Ж.Түймебаев: Орталық Азия аймағы – алып нарық!

15 Қараша 2019, 15:38 2121

Қазақстан халқы Ассамблеясы – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың Өзбекстанға сапары жалғасуда. Қазақстандық делегация бүгін Ташкент қаласында ұйымдастырылған «Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз» халықаралық конференцияның жұмысына қатысты.

Аталмыш шараға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай мемлекеттерінің, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның өкілдері қатысты. Конференцияда Орталық Азия мемлекеттерінде аймақтық ынтымақтастықты нығайтудағы мәдени-гуманитарлық байланыстың рөлі, аймақтық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ұлтаралық келісім принциптерін бекіту жөніндегі басымдыққа ие міндеттер, діни толеранттылық принциптерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Кеңесте қазақстандық тараптың мүддесін таныстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, тәуелсіз Қазақстанның әу бастан көршілерімен, әсіресе тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы ортақ Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылып, сол жолдан ауытқымай келе жатқанын айтты.

«Қазақстан Республикасы үшін «Орталық Азия» деп аталатын ұлан-ғайыр аумақта орналасқан бес бауырлас мемлекеттің дамуы, ынтымақты тірлігі қымбат. Сондықтан, тамыры мен тарихы ортақ халықтардың интеграциясына қатысты маңызды мәселелер қаралатын мұндай жиындарды өткізудің пайдасы зор. Қазақ елі – бағзы замандардан тату көршілік пен бірлік қағидатын ұстанған ел», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі Орталық Азия аймағында ықпалдастық пен ынтымақтастық үдерістерінің артуына жанашыр болып келді. Оның көзқарасы мен ұстанымы ортақ тарихи-мәдени мұра мен өзара тиімді экономикалық мүдделер негізінде теңестірілген интеграция стратегиясын қалыптастырды. «Орталық Азия мемлекеттерінің шикізат қоры, энергетикалық, еңбек ресурсы қомақты, кадрлық әлеуеті зор. Оның тұрғын саны 75 миллион адамға жететін алып нарық екенін ұмытпауымыз керек. Аймақ мемлекеттерінің біртұтас экономикалық кеңістік құру, территориялық тұтастықты, тәртіпті сақтау, азаматтарды бейбітшілікпен және ұлтаралық келісіммен қамтамасыз ету туралы ортақ мүддесі бар. Оның үстіне, аймақта тек бірлесе, келісе отырып қана шешімін табуға болатын мәселелер де жоқ емес. Бұл су, қауіпсіздіктен бастап, көші-қонға дейін жалғасып жатыр», - деген Жансейіт Қансейітұлы, осы орайда 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық Азияның Мемлекет басшыларының консультативті кеңесін есіне алды. Аталмыш кеңес Орталық Азияны ортақ мәдени-өркениет кеңістігі деп жариялаған болатын. «Интеграцияның тиімділігін мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту арқылы арттыруға болады. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы өткізілді, ал биылғы жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жарияланды. Бұл мәдени байланыстың қазақ-өзбек достығының белгісі ретінде маңыздылығы жоғары болды», - дейді Ж.Түймебаев.

Жансейіт Қансейітұлы Орталық Азия мемлекеттерінің әрқайсысының этносаралық келісімді қамтамасыз етудің өзіндік үлгісін қалыптастырғанын айтты. Ел мен елді байланыстыратын алтын көпір де осы - халықтың бір-бірімен аралас-құралас өмір сүруі. Мәселен, Қазақстанды бүгінгі таңда 600 мыңға жуық өзбек этносы мекен етеді. Сол секілді мұнда тұратын қырғыздардың саны 40 мыңға жетсе, тәжіктердің саны 48 мыңнан, түркімендердің саны 10 мыңнан асып жығылады екен. «Біз халықты бөліп-жармаймыз, олардың барлығы да біздің азаматтарымыз, Қазақстанның тұтас халқы. Олар елдің экономикалық, әлеуметтік, ғылыми және мәдени дамуына белсенді атсалысуда. Мұның барлығы біздің мемлекеттеріміздің халқының тарихи бірлігінің беріктігін аңғартады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, конференция соңында қатысушыларға «Ўрта Осиѐ халқлари мутафаккирлари» («Орталық Азия халықтарының ойшылдары») кітабы таныстырылды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: