Ж.Түймебаев: Этностар тағдырын Қазақстан халқынан бөліп қарауға болмайды

6 Желтоқсан 2019, 14:50 3806

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның күрдтер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір тағдыр» атты мерекелік фестиваль өтті. Биыл күрдтердің Қазақстан аумағында тұрып жатқанына 75 жыл толған болатын.

Аталмыш шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, Алматы қаласының мәслихатының депутаттары, ҚХА мүшелері, ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің, Қазақстанның күрдтер қауымдастығы филиалдарының өкілдері қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттауға, бауырлас халықтар арасында әріптестік, достық байланыс орнатуға бағытталған.

Күрдтер мәдениетінің күндері аясында дөңгелек үстел, кітаптар және ұлттық қолданбалы өнер көрмелері, мерекелік концерт, сондай-ақ, күрдтердің ұлттық тағамдарын жасаудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.


Фестивальдің ашылуында Қазақстан халқы Ассаблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. «Күрдтер Таяу Шығыстың ежелгі халықтарының бірі болып табылады. Қазір дүниежүзінде шамамен 50 млн. күрд өмір сүреді. Қазақстанда 46 348 мың күрд тұрады. Күрдтер Қазақстанға алғашқы жер аударылған этностардың бірі, олар Қазақстан мен Орта Азия жеріне 1944 жылдан бастап қоныстана бастады. Жаңа жерге қоныс аудару күрд халқына ауыр тиді. Қалжыраған және ашыққан адамдарды қазақ халқы қабыл алып, соңғы жапырақ нанмен бөлісті. Қазіргі таңда Қазақстанда тұрып жатқан күрдтер өздерінің дәстүрі мен мәдениетінің ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этностар өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен түсіністік саясатын қолдайды», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінде қазақстандық күрдтер басқа да ұлттармен бірге елдің экономкалық, қоғамдық-саяси, мәдени, білім, ғылым салаларында үлкен жетістіктерге жетіп, елеулі еңбек етуде.

1993 жылы «Барбанг» Қазақстан күрдтерінің аймақтық қауымдастығы құрылып, кейін ол республикалық статусқа ие болды. Ұйым филиалдары республиканың күрдтер шоғырланған барлық дерлік өңірлерінде ашылған. Қауымдастық жанында «Барбанг» би тобы, «Күрдістан» вокалды-аспапты ансамблі, «Мидия», «Бахар» фольклорлық-би топтары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ұлт тілін сақтау, насихаттау мақсатында жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. 2006 жылы Білім министрлігінің қолдауымен күрд тілінде «Zimanê kurdî» оқулығы және оқыту әдістемелігі жарық көрген болатын. Ал ҚХА-ның қолдаумен «Nûbar» әдеби-көркем, ғылыми және қоғамдық-танымдық журналы, «Жийна курд» мерзімді баспасөзі тұрақты шығып келеді.

«Қазақстандық күрдтердің қазіргі мәдениеті Қазақстанның көпұлтты халқының мәдениетінің шоқжұлдызының бір бөлігі. Оның тағдырын Қазақстан халқының тағдырынан бөліп қарауға болмайды», - деді Жансейіт Қансейітұлы.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: