24.07.2025
15:11
847
Жағажайға кіру үшін ақы төлеу керек пе?

Жағажайға кіру үшін ақы төлеу керек пе?

Елімізде жағажайларға кіру мәселесі ушығып барады. Заң бойынша азаматтар су айдындарына еркін әрі тегін қол жеткізуге тиіс болса, іс жүзінде көптеген жағажайлар қоршалып, кіру үшін ақы талап етіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Су – халықтың ортақ меншігі

Заңгер әрі блогер Болат Бащжанов қазақстандықтарға еліміздегі барлық жағажайларда суға қол жеткізу ақысыз екенін еске салды.Ол бұл мәселені Instagram-да көтеріп, су айдындарына қатысты азаматтардың құқығын түсіндірді.

Блогер отбасымен бірге Бурабай кентіндегі жекеменшік жағажай аумағына бармақ болып, бейнеролик түсірген. Қоршауға жақындай бергенде, демалыс орнының қызметкері жолын бөгеп, жағажайға кіру үшін ересектерден – 4000 теңге, балалардан – 2000 теңге талап еткен. Заңгер дереу полиция шақырып, заң бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтыруды сұрағаннан кейін ғана оған кедергісіз өтуге рұқсат берілген.

Бұл аумақ жекеменшікке тиесілі болса да, Қазақстанда суға қол жеткізуді ешкім шектей алмайды. Бұл – Су кодексінің 1-бабында анық жазылған, – деді Болат Бащжанов.

Бұл пікірді заңгер Әлішер Қадырбеков те растады. Оның айтуынша, азаматтығына қарамастан, әрбір адам су айдынына еркін жақындауға құқылы. Жағалау жекеменшік меншікте немесе жалға берілген болуы мүмкін, бірақ судың өзі – Қазақстан халқына тиесілі. Сондықтан оған қол жеткізуді шектеу – заңға қайшы. Мұндай шектеуге тек санитарлық немесе экологиялық қауіп төнген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Ал төлем тек қосымша қызметтерге – мысалы, шезлонг, күрке немесе өзге де демалысқа арналған жайлылық үшін ғана алынуы мүмкін.

Әлішер Қадырбектің айтуынша, азаматтар жағажайға өз тағамы мен сусынын ала баруға толық құқылы, бірақ тазалық сақтау – әрбір адамның мәдениеттілік деңгейін көрсететін міндеті.

Адам өз тағамы мен сусынын алып келе алады. Өйткені бұл – оның жеке меншігі. Ал табиғи су айдынына тікелей іргелес жағажай – жекеменшік аумақ болып саналмайды. Яғни, жағажайды шартты түрде иеленіп отырған тұлға демалушылардан ақылы шарттарды орындауды заңды түрде талап ете алмайды, – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, су қорғау аймағында шатыр тігуге рұқсатсыз жол берілмейді, себебі бұл экологиялық режимді бұзуы мүмкін. Ал жағажайға автокөлікпен тек арнайы жолдар арқылы келуге рұқсат бар, алайда жағалау жолағына тікелей кіруге тыйым салынған.

Заңгерлер азаматтарды өз құқықтарын білуге және Су кодексі мен Конституцияға сүйене отырып, суды пайдалануда заңсыз төлемдерге жол бермеуге шақырады. Себебі су ресурстары – мемлекеттің емес, халықтың ортақ меншігі.

Ертіске жету мұңға айналды

Павлодарда Ертістің аумағындағы жағажайларға емін-еркін кіріп шығуың да мұңға айналған. Жергілікті тұрғындар Су кодексінде көрсетілген суға қол жеткізу құқығының қағаз жүзінде ғана қалғанын айтып, наразылық білдірген.

Қаладағы үш танымал жағажайдың екеуіне қазір тұрғындар еркін кіре алмайды — бірі ақылы, екіншісі мүлде жабылған. Ал үшіншісі, яғни қайықпен немесе су таксиімен жетуге болатын жағажай, демалыс күндері қоршап тастайды.

Ертісте демалу – тек ақшасы барларға арналған дүниеге айналып барады. Заң бойынша, кез келген адам су жағасына кедергісіз жетуге құқылы. Бірақ табиғи аумақтарды иемденіп алған кәсіпкерлер суға жолды жауып, ақша сұрап отыр. Бұл заңға қайшы. Жалға алушыларға осындай құқықты кім берді?, – дейді қала тұрғыны Kerek.pv парақшасында жарияланған жазбасында.

Қазақстанның Су кодексіне сәйкес, ортақ пайдаланудағы су айдындары мен олардың жағалауынан 20 метрге дейінгі аумақ әрбір азамат үшін тегін және еркін қолжетімді болуы тиіс. Суға өтетін жолға ақы алу — заңға қайшы. Дегенмен бұл талапты елемей, қоғамдық байлықты жеке табыс көзіне айналдырып отырғандар саны артып келеді.

Бұл жағдайға қатысты Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бұл жағдайға қатысты өз түсініктемесін берді. Ведомство өкілдері арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға кеңес беріп, суда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.

 

Қала аумағында екі коммуналдық жағажай бар - Орталық және Усолька. Бұл жағажайларға кіру тегін. Сонымен қатар Ертіс өзенінің сол жағалауында, Орталық жағалауға қарама-қарсы тұста екі жеке жағажай орналасқан - Family және Riviera. Су айдындарын рекреациялық мақсатта пайдалану жалпы су пайдаланудың тәртібімен тегін негізде жүзеге асырылады. Ал жеке жағажайларда алынатын төлем тек қосымша қызметтерге - аумақты абаттандыру, тазалық жұмыстары, демалатын төсектерді жалға беру және басқа да жайлылықтарға қатысты ғана алынады, - деп хабарлады бөлім өкілдері.

Астанадағы жағажай да ақылы

Астаналықтар қаланың дәл ортасындағы жағажайға кірудің ақылы болуына наразы. Бұл жағдай көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.

Аталған жағажай орталық саябақ аумағында, Амфитеатр маңында орналасқан. Ол таңғы сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру ақысы – ересектер үшін 1500 теңге, ал 4 пен 15 жас аралығындағы балалар үшін 500 теңге.

Алайда Су кодексінде нақты көрсетілген: су айдындары мен жағалаудан 20 метрге дейінгі белдеу – халықтың ортақ меншігі және ол барша азамат үшін тегін әрі кедергісіз қолжетімді болуы тиіс. Бірақ елордалықтар нақты өмірде бұл талаптың орындалмай отырғанын айтып дабыл қағуда.

Ұлыммен бірге жағажайға бардық. Есіктен кіргеннен-ақ ақша сұрады. Кіру – 1500 теңге. Жарайды дедік. Бірақ ішке кірген соң тағы ақша шыға бастады: шезлонг – 1500, балмұздақ – 800. Балмұздақ пен шезлонг үшін төлейтініміз түсінікті. Ал су мен құмға неге төлеуіміз керек?, – дейді қала тұрғыны.

 

Қонаев тұрғындары жағажайдың жекеменшікке өтуіне наразы

Қонаев қаласының тұрғындары қалалық жағажайдың жеке меншікке өтіп кеткеніне байланысты наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, заңнамада су айдындарына еркін қол жеткізу құқығы бекітілгеніне қарамастан, жағалауға кіру шектеліп отыр. Жергілікті халық бұл жағдайдан қала билігінің хабардар екенін, алайда ешқандай нақты шара қабылдамай отырғанын алға тартады.

«Қалайша жағалау жекеменшікке айналды? Мұнда бірде-бір шезлонг жоқ, тазалық атымен жоқ. Бұл – жай ғана жағалау, ешкімнің меншігі емес қой», – дейді жағажайға келген тұрғынның бірі әлеуметтік желіде тараған видеода.

Жағажай әкімшілігінің өкілдері болса, ақы тек көрсетілетін қызметтер үшін алынатынын, оның ішінде құтқарушылардың жұмысы мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар екенін түсіндірді. Олардың айтуынша, жағажайдың Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан берілген ресми паспорты бар, бұл нысанның талаптарға сай екенін дәлелдейді.

newtimes.kz мәліметінше, Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жағажай орналасқан жер телімінің жеке меншік иелігінде екенін растады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, меншік иесі өз аумағына қатысты өкілеттігін жүзеге асыруға құқылы, оның ішінде кіру тәртібін белгілеуге де. Сонымен қатар, Су кодексінде көрсетілгендей, су айдындарына қол жеткізу еркін болуы тиіс. Тек заңмен белгіленген ерекше жағдайларда, мысалы, санитарлық немесе қорғалатын аймақтарда - бұл құқық шектелуі мүмкін, – делінген ресми жауапта.

Әкімдік өкілдері сондай-ақ, жеке тұлғалар ақылы қызмет көрсететін жағдайда заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тиісті тіркеуі, бақылау-кассалық аппараты болуы және фискалдық чек беруі міндетті. Әкімдік өз құзыреті шегінде бақылау жүргізеді және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда құзырлы органдармен бірлесе әрекет етеді, – деп мәлімдеді әкімдік.

Су ресурстары министрлігі не дейді?

Жаңа қабылданған Су кодексіне сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың су нысандарына қол жеткізуіне шектеу қоюға құқығы жоқ. Егер заңнамада нақты көрсетілмесе, қоршау орнату, күзет қою немесе өзге де шектеу тетіктерін қолдануға тыйым салынады.

Аталған нормалардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі ел азаматтарының су айдындарына еркін қолжетімділігін реттейтін Суды ортақ пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекітті.

Қағидада суды арнайы пайдалану мен ортақ пайдалану ұғымдары нақты ажыратылған. Суды ортақ пайдалану үшін рұқсат талап етілмейді. Бұл дегеніміз – азаматтар су нысандарының жағалау белдеуіне еркін өтіп, демалуға, шомылуға, әуесқой балық аулауға, серуендеуге, сондай-ақ жайылымдық жерлерде мал суаруға құқылы.

Жергілікті атқарушы органдар халыққа арналған жаппай демалыс аймақтарын айқындап, бұл туралы қоғамды дер кезінде хабардар етуге міндетті. Сонымен қатар, су айдындарын ластайтын әрекеттерге, атап айтқанда көлік жуу, жанар-жағармай сақтау, құрылыс қалдықтарын төгу сияқты заңсыз істерге қатаң тыйым салынады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, суды ортақ пайдалану құқығына туризм, шомылу, балық аулау, табиғат аясында серуендеу сынды іс-әрекеттердің барлығы кіреді.

Әр азамат, егер бұл әрекет кәсіпкерлік мақсатқа арналмаған болса, жеке мақсатта суды ортақ пайдалана алады. Қоршау орнату немесе кіруге тыйым салу сияқты шектеулерге жол берілмейді. Айта кететін жайт – бұл талаптар жергілікті әкімдік ресми түрде белгілеген ұйымдастырылған жағажайлардан тыс аумақтарға қатысты. Мұндай жағажайларда төлем алынуы мүмкін, бірақ ол суға өту үшін емес, қосымша сервистік қызметтер үшін ғана алынады, – деді министр.