Жадыдан өшпес зарлы үндер

31 Мамыр 2020, 01:25 3908

Жетімдер үйінде көз жұмған 300 бала көмусіз қалған

ХХ ғасырдың басындағы қасіретті жылдар ел тарихына қанды әріппен жазылды. Әр жылы 31 мамырда "халық жауы" мен "ұлтшыл" деген жаланың құрбандары мен ашаршылық жылдары қаза тапқандарды еске аламыз.

Қазақстанда сол жылдары 103 мыңнан астам адамның қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы атылғанын айтады деректер. Ал 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшыпты. Әйтсе де, қазақтың кең даласында жеткен жерінде жан тәсілім еткендердің санаққа енбей қалғаны қаншама...

Ақтөбелік Өтеш Жалмағамбетов сол нәубетті өз басынан өткеріп, көзімен көрген, жүрегіне түйген, әлі күнге дейін көкейінен өшіре алмаған жан.

Балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келген, бүгінде жасы тоқсанды еңсерген ақсақалдың өз аузынан естіген әңгімені назарларыңызға сол күйінде ұсынамыз.



"Мидай дала. Айнала тегіс меңіреу тыныштық. Тек ескен желге ысқырған қурап қалған шөптердің ғана дыбысы құлаққа естіледі. Даланың осы бір тыныштығын бұзып, темір дөңгелектері тарсылдап, екі өгіз арба келеді. Арбаға тиелген өзіммен қатар балалардың кейде жылап, ыңырсыған дауыстары әлсін-әлсін шығады. Темір дөңгелектің даусынан ол да тым баяу. Жан-жағы биік, үлкен самар іспетті өгіз арбаның ішінде бес-алты баламыз. Біз мінген қос өгіз арба Темір ауданына қарай бағыт алып барады. Бұл - 1932 жылдың күзі болатын". Балалар үйіне келген уақытын осылай еске алған Өтеш ақсақалдың көкірегінде өткен күн әлі де сайрап тұр...

"Ол күндерді қалай ұмытарсың... Санаға өшпестей жазылып қалды ғой. Кішкентай кезімізден қасіреттің қамытын ерте киіп, балалықпен қош айтысуға тура келді емес пе" деді көкірегін кере күрсінген ата. Биыл 96 жасқа толған Өтеш ақсақал Ақтөбенің шалғайдағы Бұлақты (Родник) елде мекенінде дүниеге келген. Анасынан қырқынан шықпай жатып айырылып, туа сала жетім атанған сәбиді әкесінің ағасы өз бауырына салады. Жетім бала тайға аяқ артар 7 жасқа жеткен шағында аштық ел ішіне дендеп ене бастаған еді. 1932 жылы тапқанын баласының аузына талғажау етіп салып отырған өкіл шешесі Бижан кемпір де аштықтан бұратылып қайтыс болды. Өңештен өтер ас іздеп, күні-түні далада жүретін әкенің баланың жағдайын жасауға мұршасы жете бермеді. Содан үкіметтің өкімімен бала Өтешпен бірге ауылда әке-шешеден айрылып, панасыз қалған 12 жетімді екі өгіз арбаға тиеп, Темір қаласына жөнелтеді. Темірде оқу бөліміне апарып, жас шамасы 8 жастан асқан балаларды 16-шы ауылға жіберіп, ал 7 жастағыларын қалалық интернатқа алып қалады. №16 поселкіге жеткізілген 7-8 баланың ішінде бала Өтеш те бар еді. Аты ғана болмаса, мұнда 1932- 1933 жылдардың қысында оқу болмайды. Кітап оқып, әріп жаттамақ түгілі, аштықтан дәрмені құрыған балалардың орынынан көтерлуінің өзі мұң еді. Аштық бір бүйірден, ал ауру екінші бүйірден қысып барады. Бүгінгі ақсақалдың жадында директордың қатал мінезі мен балалар үйінің тәрбиешісі Қиясов Павелдің жақсылығы сақталып қалыпты. Мұнда аштық жылдарында ұл-қызы аралас 500-дей бала тәрбиеленген. Екі жатақхана екі бөлек. Куәгерлердің айтуынша, балалар үйі екі көшесі бар орыс поселкесінде болған. Балалар үйінің талғажау етер тамақ іздеген жетім балалары көң-қоқыс та аралап кетеді екен. Шөптің тамырын талғажау етіп, кірпі мен тышқан да аулап жейтін. Жеуге жарамды-жарамсызын танымағандықтан, шөп жегеннен уланып өлгендер де болған. Ауырып домалап жатқандардың сырқатын жеңілдетер дәрі-дәрмек те жоқ. Сүзек, безгек, қышыма ауруымен ауырғандар көп болыпты. Аурумен, аштықпен алысқандар таң атқанша аласұрып шығатын. Кейбірі түннен аман қалмайтын. Оның үстіне балалар жататын жер де салқын, жамбасынан сыз өткен балалар сабан шөп қана жастанатын. Бала кезінен жетімдік зардабын тартып, ананың аялы алақаны мен әкенің сүйенішін көрмеген 500 жетімнің бір үзім нанға зар болып, аурудан айыға алмаған 250- 300-ге жуығы бір жылда көз жұмыпты. "Оларды көміп үлгере алмағанының куәсі болдық. Көз жұмған балаларды жертөлелерде, бос сарайларда бірінің үстіне бірін қойып сақтады. Кейіннен жер жібігеннен кейін шұңқыр қазып, соған жерледі" деп еске алады сол күндердің сұмдығын Өтеш ата.

"Дүниедегі ең қиыны түнде құшақтасып жатқан жанындағы жолдасыңның таңертең көзі бақырайып серейіп жатқанын көру екен. Бала болсақ та, мұны сол кезде-ақ сезіп-білетінбіз. Ересектеу балалар әлімжеттік жасап әлсіздердің нанын тартып алып жеді. Ал әлжуаздары құр сүлдерлерін сүйретіп, сол төсектен тұра алмаған қалыптары үзіліп кетіп жататын. Жетімдер үйі деген аты ғана, әйтпесе бұл орыстардан қалған шағын ғана барак үйлер болатын. Сол жылдардың қысы қатты, ұзақ болғаны есімде. Әлде дымы құрыған, аштықтан бұратылған бізге солай көрінді ме екен, білмеймін. Кейде боран қатты соққан кездерде, барактың есігін қар басып қалатын. Мектеп басшылығы ересектеу балаларды алып шығып, терезені, есікті қардан тазалайтын, олардың да қай бір қауқарлары болсын, әйтеуір ілбіп, бір күрекке әлдері келмей жүретін. Мына бір сүгірет есімде мәңгі қалып қойды, жасым тоқсаннан асса да, әлі есімнен кетер емес. Бірде терезеден қарап тұрғанмын, далада сүйретіліп бір әйел келе жатты. Бізге қарай келе жатқандай болды, кім білсін, баласын іздеп жүрген ана ма екен. Әй, бірақ, қайдам, ол баласын іздейтін шақ па еді, бәлкім тамақ іздеп басы ауған жаққа қаңғырып бара жатқан болар. Сол әйел бір кезде жол үстіне жалп етіп құлай кетті. Ешкім оның жанына да бармады, үзіліп кеткені анық еді. Бұл әке-шешені өз туған баласынан бездірген, қара нанның үзіміне зар еткен заман болды", - дейді сақалын алты тарам жас жуған ақсақал.

"Жағдай 1934 жылға қарай тұрақталды. Аштықтан аман қалған адамдар жайлап тіршілігін жасай бастады. Ауыл сыртында бір үлкен қара ағаш бар. Соған лагерьге баруға дайындалдық. Шатыр тігіп, сол жерде болдық. 1934-1935 жылдары 4 класты бітіргеннен кейін Қонжар деген балалар үйіне жіберді. Сонда 1939-1940 жылдары 7-класты аяқтадым. Мектеп бітірген 30 қаралы баланың жартысын Темірге, жартымызды Ақтөбеге жіберді. Мен Ақтөбенің №6 мектеп-интернатына солай келдім. Ол кезде жалғыз қазақ мектебі болды, сонда білім алдым", - дейді алысқа қадалған жанарын сол отты жылдардан сүріндірмеген қария. 1941 жылы соғыс басталды. Бұл уақытта жасөспірім Өтеш бастаған біраз бала лагерьде бақша егіп жүрген еді. Дәл сол лагерьден бұларды жинап алып, 18-ге толғандарын әскерге аттандырды. Ол кезде біздің кейіпкеріміз 17-де екен. Сол уақытта Орынбордың ұшқыштар даярлайтын оқу орнынан 5-6 адам келіп, қару ұстауға қауқары жетеді деген жастарды іріктей бастайды. Соғыс басталғалы ұшқыш боламын деп қанаттанып жүрген Өтеш жас та бағын сынап көреді. Бірақ, жетімекте не салмақ болсын, не салмағы, не бойы жетпей қалады. Содан кейін ол елге келіп, соғысқа аттанған немере ағасының отбасына бас-көз болады. "Мен сонда хат танығасын нағыз информцентр болдым" дейді атайдың өзі. Ауылда кітапханада жұмыс жасайды. Кейін 1942 жылы 18-ге толғасын өзі де майданға аттанды. Сол кеткеннен 1947 жылы ғана елге оралып, отбасын құрып, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Өмір бойы үкіметік органдарда жұмыс жасап, 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында шөбере мен шөпшектің қызығын көріп отыр.

"Халқымыздың басынан өткен түрлі қасіреттің ең сұмдығы болған бұл ашаршылық осылай қаншама бейкүнә жанның өмірін қиды. Ол күндерді қалай ұмытарсың... Санаға өшпестей жазылып қалды ғой. Кішкентай кезімізден қасіреттің қамытын ерте киіп, балалықпен қош айтысуға тура келіп, адам жаны түршігерлік нәрселерге куә болдық емес пе... Мен тіпті әкемнің тентіреп жүріп, жамбасы қайда, қашан жерге тигенін де білмеймін. Алладан тілерім, бұл күндер қайталанбасын, ешкім де ашығуға тиіс емес, балалар өз әке-шешелерінің жанында алаңсыз өмір сүріп, ержетулері керек" деп аяқтады сөзін Өтеш ақсақал. Бала кезінде жоғары білім алып, тарихшы болсам деген қарияның арманын алдымен ашаршылық, кейін соғыс тамырынан үзді. Сол күндерді баяндаған атайдың жанарындағы мұң өзгелер бір күнді арнап қана еске алар нәубеттің дәл осы жандар үшін ешқашан ұмытылмас естелік екенін тағы бір мойындатып өткендей...


P.S Өтеш ақсақал ұзақ жылдар бойы сол жетім балалардың жатқан жеріне белгі қоюды арман етті. Әр есікті бір қағып, тарихты жаңғыртуды сұраған ақсақал дегеніне 2008 жылы қол жеткізіпті. Ол жерге ауылдың кәсіпкері Т.Балаушин көмектесіп, бүгінде жермен жексен болған жетімдер үйінің орнына 1932-1933 жылдарда №16 ауылдағы балалар үйінде аштықтан көз жұмған балаларға белгі қойылды.

Бұл белгі - тарихтың емес, таихты жасаған адамдардың қателігіне ұрынып, аштық пен аурудан көз жұмған 300-ге жуық іздеушісі мен жоқтаушысы жоқ балаларға бүгінгінің құрметі мен тағзымы. Бұл бүгінімізге тәуба айтып, тобамызды еске түсіретіндей белгі.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: