«Жәрдем» медициналық пойызы Атырау облысына жол тартты

13 Маусым 2022, 10:58 2501

«Жәрдем» медициналық пойызы Атырау облысыны 8 елдімекеніне барады.

«Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы 13 маусымнан бастап Атырау облысының шалғайдағы станциялары мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізеді, – деп хабарлайды El.kz сайты medpoezd.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

13-14 маусым Туманное, 15-16 маусым Аққыстау, 17-18 маусым Нарын, 19-20 маусым Исатай, 21-22 маусым Афанасьево, 23-24 маусым Ганюшкино, 25-26 маусым Жамансор, 27-28 маусым Мұқыр тұрғындарын таңғы 09.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін медициналық пойыздың мамандары қабылдайды.

«Шалғай ауылдарды аралап, тегін көмек көрсетіп жүрген мамандардың қатарында терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және стоматолог бар. Биыл білікті мамандардың құрамы психолог және дерматовенерологпен толықты. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылды. Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар», – деді «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Естеріңізге сала кетсек, «Жәрдем» пойызы 23 мамыр күні Алматы-2 станциясынан Маңғыстау облысына аттанды. Жобаның басты мақсаты – медициналық қызметке қолы жетпейтін шалғай аудандардың тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

«Жәрдем» медициналық пойызы 26 мамыр мен 12 маусым аралығында Маңғыстау облысынан шалғайда орналасқан 9 станцияның тұрғындарына үздік мамандардан тегін дәрігерлік кеңес ұсынып, алғашқы көмек көрсетті.

Маңғыстау облысындағы дәрігерлік тексерулердің статистикасы келесідей: дәрігерлік тексерулердің саны – 11 995. Пациенттерге пойыз мамандары консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетті. Әсіресе ЖПД/терапевт/педиатр дәрігерлеріне көп жүгінген, яғни 2008 науқас. Одан кейін урологқа 1127 науқас, офтальмологке 1099 науқас, невропатологқа 1004 науқас және хирург маманына 968 науқас келген.

Пойыз дәрігерлері барлығы 1043 ЭКГ, 1087 УДЗ және 583 флюорография процедураларын өткізді. Сонымен қатар 77 шағын хирургиялық ота жасалды, оның ішінде: тұрақты тісті жұлу (қарапайым) – 19, тұрақты тісті жұлу (күрделі) – 7, жараны дренаждау – 51.

Сондай-ақ пойыз мамандары қант диабеті, артроз және артрит, созылмалы пиелонефрит, артериялық гипертензия, омыртқаның остеохондрозы, созылмалы панкреатит және созылмалы холецистит, жатыр миомасы және жатыр мойны эрозиясы, простатит, глаукома, созылмалы бронхит және бронх демікпесі, сондай-ақ туберкулезге күдік (флюро - оң нәтиже) ауруларын анықтады.

«Медициналық пойыз дәрігерлерінің көмегімен Қарақия станциясында 4-5 жастағы балаларға сүндеттеу жүргізілді. Сондай-ақ №10 разъезде қиын жағдайға түскен сәбиге көмек көрсетті. Ауыр дәрежедегі күйік диагнозымен (тері трансплантациясы) түскен бір жарым жастағы балаға көрсетілген стационарлық емдеуден кейін пойыз дәрігерлері күрделі таңу жүргізді», – деп атап өтті Айнұр Егінбаева.

Пойыз дәрігерлері алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді, зертханалық әдістерді қолдана отырып, пациенттерді тексереді, қажет болған жағдайда шағын операцияларды жүргізеді, салалық мамандары бар емханалары жоқ шалғай ауылдардың тұрғындарына жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама береді.

Ауыл тұрғындары пандемиядан кейін тегін әрі сапалы медициналық көмек көрсететін пойызды үлкен үмітпен күткендерін жасырмады. Сондай-ақ медициналық пойыз дәрігерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.

«Осы «Жәрдем» пойызын денсаулығымызды тексерту үшін көптен күттік. Дәрігерлер бізді тексеріп, нұсқаулық беріп, өзімізге керек укол-дәрілерді жазып берді. Мамандар жіті қарап, тексеріп жатыр. Пандемияға байланысты екі-үш жылдан бері келмей қалды ғой. Маңғыстауды білесіздер, экологиялық аймақ. Сондықтан жылына алты ай сайын екі рет келсе деген тілегім бар. «Жәрдем» пойызының мамандарына алғысымыз шексіз», – деп алғыс білдірді Жетібай ауылының тұрғыны Жанар Дәулетбаева.

Медициналық пойыз алдағы уақытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарына барады.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырып отыр.

2022 жылы екі медициналық пойыздың бағыттары жалпы Қазақстан бойынша жоспарланған, бұл ретте олар шалғай аудандардың 147 станциясын қамтиды. «Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияны, ал «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін 67 станцияны аралайды.

Бөлісу: