Ж.Түймебаев Жібек жолы феноменін таныту үшін университеттерде ЮНЕСКО кафедраларын ашуды ұсынды

6 Желтоқсан 2019, 11:26 15484

Бүгін Алматы қаласында «Ұлы Жібек жолы: Орта ғасырлардан біздің кезеңге дейін мәдениетті жақындастыру» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов, ҚХА-ның Достық елшісі, Франция президентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Туар-Оборон Малгожата, сондай-ақ, ғалымдар, саясаткерлер, халықаралық сарапшылар, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел басында сондай-ақ, Франция, Чехия секілді батыс Еуропа елдерінен келген сарапшылар Жібек жолының бойындағы қазіргі заманауи қалалардың арасындағы байланыс, ынтымақтастық туралы өз ойлары мен сараптарын ортаға салды. Ал қазақстандық тарихшы Б.Нұғман Қазақстанның Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалары туралы тың мағлұматтармен бөлісті.


«Ұлы Жібек жолы – біздің тарихта орын алған үлкен құбылыс. Ол ұлан-ғайыр аумақта орналасқан мемлекеттер мен халықтардың экономикалық, мәдени ынтымақтастықтың дамуына орасан зор ықпал еткені белгілі. Ол қазіргі заманда да халықтардың тығыз байланысына себеп болып отыр. Сонымен қатар өткенге тағзым, тарихты зерттеу – кемел келешектің, рухани жаңғырудың негізі», - деді бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.

«Ұлы Жібек жолын әлемдік мәдениет пен экономикалық таңғажайып деп атайды. Ол 1,5 мың жыл қызмет етті, және керуен жолының ұзындығы 7 мың километрге дейін созылып жатты. Жібек жолының бойында жермен жексен болған да, жаңадан бой көтерген де қалалар болды. Оның бір тармағы Қазақстан аймағын басып өтті», - деген Жансейіт Қансейітұлы мұндай шаралардың бұл саладағы зерттеулерді тереңдетіп, Ұлы Жібек бойындағы елдер арасындағы мәдени байланысты нығайта түсетіндігіне сенімділік білдірді.


«Өткенді білмей болашақты құру мүмкін емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеясы да осыған саяды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Жібек жолын Ұлы даланың жеті қырының бірі ретінде белгілеп бергенін айтқым келеді. Ол өзінің бағдарламалық мақаласында Қазақстанның Еуразия материгінің нақ ортасында орналасуы ежелгі уақыттан транзит «дәлізінің» қалыптасуына ықпал етті деген болатын. Ұлы Жібек жолы аймақ халқының экономикалық және мәдени байланысын дамытуда үлкен рөл атқарғаны белгілі. Ол технология мен инновацияның, оның ішінде өнердің, діннің, технологияның таратылуының жолсерігі болды. Ұлы Жібек жолының арқасында аймақтарда сауда және өндіріс орталықтары қалыптасты. Мәселен, Қазақстанда сол кезеңдерде Сайрам, Отырар, Тараз, Құлан, Түркістан, Талғар, Қаскелең, Алматы, Сарайшық және өзге де қалалар жедел дамыды. Мұндай транзитті жолдардың біздің елдер арасында сауда және байланыс орнатуда маңызы жоғары болды. Қазіргі уақытта бұл магистралды жаңа технологиялық және экономикалық тұрғыда жаңарту идеясының қайта-қайта айтылуы да кездейсоқтық емес. Бұл тұрғыда Транссібір теміржол магистралінің құрылысын, Қытай - Батыс Еуропа көлік трассасының жаңғыртылуын, «Бір белдеу – бір жол» қытай стратегиялық бағдарламасын айтуға болады», - деген Жансейіт Түймебаев Ұлы Жібек жолындағы мәдениетаралық диалогтың дамуына маңыз артты. Қазақстанда бүгінде 100 этнос пен 17 конфессия тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүруде. Ұлттық саясаттың өзегі 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. ҚХА бірнеше жылдан бері «Жібек жолы бойындағы әңгімелесу» диалогын жүргізіп келеді. Жыл сайын бұл шараға Орта Азия аумағынан зиялы қауым, халықаралық сарапшылар, мәдениеттанушылар, ақындар, тарихшылар, мемлекеттік орган өкілдері тұрақты қатысады.


«Жібек жолының халықтарды бір-бірімен жақындастырудағы тарихи рөлінің маңыздылығын түсіндіруде халықтық дипломатияның мүмкіндігін, азаматтық қоғам институттарының, ғалымдардың интеллектуалдық әлеуетін пайдалануды ұсынамын. Ұлы Жібек жолы феноменін зерттеуді университеттерде ЮНЕСКО және Ассамблея кафедраларын ашу арқылы да насихаттауға болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: