Жамбыл облыстық ҚХА: Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер баған

22 Мамыр 2019, 11:15 8608

Жамбыл облысы ассамблеясының «Достық үйін» Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 10 жылдығына орай 2005 жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашқан еді. Елбасы елімізде мәдени тұрақтылықты дамытуға аса көңіл бөле отырып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтауда ҚХА маңызды роль атқаратынын атап өтті. 




Сол сәттен бастап «Достық үйінің» қоғамдағы көтерер жүгі, атқаратын жұмыс ауқымы, әлеуметтік-саяси маңыздылығы арта түсті. Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік біртекті ұлттық саясатты жүзеге асыру басты мақсаты болып табылатын «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Елбасының, Ассамблея тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін қаржылық, материалды-техникалық жағынан қамтамасыз ету, өңірдегі этносаралық қарым-қатынас бойынша ғылыми-сарапшылық, ақпараттық жұмыстарды жүргізу, әлеуметтік маңызды бастамаларды жүзеге асыру, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, ғылыми бағыттағы көпшілікке арналған шараларды ұйымдастыру және өткізумен айналысады. 


Сонымен қатар ҚХА жанындағы барлық этномәдени бірлестіктер мен басқа да азаматтық қоғам институттарын белсенді түрде жұмыс жасауға тартуға, жұмылдыруға, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін, мәдени мұрасын сақтап және дамытуға бағытталған шараларды ұйымдастырып, оның орындалуын қадағалап, бақылап отырады.


Мекеме алғаш ашылған кезінде негізінен бұқаралық мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырумен айналысып келсе, қазіргі қызметі Ассамблеяның мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы негізгі стратегиялық бағдарламаларын түсіндіру, насихаттау және қоғамдық келісімді сақтау бойынша идеологиялық қызметін атқаруға бағытталып отыр. 




Сондай-ақ, «Достық үйі» ұлтаралық мәселелер бойынша әдістемелік және консультативтік орталық та болып табылады. 2016 жылы Таразда Достық үйінің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, қонақжай құшағын келем деушілерге айқара ашып, қаланың сәулетті келбетінің ажарын ашатын көзтартарлық орындардың біріне айналып үлгерді. 


Қазіргі уақытта «Достық үйі» облыс тұрғындарына жас ерекшеліктеріне қарай кең ауқымды іс-шаралар ұсынатын мәдениет орталығына айналып отыр. Достық үйі – қоғамдық маңызы зор шаралар өткізетін ғимарат қана емес, мұнда әртүрлі этномәдени орталықтардың өкілдері еңбек етіп, қызмет атқаруда, Жамбыл облысындағы достық пен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің киелі мекеніне айналып үлгерді. Еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлері ерекше сәулет өнерімен, жаңа дизайнмен салынған. 


Ал Тараз қаласының көрікті орындарының бірі – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының қақ ортасында орналасқан Достық үйі де төбесі шаңырақ тәрізді, киіз үй іспеттес, ұлттық нақышта салынған жаңа ғимарат. Үш қабаттан тұратын нысанның жертөлесінде пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға шақталған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік кеңселер, ғылыми-сарапшылық бөлім, әдіскерлер кабинеті, көркем сурет және қол өнер залы, медиаторлар кабинеті, баспасөз қызметі және мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімдері өз орындарын тапқан. 


Этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрін, мәдени мұраларын көрсететін бұйымдармен жабдықталған музей, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің» мұражайы, екі хореографиялық зал, қойылым және концерт костюмдеріне арналған бөлмелер бар. 


Бірінші қабатында төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс залы және мультимедиялық орталық орналасқан. 


Екінші қабатында екі жүз елу орындық үлкен зал мен төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған кең сахналы мәжіліс залы бар. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының негізінде құрылған электронды алаңшалар бар. Мәселен, «Қазақтану», «Достықта жоқ шекара», «Жаңғыру жолы», «Жаңғырған ауыл» жобаларына байланысты этнобірлестіктердің атқарылған іс-шаралары және облыстық білім басқармасының «Тәрбие және білім», алаңшалары арқылы білім саласы бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстармен электронды түрде танысудың жақсы мүмкіндігі пайда болған. 


Сонымен бірге «Туған жер» арнайы жобасы аясында құрылған «Атамекен» бағдарламасының атқаратын қызметтерін де электронды жүйе арқылы тамашалауға болады. Олар уақыт талабына сай жаңартылып отырады. 


Нысанның шаңырақ іспеттес күмбезді үшінші қабатында үлкен дөңгелек үстел қойылған мәжіліс залы жайғасқан. Мұнда көршілес елдерден және еліміздің ірі қалаларынан келетін делегациялардың этносаралық мәжілістері мен ғылыми-тәжірибелік конференциялары ұйымдастырылып өткізіледі. 


Облыстық этномәдени бірлестіктер мен олардың аудан, қалалардағы бөлімшелері Достық үйінде республикалық, облыстық, қалалық, аудан деңгейінде өтетін әртүрлі форматтағы әлеуметтік-мәдени шара¬ларға белсенді түрде қатысып тұрады. Жамбыл өңірінде 26 облыстық, 49аудандық этномәдени бірлестік тіркелген, солардың жанынан 55 аналар Кеңесі құрылған. 


Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі 2013 жылдың 20 тамызында құрылған. Оның негізгі міндеттеріне отбасылық құндылықтарды дамыту, облыстың этномәдени бірлестіктері жанындағы аналар кеңесі қызметтерін үйлестіру жатады. «Жаңа әлемдегі әйелдің рөлі» форумы, « Бір отбасындай 20 жыл» кеңейтілген отырыс, «Отбасы – қоғамның ұясы» тақырыбындағы отырыс, «Менің әулетімнің дәстүрі» фестивалі, «Әже мен немере» байқаулары, «Қыз тәрбиесі», «Қыз, әйел, ана» тақырыбындағы дөңгелек үстел – осылардың барлығы Аналар кеңесінің кең көлемді шаралардың ұйымдастырылып өткізілуіне мұрындық болып отырғанының жарқын көрінісі. Одан қала берді, Аналар кеңесі Тараз қаласындағы №1 қарттар үйі мен К.Сарымолдаев атындағы балалар үйін қамқорлыққа алған. Жыл сайын «Жүректен жүрекке», «Мектепке жол» қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Аналар кеңесінің мүшелері республикалық отырыстарға, іс-шараларға белсене араласады. Кеңес төрайымы М. Миражапова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық дәріскерлер тобының мүшесі болып табылады. 2018 жылы «Алғыс айту күніне» орай ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шара барысында 1 млн. теңгеден астам қаржы жинап алынды. 


Облыс аумағында бұған қоса Ақсақалдар кеңесі де өз жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Жастраға үлгі-өнеге ретінде татулық, келісім, бейбітшілікті, ынтымақты насихаттауға бағытталған іс-шараларды атап өтсе жеткілікті. 


«Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығы» қызметінің тағы бір басты бағыты – жастар мәселесі. Олардың бойына отаншылдықты сіңіру, рухани-ағартушылық бағыттағы жобалар мен ұлттық салт-дәстүр, мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды қастерлеу арқылы өңірдегі тұрақтылық пен достықты сақтау болып табылады. Қазақстан халқының бірлігін нығайту, аймақтық Ассамблеямен мәдени байланысты дамыту мақсатында: «Бейбітшілік пен келісім жол картасы», «Жібек жолы бойындағы сұхбат», «Рухы бекем, киелі мекен –Таразым» ғылыми-танымдық экспедициясы, «Қазақтану» жобасының «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» мәдени-көпшілік шара аясында «Туған жер», «Бірлік» халықаралық жастар лагері және «100 жаңа есім: табысты болу жолы», «Қазақтың ұлттық ойындарын үйрену», жазғы мектеп, Достық үйлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында көрші қырғыз жастарымен «Ынтымақ шеруі», облыс делегациясы Шекара аймағындағы ынтымақтастық бойынша «Достықта жоқ шекара» жобасы аясында Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіне арналған фестивальдар мен форумдарға қатысу, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы «Өзіңді көрсет» стартабы, «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыруда көптеген іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. 


Өзге этностардың қазақ тілін меңгеруіне әдістемелік көмек көрсететін Мемлекеттік тілді дамыту бағытында ұйымдастырылып тұратын жұмыстардың да этносаралық қарым-қатынасты дамытуда өз үлесі баршылық. Мәселен, тілдерді оқыту орталығында жыл сайын қырықтан астам өзге этнос өкілдері қазақ тілін оқып, меңгеріп шықса, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері де осы мекемеден арнайы келген пән оқытушыларынан үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сауаттарын ашып, емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болып отырады. 


«Қазақтану» бағдарламасының аясында ашылған, қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінен құралған «Мәміле» тіл жанашырлары клубымен бірлескен рухани-ағартушылық жобалар жүзеге асырылып тұрады. «Мәміле» клубында өзге ұлт өкілдері қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін, өмірлік құндылықтарын зерделеу арқылы тілін үйренеді. Соңғы жылдары өңірде тұратын этностардың, мәселен, поляк, қытай, орыс, корей, татар, болгарлардың тарихи отаны болып есептелетін мемлекеттердің елшілерімен кездесу секілді шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда. 


Сонымен қатар Достық үйі мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бірлесе атқарған жұмыстары республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып келеді. Атап айтса, облыстық «77тв», «Жамбыл тв», «31телеарна», «24 kz» теларналарынан Ассамблея қызметіне арналған «Вкус философии», «Жомарт жүрек», «Мен қазақша сөйлеймін», «Достық дастарханы» хабарлары ай сайын тұрақты түрде шығып тұрады. Мекеме тарапынан атқарылған жұмыстарды насихаттау мақсатында ҚХА-ның облыстық және республикалық сайттарында, сонымен бірге қалалық Zhambylnews-те ақпараттар уақытылы жарияланып тұрады. Сондай-ақ, жергілікті облыстық және қалалық газеттерде, республикалық басылымдарға да материалдар облыстық ассамблеяға қатысты, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық бірлестіктер жөнінде барлық мақалалар, пікірлер, хабарламалар жарияланып отырады. Оған қоса «ВКонтакте», «Инстаграмм», «Фейсбук», «Твиттер» әлеуметтік желілерінің парақшаларына да маңызды іс-шаралар жайлы посттар салынып отырады. Әсіресе биылғы 2019 жыл Жастар жылы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері қатысқан ассамблеяның іс-шаралары тұрақты түрде, уақытылы желілерде жарияланып, республикалық, облыстық, қалалық деңгейде жастар тарапынан қолдау тауып отыр. 

Достық үйінің жұмыс ауқымы да, маңыздылығы да жыл сайын арта түсуде, мұнда облысқа танымал ғалымдар мен шығармашылық тұлғалар шақырылып, әртүрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, экспедиция, семинар, байқау, кездесу, форум, фестивальдар өткізу игі дәстүрге айналған. Екінші, үшінші рет көршілес Қырғыз, Өзбек елдерімен өткізілген шекара аймақтық ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы «Достықта жоқ шекара» фестиваль аясындағы іс-шаралардың басты тұғырнамасы бейбітшілік пен тұрақтылық, жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру идеялары болып табылады. Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламаларында көрсетілген ұлт бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының XХVІ сессиясында қойылған жаңа міндеттерді облыс аумағында жүзеге асыру бойынша Достық үйі – Қоғамдық келісім мекемесінің үлесі мен атқарар міндеті өз деңгейінде атқарылуда. 


Бүгінгі таңда облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының екі кафедрасы бар. Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті базасында 2015 жылдың 10 тамызында «Философия және толеранттылық» кафедрасы құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының мақсаты - этносаралық қатынастар саласына қатысты пәндерді оқытудың теориялық және әдіснамалық жақтарын қамтамасыз ету, сонымен бірге, негізгі және қолданбалы этносаяси зерттеулерді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету болып табылады. 


Ағымдағы жылдың ақпанында Достық үйінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Орталық Жамбыл облысы ҚХА мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында құрылды. Орталықты ашудағы басты мақсат – қарт адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға және өмір сүру сапасына ықпал ету, қоғамда ҰОС ардагерлері мен мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне, егде жастағы азматтарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. 


Жыл сайын Достық үйі – Қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен жылдық жоспар бойынша және жоспардан тыс үш мыңға жуық әртүрлі форматта іс-шаралар өткізіледі. Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер баған десек, осы тұрғыда өңірдегі әрбір этнос, әр этномәдени орталықтар өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік ала отырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға белсенді қатысу арқылы Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы астына топтасып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: