай әңгімеңізді жалғастыра бересіз.

Мінекей, жүйелі сөйлей білсеңіз жүрген жеріңізде сыйлы боларыңыз анық. Бірақ, «Сөйлей білсең тыңдай біл» деген қағиданы да ұмытпаңыз.

 

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу: