Жөргектің сәби денсаулығына зияны

30 Наурыз 2022, 11:58 7075

Ғылым мен технология қарыштаған сайын, өмір сүру жеңілдей береді. Қазір сәбилерге кигізетін бір реттік жөргек – аналар үшін таптырмайтын көмекшіге айналды. Жаялық жуып шаршамайсың. Нарықты жаулаған жөргектің сан маркасы бар. Ұлға дейсіз бе, қызға дейсіз бе түр-түрі бар. Осы жөргектерді қуана пайдаланып жүрген аналар бала үшін зияны бар ма, жоқ па ойлана бермейміз. Памперс яки жөргектер нарыққа қашан және қалай келді? Балалар үшін қаншалықты зиян? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Жөргекті кім ойлап тапты?

Алғаш рет жөргекті химия инженері Вик Миллс ойлап тапқан. Ол кішкентай немерелеріне өзі қарап, жаялық жуып-кептіруден қолы босамаған екен. Жаялық жуудан шаршаған Вик өзін осы қиыншылықтан құтқарудың амалын іздейді. Дәл сол кезде оған ылғалды сіңіру қабілеті жоғары бар бір реттік «жөргек» жасау идеясы келді. 1956 жылы басталған зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылды. Осылайша Миллстің өнертабысы жазда Далласта сынақтан өтті.


Аптап ыстықта баласына пластик ішкиім кигізу туралы ұсыныс көп ата-анаға ұнамағаны анық. Экспериментке келіскендер кейін өкініпті. Себебі балалардың терісінде бірден тітіркену пайда болған. Сәтсіз өткен алғашқы сынақтың нәтижесі Виктің жігерін құм қыла алмады. Керісінше ол жөргектің сапасын жақсартуды ойлап, қай жерден қателескенін іздеп, идеясын жетілдіре түсті. Ол тығыз пластиктен бас тартып, жұмсақ өнім пайдалануға көшті. Себебі ол қолданған жұмсақ шикізат ылғалды жақсы сіңіретініне көзі жетті. Бұған қоса ол жөргекті бекітудің екі нұсқасын ойлап тапты. Бірі түйме арқылы бекітілсе, екіншісі Velcro нұсқасы болатын. Миллс памперстерінің екінші стресс-тесті Нью-Йоркте өтті. Сынаққа қатысқан ата-аналарға түймелері бар модель көбірек ұнап, бір рет қолданылатын жаялықтардың әдеттегі қайта пайдалануға болатын памперстерден еш кем емес екенін мойындады.

Pampers брендімен шыққан тауарлардың бірінші партиясы 1961 жылы сатылымға шықты. Benton & Bowles жарнамалық агенттігінің креативті директоры Альфред Голдман бұл атауды Procter сөзінің бірінші «p» әрпін, Gamble ортасында «am» және жаялықтардың (жөргек) соңында «pers» қолданып ойлап тапты). Тағы бір нұсқа бойынша Альфред Голдман ағылшын тілінде «topamper» аударғанда еркелету, қадірлеу дегенді білдіреді деп Pampers атауын ұсыныпты.


Бір рет қолданылатын жөргектер америкалық супермаркеттер мен дүкендерде, дәріханаларда пайда бола бастады. Procter & Gamble өзінің жөргек шығаратын зауыттарының қуатын біртіндеп арттыра бастады. Сол кезеңде Kimberly-Clark Corporation (АҚШ) Huggies сауда белгісімен жөргектер желісін шығарды. Бұл өнім памперске қарағанда сапасы жақсы болды, себебі ол ылғалды жақсы сіңіретіндігімен ерекшеленді. Luvs және Huggies жөргектерінің нарыққа келуі Pampers сатылымына кері әсерін тигізіп, бренд АҚШ-тағы орнын жоғалта бастады. Десе де әлі күнге дейін әлемдік нарықтағы көшбасшылығын сақтап қалып отыр.

Жөргектің зияны

Техас Техникалық Университетінде Химия Инженерия мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған, қазіргі кезде сол мамандық бойынша аталған университетте PhD оқып жатқан отандасымыз Даулетов Ербол Абайұлы тұрмыстық қолданыстағы тіс пастасы, ыдыс-аяқтың құрамындағы зиянды қосылыстар, пайдалы азық-түлік, май түрлері, дәрумен құрамы туралы зерттеу жүргізіп жүрген маман. Ербол мырзаның жөргектер туралы да айтар ойы бар.


– Қазақта бала – бауыр етің дейтін жақсы сөз бар. Баланың ұмытылмас сәттері ата ана үшін көз қуанышы. Ата ана үшін әсіресе, баланың алғашқы жөргек киіп жүретін шағы ерекше. Жөргек демекші, балаларымыз өз бетінше қажетін өтеп үйренгенше орта есеппен 7000-ға жуық жөргек ауыстырып үлгереді екен. Балаға үздіксіз жөргек кигізу сәбидің денсаулығына кері әсер тигізері анық. Жөргектен бөлінетін зиянды химиялық қосылыстарды айтпағанда, несеп пен нәжістің ұзақ уақыт бала терісімен жанасуы, жөргек ішіндегі ауа айналымының дұрыс болмауы жақсы нәрсе емес,- дейді ол.


Ербол Абайұлының айтуынша, интернет желілерінде жүрген жөргектердің зияндылығы жайындағы бейне роликтердің шындыққа жанасатын тұстары бар.

– Бір рет қолданылатын жөргектің маңызды бөлігі болып ылғалды сіңіретін ішкі қабатын айтамыз. Бұл ылғал сіңіргіш ішкі қабат негізінен натрий полиакрилаты деп аталатын қосылыстан тұрады. Одан бөлек ішкі қабат құрамында целлюлозалы мақта (ағаш ұнтағы) болады және жөргектің эко түріне қарай бидай мен жүгері өнімдері де қосылуы мүмкін. Аталғандардың ішінде натрий полиакрилаты құрамында өндіріс кезінен қалған зиянды акрил қышқылы мен акриламид қалдықтары болуы мүмкін,- дейді Ербол мырза.

Оның айтуынша, акрил қышқылы теріні тітіркендіргіш қосылыс болса, ал акриламид тұтынған адамда қатерлі ауру тудыратыны анықталған. Бұл жерде акриламидті тұтынбасақ та ол аз мөлшерде тері арқылы сіңетіні анық. Өкінішке орай қазіргі кезде акрил қышқылы мен акриламид құрамына тексерілген жөргектер жоқтың қасы. Және айта кететіні натрий полиакрилаты тұтынушыларда токсинді шок тудырғаны себепті 80-ші жылдары тампондарда қолданылуы тыйым салынған. Токсинді шок жөргек киюшілерде анықталмағанымен бұның ұзақ уақыттық әсері әрі анық емес. Өкінішке орай барлық бір реттік жөргектерде натрий полиакрилаты болады.


Ерболдың пікірінше, целлюлозалы мақта – ағаш ұнтағы жөргектің ылғал сіңіргіштігін арттыру үшін қарапайым хлор немесе хлордың басқа қосылыстарымен ағартылады. Бұл өз кезегінде қатерлі ауру тудырушы диоксин қосылысын түзеді. Мақта құрамында мөлшері өте аз болғанымен оның мүлде болмағаны жақсырақ.

Ербол Абайұлы көптеген дамығын елдерде жөргектердегі болатын зиянды заттардың бар-жоғына және өндіру кезінде қолданылған химиялық қосылыстардың барлығын ашып айтуға заң жүзінде талап қойылмайтынын айтады. Тек жөргектердегі қорғасын қосылыстарының мөлшеріне тексерілуі міндеттеледі. Қауіпсіздік тұрғысында бұл әрине әлсіз саясат екенін алға тартады.

– Жалпы жөргектердің ішкі-сыртқы беттері, манжетасы, қыстырмасы көбінесе полипропилен немесе полиэтилен пластиктерінен жасалынады. Бұл пластиктерді жұмсарту үшін фталаттар қосылады. Жалпы фталаттар гормональды жүйеге кері әсер беруімен қатар репродуктивті жүйеде ауытқушылық тудырады. Және бұл қосылыс ер адамдарда ұрық санының азаюына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар бұл аталған пластиктер ұшқыш органикалық қосылыстар бөледі. Жеке тәжірибемізде бас ауыртатын өткір иісіне байланысты сатып алған жөргектерді кері қайтарған кез болды. Reproductive Toxicology ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сай тексерілген 4 жөргек түрінде ұшқыш органикалық қосылыстардан толуол мен ксилолдың бөлінетіні анықталған,- дейді Ербол Дәулетов.

Ерболдың айтуынша, бұл екі қосылыс репродуктивті токсиндерге жатады. Осыған байланысты адам терісінің ішінде гениталия аймағының жоғары сіңіргіштігі тағы бар. Балалары үздіксіз жөргек киетін ата-аналар ерекше мән бергені абзал. Ербол мырза сол себепті органикалық ұшқыш қосылыс бөлмейтін және фталатты қосылыстар қосылмаған жөргектерді қолдануға кеңес береді.


Ербол Абайұлы сондай-ақ ұшқыш органикалық қосылыстар – жөргек қабаттарын бір-бірімен жабыстыру мақсатында қолданылатын клейден де бөлінетінін алға тартады. Көптеген клей құрамында алкилфенол туындылары болады. Кеміргіштерге жасалған сынақтарда бұл қосылыстардың репродуктивті жүйеге және мидың дамуына кері әсері анықталған. Және клейдің формальдегидті резиналы түрі де қолданылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде рак тудырушы ұшқыш формальдегид бөледі.

–Темекі шеккеннің әрбірінде қатерлі аурудың болмайтыны секілді, зиянды жөргек киген сәбидің барлығының денсаулығында кері әсер болмауы заңдылық. Алайда зиянды затты тұтынғанның аз бөлігінің зардап шегуі сақтық жасауға белгі болмақ,- дейді кейіпкеріміз.

Биомедицина магистрі, нутрициолог дәрігер Талшын Артыққызы бір реттік жөргек аналар үшін таптырмайтын көмекші екенін айта келе, оны қолданудың ережесін сақтауға шақырады. Дәрігер ханым сәбиге жөргекті 24 сағат бойы кигізу қате екенін алға тартады.


– Балаға 3 ай толғанда үйде жөргексіз жүруге жағдай жасау керек. Ал, 6 айдан кейін онсыз да қажетін өтеуге үйретуге болады. Баланы тосу рефлексін қалыптастыра бастау керек. 1,5 жаста жөргекті мүлде кигізбеуге мүмкіндік бар. Зияны деп ер баланың репродуктивті дамуына кері әсерін айта аламын. Жұмыртқа жөргек ішінде салқын күйінен айырылуы мүмкін. Десе де негізгі спрмотогенді эпителий физиология бойынша 11-13 жаста қалыптасады. Яғни сперма түзілуіне қауіпті деп айту негізсіз. Ал водянка, тесік бітелуіне әкелуі мүмкін. Яғни, тұз жинақталуы. Сол үшін 1 жөргекті 3 сағаттан артық ұстауды құптамаймын. Әсіресе ұл баланың гигиенасын дұрыс сақтаған жөн,- дейді Талшын ханым.


Талшын Артыққызы жөргекке аллергиясы бар балалар үшін жалғыз шешім: жөргекті ауыстыру, антигистаминді дәрі, тазалық екенін айтады. Ал түрлеріне келсек барлығы бір технологиямен жасалатынын айтады. «Тек құрамы мен сіңірілуі, томпаймауы, иісі бойынша ажырата білген абзал»,- дейді дәрігер ханым.

«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бір реттік жөргек аналардың өмір сүруін жеңілдетіп, бірқатар машақаттан құтқарғанымен, зиян тұсы да барын біле жүрген абзал. Мамандар алға тартқан кеңеске назар салып, бір реттік жөргектің құрамы таза өнімнен жасалғанын таңдап, оны әрі кетсе 3 сағаттан артық ұстамау керектігін ескерген жөн.


Десе де қазіргі таңда көп рет қолдануға ыңғайлы етіп жасалған, ішіндегі жаялығы алынатын әрі таза құрамды мақтадан өндірілген жөргектер нарықта барын білеміз. Эко өнім аталып жүрген бұл жөргек түрлері жууға болатындығымен, ішіндегі жаялығы алынбалы-салынбалы болатындығымен ерекшеленеді. Шешім мен таңдауды әрбір ана өзі жасай жатар.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: