Ж.Түймебаев: Елбасы мен оның отбасы қайырымдылық шараларының бастамашылары болды

28 Қараша 2019, 19:03 2688

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Қайырымдылық керуені» республикалық қайырымдылық форумы өтті.

Аймақтардан келген қоғам белсенділері мен жомарт жандарға құрмет көрсетіліп, марапат ұсынылған аталмыш форумға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, өңірлерден келген меценаттар, демеушілер, қайырымдылық ұйымдары мен қорлар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев қайырымдылық форумының дәстүрлі шараға айналғанын және оның биыл Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында ұйымдастырылуының кездейсоқтық емес екенін айтты. «Елбасы және оның отбасы Қазақстандағы қайырымдылық жасау шараларының тұңғыш бастамашылары болды. 1992 жылы ақпан айында «Бөбек» Халықаралық балалар қайырымдылық қоры, Балалар ауылдары құрылды. Елбасы жыл сайын өтетін Жаңа жылдық қайырымдылық балының бастамашысы. Тұңғыш Президент қоры мен Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры жұмысының басты бағыттарының бірі қайырымдылық жасау және әлеуметтік жобаларды қолдау болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз Төрағасының жолын үлгі етеді. Бүгінде бұл азаматтық қоғам қызметінің ең әлеуметтік маңызды бөлігі», - деген Жансейіт Қансейітұлы Елбасының басамасымен қайырымдылық туралы заңның қабылдануы бұл саладағы маңызды қадам болғанын айтты. Осы жылы бір ғана «Туған жер» жобасының аясында аймақтарға 220 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Қазақстанда барлығы 1053 қайырымдылық ұйымдары қызмет атқарады.


2019 жылы Ассамблеяның қайырымдылық күнтізбесі бекітілді. Соған сай, күнтізбедегі әр ай белгілі бір тақырыпқа арналып отырды. Нәтижесінде, 2019 жылы барлығы 11,4 мың қайырымдылық іс атқарылып, 667 мың адамға 3 млрд 816 мың теңгеге көмек көрсетілген. Арыс қаласына көмек ретінде 156 млн 297 мың теңге қаражат жиналды. Сондай-ақ, арыстықтарға 200 тонна азық-түлік және құрылыс бұйымдары жеткізілген. «Мектепке жол» акциясының негізінде Ассамблея тарапынан 46 мың оқушыға 514 млн теңгенің көмегі көрсетілді.

Сахна төрінде қайырымдылық жасауды өмірінің басты міндетіне айналдырған бүгінгі қоғамның Атымтай-Жомарттары халықтың қошеметі мен марапатына бөленді. Олар Ассамблея Кеңесі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ассамблеяның «Жомарт жан» белгісімен және Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Арыс, біз біргеміз», «Мектепке жол» акцияларының қатысушылары да марапатқа ие болды.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: