Ж.Түймебаев «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» челленджін жариялады

11 Желтоқсан 2019, 18:27 2338

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» челленджін жариялады.


Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы Даланың Ұлтаралық тілі» форумында ҚХА Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Жансейіт Қансейітұлы бұл челленджге еліміздің барлық облыстары мен қалаларындағы өзге ұлт өкілдері үн қосады деген сенімділік білдірді. «Біздің алдымызға мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру туралы міндет қойылды. «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» челленджінің әр облыста, қалада қолдау тауып, оған өңірлердегі барлық этномәдени орталықтардың өкілдері белсене қатысады деп ойлаймын», - деді Ж.Түймебаев.


Жансейіт Қансейітұлы аталмыш челленджі Алматы қаласының ҚХА-на және қалалық этномәдени ұйымдарға жолдайтынын айтты. Республикалық «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджін түрлі ұлттардың жастары форумға қатысушылармен бірге «Атамекен» әнімен бастады. Айта кету керек, челленджге қатысушылар қазақ тілінде өлең оқып немесе ән орындайтын болады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: