«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері тарихи жерлермен танысты

16 Тамыз 2018, 05:46 2776

Ағымдағы жылдың 4 тамызында Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылында орналасқан Сығанақ қалашығында Түркістан облысынан қабылданған «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы шеңберіндегі эстафета аймағымызда  жалғасын тапты. Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабы мүшелерінің қатысуымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасалып, Достық үйінде «Қызылорда облысындағы тарихи ескерткіштер» тақырыбында танымдық-лекция тыңдалды. 12-13 тамызда Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тарихи жерлерімен танысумен аяқталды.

Қазалы ауданындағы Өркенді аулының жанында сақталған ІХ-ХІ ғ.ғ. оғыз мемлекетінің саяси-рухани астанасы — ескі Жанкент қалашығы тарихи-танымдық экспедицияның бастауы болды. Жанкент – Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар. Қалашықта зерттеу жүргізіп жатқан археолог-ғалымдар экспедиция мүшелеріне қаланың тарихы жайлы жаңаша ақпараттармен бөлісті.

Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабы мүшелері Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы мұрайжаймен танысты. Жастарды аталған мұражаймен таныстырудың мақсаты ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының көшбасшысы болып, 23 жыл өмір сүрсе де қоғамға елеулі еңбегін сіңірген Ғ. Мұратбаевтың өмір жолымен таныстыру және үлгі ету. Қатысушылар көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы өңірінің даңқты перзенті, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, Шығыс жастарының көшбасшысы — Ғ. Мұратбаевтың қолжазбалары мен жеке заттары және құжаттамаларымен танысты. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері үшін дара тұлғаның өмір тарихы мен еңбек жолы ерекше әсер етті.

Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабы  мүшелерінің соңғы аялдамасы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені. Онда қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұратын, әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсас — стела, қошқар мүсіні, оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі — Қылует, сондай-ақ, көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арналған Амфитеатр орналасқан. Экспедиция мүшелері 3 экспозициялық залдан тұратын музеймен танысып, ондағы Қорқыт өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлерді тамашалап, естелік суретке түсті.

Үстіміздегі жылдың 28-31 тамызында Алматы облысы Қарасай ауданындағы «ARMAN DALA» лагерінде «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы қорытындыланады. Аталған шараға да республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабы мүшелері қатысады.

 

 

Бөлісу: