Жаңа медиациялық орталық ашылды

14 Наурыз 2018, 03:40 1737

2015 жылғы Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы медиация саласын маңызды бағыттардың бірі ретінде дамытуда. 2016 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен Шығыс Қазақстан облыстық соты, әділет басқармасы, ішкі істер департаменті, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасымен сонымен қатар «Шаңырақ» медиация орталығы, «Медиаторлар Ұлттық Палатасы» РҚБ, «Медиация және құқық «Балама» ҚБ ШҚ орталығы, адвокаттар алқасы арасында  меморандум бекітілген болатын.

Қазіргі уақытта Достық үйінде медиация кабинеті белсенді жұмыс атқаруда. Бұл кабинетте бекітілген кесте бойынша, кәсіби медиаторлар және отставкадағы судьялар қала тұрғындарын қабылдайды. Азаматтардың өтініштерін тіркеу бойынша журнал жүргізіледі. Соңғы ақпараттарға сүйенсек 2017 жыл көлемінде 308 шағым осы журналға тіркелген.

Ал, Елбасының кезекті жолдауындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына өз үлесін қосу мақсатында, Достық үйі еліміздегі тұңғыш «Виртуалды медиация кабинетін» ойлап шығарды. Қазіргі уақытта осы электронды медиация кабинеті тұрғындардың мәселелерін шешумен қатар, күрделі сұрақтарына кәсіби медиаторлар көмегімен өз жауаптарын табуда.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы медиация саласын дамытуда алдыңғылардың қатарында. Осыған орай бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы және Жоғарғы сот арасындағы меморандумға сәйкес 2018 жылдың 14 наурызы күні  Достық үйінің қабырғасында  «Дауларды сотқа дейін реттеу және татуластыру рәсімін жасау орталығы» өз жұмысын бастап кетті. Орталықтың ашылу рәсіміне ШҚО сотының азаматтық  істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдіғалиев Дамир Әбдіғалиұлы қатысты.

Аталмыш пилоттық жоба бойынша орталық алдағы уақытта қала тұрғындарының даулы мәселелерін сотқа дейін тиімді жолмен шешуде барынша қолайлы болмақ. Яғни барлық азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер облыстық және қалалық сотының қабырғасында ғана емес, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында кәсіби медиаторлары және судьялармен  қаралатын болады.

Бөлісу: