Жаңа жылдық үздік торттар

29 Желтоқсан 2014, 05:37

Келер жылдың нышаны қой болғандықтан, Жаңа жылдық үстелге қой пішінінде жасалған үздік торттардың дайындалу тәсілдерін ұсынамыз.

Келер жылдың нышаны қой болғандықтан, Жаңа жылдық үстелге қой пішінінде жасалған үздік торттардың дайындалу тәсілдерін ұсынамыз.

 

№1 торт: 2015 жылдың қойы

Құрамы:

Балды бисквит: жұмыртқа – 5 дана, ұн – 350 г., секер – 250 г., бал – 120 г., қамыр қопсытқышы (разрыхлитель теста) - 1,5 шай қасық, ас содасы - 0,75 шай қасық.

Майлы крем: сарымай (сливочное масло) – 300 г., қойылтылған сүт (сгущенка) – ¾ банка.

Сүтті мастика: қойылтылған сүт – 20 г., құрғақ сүт – 30 г., қант ұнтағы (сахарная пудра), лимон шырыны – 1 мл. (екі-үш тамшы), тағамдық бояғыш (қара).

Қаймақтан жасалған крем: қаймақ – 400 г., қант ұнтағы – 75 г., қара өрік (чернослив) – 50 г., ром (не коньяк) - 2 ас қасық.

Дайындау тәсілі:

1. Балды бисквитке қамыр жасау. Ұнға ас содасы мен ұн қопсытқышын қосамыз.

2. Жұмыртқаға қант қосып, көпіршітеміз. Соның үстіне алдын ала жылытып алған балды қосамыз да миксермен араластырамыз.

3. Миксермен араластырып болған соң, банағы ұнды аз-аздап салып, әбден араластырамыз.

4. Мульти-пісіргіштің кастрөлін сарымаймен майлаймыз. Кастрөлге дайын қамырды салып, 60-70 минут пісіреміз. Әдбен піскен соң, ыдыстан шығарып, суытамыз.

5. Крем дайындау. Қара өрікті ұсақтап тураймыз да бетіне ром не коньяк құямыз. Бетін жауып 30 секундқа микротолқынды пешке қоямыз.

6. Қаймақты қант ұнтағымен араластырамыз да соңына қарай қаймаққа арналған қоюлататын ұнтақ қосамыз. Үстіне суытылған қара өрікті саламыз. Әбден араластырамыз.

7. Балды нанды төртке бөлеміз (жіппен). Ең астыңғы бөлігін шетке алып қоямыз, кейін одан қойдың басын жасаймыз. Қалғандарының ортасына қаймақтан жасалған крем жағамыз. Тортты 4 сағатқа тоңазытқышқа қоямыз.

8. Жұмсартылған сарымайға қоюлатылған сүт қосамыз да миксермен араластырамыз.

9. Енді тортты әшекейлейміз. Сарымайдан жасалған кремді балды нанның бетіне жұлдызша түрінде тамызып құямыз. Крем тортты түгелдей жауып тұруы керек.  

10. Қойдың басын жасауға алып қалған балды нанның бөлігін бас пішінінде кесіп, бетіне майлы кремді жағамыз. 30 минуттай тоңазытқышқа қоямыз. Тоңазытқыштан алған соң, бетіндегі кремді тегістеп шығамыз.

11. Сүтті мастика жасау. Алдымен құрғақ сүт пен қант ұнтағын араластырып, оған қоюлатылған сүт құямыз (сгущенка банкасының 2/3 бөлігі). Қолмен араластырамыз. Лимон шырынын қосамыз да қайтадан араластырамыз. Егер мастика жабысқақ болса, аздап қант ұнтағы мен құрғақ сүт қосуға болады.

12. Мастиканың үштен бір бөлігін алып қаламыз да, қалғанына қара түсті тағамдық бояғыш қосамыз. Дайын мастиканы күлше түрінде оқтаумен жаямыз да, балды нанның бетіне жабамыз. Қасықпен тегістеп шығамыз.

13. Ақ мастикадан қойдың көзін жасаймыз, оған мұрын саламыз. 

14. Дайын болған қойдың басын тортқа жапсырып, боялған мастикадан қойдың құлағы мен аяқтарын жасаймыз.

2015 жылдың қойы дайын!

№2 торт: Қозы

Құрамы:

Дайын шоколад қоспасы - 1 қорап;

шоколад - 2 дана;

Зефир - 1 қорап;

Қант ұнтағы - 50 г.,

Шоколадты кәмпиттер - 1 қорап (әшекейлеуге).

Дайын шоколад қоспасын екі ыдысқа бөліп саламыз. Үлкені қойдың денесін, ал кішісіне басын жасауға арналған.

Екі бөлек пісіреміз де суытып аламыз.

Жайпақ табаны жұқалтырмен (фольга) жауып, оған шоколадты қойдың денесін саламыз. Үстін тегістей зефирмен жауып шығамыз да бетіне қант ұнтағын себеміз. Суыту үшін тоңазытқышқа қоямыз. 

Қойдың басын нутелламен жауып шығамыз. Шоколадты кәмпиттерден көзін, мұрнын жасаймыз. 

шоколадтан қойдың аяқтарын жасауға болады. 

Торт дайын.

№3 торт: Тәтті қошақандар

Құрамы:

Шоколадты кекс - 10 дана;

Майлы крем - 500 г (миксермен араластырылған қаймақ, сары май және қант).;

Зефир - 1 қорап (ұсақ);

Кәмпиттер мен желе - әшекейлеу үшін.

Дайын кекстерге майлы крем жағамыз.

Кремнің бетіне ұсақ зефирлер жапсырамыз. 

Желе кәмпиттерді қойдың басы ретінде орнатамыз да оған көз жасаймыз. 

Дастарханға қоймас бұрын тоңазытқышта ұстаймыз. 

№4 торт: Жаңа жылдық қошқар

Құрамы:

Басы: ақ және қара шоколад, кокос ұнтағы (стружка)

Денесі: Печенье - 400 г.;

Қант - 150 г.;

Қаймақ - 500 г.;

Кофе - 2 шай қасық.

Дайындау тәсілі:

1. Крем дайындау. Қаймақ пен қанты біркелкі қою қоспа болғанша араластырамыз. Миксермен араластырсаңыз тіпті жақсы. 

2. Бөлек ыдысқа кофе қайнатып, аздап қант қосамыз. Кофені суытамыз. 

3. Алдын ала тортқа арналған тәрелке дайындап қоямыз. Жылы кофеге печеньені тез-тез батырып, тәрелкеге қой пішініне келтіріп саламыз. Егер печенье борқылдақ болса, ол кофеге тез еріп, сынып қалады, сондықтақ қатты печенье болған жақсы. 

4. Печеньелерді бір қабат етіп тізген соң бетін креммен жауып шығамыз. Печеньелер біткенше осылай қабат-қабат үйілген торт жасаймыз. Кремді барынша мол етіп жағамыз. 

5. Соңынан бетін тегіс етіп креммен жабамыз да, үгітілген жаңғақпен сеуіп шығамыз. Екі сағатқа тоңазытқышқа қоямыз. 

6. Басын жасау. Фольгадан қойдың басы пішіндес форма жасаймыз. Ақ шоколадты ерітіп, аздап суыған соң фольгадан жасалған дайын формаға құямыз. Қара шоколадтан қойдың көзі мен мұрнын жасаймыз. 

7. Тортты тоңазытқыштан алып, оған қойдың шоколадты басын жапсырамыз. 

№5 торт: Бұйра бас

Құрамы:

Бисквит: жұмыртқа – 5 дана, ұн – 350 г., секер – 250 г., бал – 120 г., қамыр қопсытқышы (разрыхлитель теста) - 1,5 шай қасық, ас содасы - 0,75 шай қасық).

Крем: Қант - 1 стақан; ұн - 1/4 стақан; сүт - 1 стақан, сары май (сливочное масло) - 220 г., ванильді қант - 1 шай қасық. 

Дайындау тәсілі:

1. Бискивтті №1 тортта көрсетілгендей етіп пісіреміз. 

2. Крем дайындау. Эмальды ыдысқа сүт құйып, бәсең отқа қоямыз. Оған ұн сеуіп, үздіксіз араластырып тұрамыз. Аздап қайнауға дейін жеткіземіз де, біраз суыған соң сары май, қант және ванильді қант қосамыз. Қоспаны 10-12 минуттай миксермен араластырамыз.

3. Бисквитті 3 бөлікке бөлеміз (жіппен), жұқалап креммен жағып шығамыз. 

4. Бисквиттің бетін тегістеу үшін жұқалап крем жағамыз да, екінші ретінде  жұлдызша түрінде тамызып құямыз. Крем тортты түгелдей жауып тұруы керек. 

5. Алдыңғы торттарда көрсетілгендей етіп көзі мен мұрнын саламыз. Торт дайын.Астарыңыз дәмді болсын!

Суреттер www.pechenuka.ruwww.povar.ru сайттарынан алынды.

Бөлісу: