Жаңаөзенде алғаш рет KWF каратэ-до кекушинкайдан Азия чемпионаты өтті

26 Қыркүйек 2022, 22:59 1234

Жаңаөзенде Рахмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде KWF каратэ-до кекушинкайдан II Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды El.kz. 

Азия чемпионатының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, халықаралық жалпы стильдегі каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов, Польшадан арнайы келген KWF халықаралық федерациясының бас хатшысы, қара белбеу  9-шы Дан иегері Анджей Древняк, төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, "Ақ жол" партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Матаев қатысты. 

Өңір басшысы қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. 

 Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Жаңаөзен қаласында алғаш рет өткізіліп отырған KWF каратэ-до кекушинкайдан Азия чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Азия чемпионатын ұйымдастырушылар - каратэ-до кекушинкай Федерациясына және іс-шараға қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымды білдіргім келеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спорта дамытуға ерекше назар аудару, спортты халық арасында танымал ету, балалар мен жастарды спорт секцияларына тарту бойынша нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық жарыстар Жаңаөзенде алғаш рет өтуде. Бұл іс-шараның еліміз, өңіріміз, қаламыз үшін маңызы зор. Облыста, ауданда және қалада осындай маңызды ірі жарыстар өткізу халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде спорттың дамуына үлкен үлес қосады. Осы чемпионатқа қатысатын спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді Нұрлан Ноғаев.

Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы халқының саны 161 487 мың адамды құрайды, оның ішінде тұрақты түрде спортпен 44962 адам шұғылданады. Жаңаөзен қаласында 18 спорт нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында демеушілердің қолдауымен ангарлық үлгідегі 6 көпфункционалды спорт залының және 2 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. 

Айта кету керек, Жаңаөзен қаласында каратэ-до кекушинкай үйірмесі 2007 жылы ашылып, қазіргі таңда үйірмеде 400-ден аса спортшыны 5 жаттықтырушы жаттықтыруда. Осы уақытқа дейін 159 - разрядты спортшы, 50 - Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 10 - Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2 - халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. Әсіресе, каратэ-до кекушинкайдан 2013 жылы Өмірзақ Бек және Жәумітбаев Мұрат Баку қаласында өткен әлем чемпионатында "Әлем чемпиондары" атанса, Аманқан Қыдыржан екі дүркін "Әлем чемпионы" атанды.  

Бүгінгі намысты додаға Азияның 8 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Ресей және Қазақстан бар.

- Біз Мәскеуден келдік. Біз осы елге түрлі жиындарға жиі келеміз, қазақстандық спортшылар да біздің іс-шараларымызға жиі қатысады. Командамызда 12 спортшы бар. Бұл жартылай финалға шыққан әртүрлі салмақ дәрежесіндегі спортшылар. Жарыс бүгін кімнің мықты екенін анықтайды. Әлемдік деңгейде біздің басты қарсыласымыз - Қазақстан. Бірнеше жыл бұрын Азия чемпионаты Астанада өтті. Ақтық жекпе-жекте 14 санаттың 12-сінде Ресей мен Қазақстан командалары кездесті. Бұл көрсеткіш. Бүгінгі чемпионаттың ауқымы кең. Бізді қала халқының, жанкүйерлердің жылы қарсы алғаны қуантады, - деді халықаралық каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов. 

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан спортшылары, екінші орынды Сауд Арабиясы иеленді, командалық есепте 3 орынды Қырғызстан мен Тәжікстан өзара бөлісті.

Бөлісу: