Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Грузия, Литва және ТМД елдері дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.
Кездесуге Беларусь Республикасының, Ресей Федерациясының, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия мемлекеттерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы үшінші Хатшысы қатысты.
Сөз басында Хатшылық меңгерушісі тарихи оқиға – Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың ант беру рәсімі өткенімен құттықтай келе, бұл елдердің екіжақты қарым-қатынастары аясындағы, соның ішінде халық дипломатиясын, халықтардың бірлігі мен келісімін нығайту мәселелері бойынша ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деген сенімін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан біздің елдеріміздің қарым-қатынасының барлық саласы бойынша ынтымақтастығын дамытуға басымдылық көрсетеді. Еуразиялық экономикалық одақ, екіжақты және көпжақты қатынастар шеңберінде барлық бағыттар бойынша ынтымақтастық белсенді дамуда», – деді Ж. Түймебав.
Сонымен қатар ол қатысушыларға Қазақстанда жүзден астам этностар тұрып жатқанын мәлімдеп, мемлекет барлық этностардың мәдени дамуына қолдау көрсететінін және бұл елдегі тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде оң нәтижелер беретінін атап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этномәдени орталықтарды біріктіреді.
2007 жылдан бастап Ассамблея конституциялық мәртебеге ие болып, Ассамблея сессиясымен сайланатын тоғыз депутатты еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына жіберу құқығына ие болды.
ҚХА қызметі ҚР Конституциясына, ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына (2008 ж.), сондай-ақ Президент Жарлығымен бекітілген ҚХА 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына негізделген. Сонымен қатар 2009 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар ол республикада 1025 этномәдени бірлестіктер, оның ішінде 29 республикалық екенін айтты. Қырық шақты Достық үйі ашылған, Алматы қаласында республикалық Достық үйі жұмыс істеп тұр.«ҚХА ҒСК құрамына отыз бір ғылым докторы, он екі ғылым кандидаты, зерттеу институттарының жетекшілері мен қоғам қайраткерлерінен тұратын елу екі оқымысты тұлғалар кіреді. Осыған орай аймақтардың барлығында ғылыми-сараптамалық топтар жасақталған. Олар ЖОО базасында жұмыс істейді. Бұл қызметке барлығы екі жүз алпыс екі адам тартылды, оның ішінде елу жеті ғылым докторы, жүз он жеті ғылым кандидаты, PhD докторы бар», деп мәлімдеді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы саясатына этникалық аз топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық стандарттар шеңберінде жалпыға танылған барлық нормалар тән.
Ж. Түймебаев сөз барысында ағымдағы жылдың 29 сәуірінде өткен ҚХА XXVII сессиясына тоқталды. Елбасының қатысуымен өткен сессияда алғаш рет Ассамблея міндеттерінің сыртқы саяси бағыты белгіленді, ол ҚР Сыртқы істер министрлігіне бірқатар тапсырмаларды жүзеге асыру міндеттеді.
Нақты атап айтқанда, бірінші, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.
Бұл тұрғыда Ассамблея аясында этномәдени бірлестіктердің бизнес-құрылымдары негізінде елімізде «Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылды. Қауымдастық үкіметтік емес ұйым болып табылады және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысады.
«Бүгінгі таңда Қауымдастық құрамына екі жүзден астам кәсіпорындар мен басқа да салалық бірлестіктер кіреді. Сонымен қатар Қауымдастық интернет-сайты бар виртуалды алаң форматындағы бизнес-инкубатор, отандық тауарларды өңдірушілер үшін В2В алаңын, Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкерлермен үздіксіз кері байланысты қамтамасыз ететін бірыңғай фронт-кеңсе, жастарды қолдауға бағытталған жобалар, Елорданың №83 мектеп-гимназиясында технопарк, аграрлық секторда алдыңғы технологияларды енгізуге мақсатталған ғылыми-инновациялық орталық құрып, жұмысын ілгерілетіп отыр», – деді Ж. Түймебаев.
ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы ҚКҚ саласында жаңа формациядағы мамандарды даярлау үшін оқу орталығын құруды жоспарлап отыр. Онда менеджерлердің жаңа жиынтығын оқыту, маркетингке, маркетингтік қызметтерге оқытылмақ. Сондай-ақ ҚХА қолдауымен «ҚР экологиялық туризмді дамыту қауымдастығы» құрылады деп күтілуде.
Хатшылық меңгерушісі сессияда берілген тапсырмалардың қатарында іскерлік байланыстарды дамыту және елге инвестиция тарту үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының шетелдік достар клубын құру екенін атап өтті.
«2018 жылдан бастап Ассамблея жанынан жаңа институт – Ассамблеяның шет елдердегі елшілері жұмыс істеуде. Бүгін Ресейде бұл құрметті атақ – Ресей Федерациясының көрнекті қоғам қайраткері Руслан Аушев, Германияның Бундестагының экс-депутаты Генрих Цертик, Аргентинаның қазақ мәдени орталығының жетекшісі Елена Вагнерге берілді.
Биылғы жылы ҚХА-ның достық елшісі патентіне көрнекті қазақстандық және ресейлік мемлекеттік қайраткер Олег Сосковец және Түркия президентінің баспасөз хатшысы, Қожа Ахмет Ясауи Университеті Кеңесінің Өкілетті мүшесі, профессор, доктор Ибрагим Калъын ие болды», – деді спикер. – Бүгін бұл міндет ұлғайтылды, ендігісі - Қазақстан халқы Ассамблеясының шетелдік достар клубын құру.
Спикердің айтуынша, бұл кәсіпкерлерге тиімді болмақ – Қазақстан этностарының тарихи Отандарынан инвестиция тарту, мүмкіндіктер аумағын кеңейту, экономикалық аймақтарға жаңа инновациялық жобаларды әкелу, ЭМБ бизнесті дамуына жағдай жасау, туризмді дамыту, ҚР заңнамаларына сәйкес сыртқы экономика қызметіне көмек көрсету, конфессиялық жобаларды талдау мен сараптауды іске асыру саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша іс-шараларды ұйымдастыру.
Сонымен қатар тағы бір тапсырма – Қазақстан халқы Ассамблеясының өкіл-кәсіпкерлерін шет елдермен екіжақты іскерлік кеңестерге енгізу.
«Бұл біздің елдеріміздің бизнесінің көлденең байланысын кеңейтуге, нақты жобаларды іске асыру және жетілдіру бойынша жұмыс жағдайын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық бизнес-форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда түрлі этностардың тарихи шығу тегі елдерімен жүзеге асырылатын түрлі этностар кәсіпкерлерінің бірлескен жобаларының көрмесі өтетін болады», – деп мәлімдеді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Кездесу барысында Әзірбайжан, Өзбекстан, Белоруссия, Украина елдерінің өкілдері сөз сөйлеп, елдер арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту мақсатында өз ұсыныстарын білдірді.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.