«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

22 Мамыр 2020, 18:39 6846

Ұлттық Ұлан жауынгерлерінің Мақтааралдағы қызметі

Әлемді елеңдеткен дертті ауыздықтауда ешбір жан бей-жай қарап, қалыс қалған жоқ. Карантинмен қатарласып, көктемнің мамыражай күнінде еліміздің оңтүстік өңірлерінің бірі табиғаттың тосын сыйына тап болды. Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді-мекенді су басты. Салдарынан сол аймақтағы халық қиын жағдайда қалып, шығынға ұшырады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, төтенше жағдай кезінде шарасыз жағдайдағы халыққа жергілікті билік өкілдері, полицейлер мен құтқарушылар барынша көмек көрсетіп, зардап шеккендердің қалыпты өмірге келіп, үйлеріне оралуына жағдай жасады. Сол көптің ішінде көмекке келгендердің бірі – Ұлттық ұлан сарбаздары. Олар өз қызметімен қатар құтқару жұмыстарына белсенді араласты. Біз су тасқыны орын алған жердегі ұландықтардың қызметі туралы Ұлттық ұлан баспасөз қызметі мен төтенше жағдай мамандарынан сұрастырып білген едік.


Биылғы жылы су басқан елді-мекендегі зар еңіреп, үй-күйсіз далада қалған халықтың жан айқайы барша халықты алаңдатты. Төтенше жағдайға тап болған елді-мекеннің тұрғындары шарасыз күйде есеңгіреп қалса, диқандар мен шаруаларға су тасқынының зияны көп болды. Қиын жағдайда қалған ауыл тұрғындарының бірімен тілдескенімізде өз жағдайларымен бөлісіп, ұландықтардың көрсеткен көмегі туралы айтып берді.

Мырзакент қаласының тұрғыны өзі бірнеше жылдан бері тұратын ауылын су басып, өмір бойы жинаған мүлкі мен үй-жайының су астында қалғанын көргенде бір сәтте қиын жағдайға түсіп, есеңгіреп қалғанын жеткізді. Оның үстіне бұл қайғыға сырқаты қосылғанда, жағдайы одан сайын нашарлапты. Ауыл азаматы күнкөріс көзіне айналған егінін су басып, төрт түлігі жоғалғанын білгенде, денсаулығы күрт нашарлап, қан қысымы тым қатты жоғарылып кеткен. Қария сол қиын сәтте жанынан ұландық жауынгерлер табылмаса, өзінің қандай күй кешетіндігін көз алдына елесте алмайтындығын айтады.


– Денсаулығым нашарлаған сәтте бұл өмірде дүние байлығы емес, адамның өмірі мен халықтың бірлігі маңызды екенін түсіндім. Ауылымыз қиын кезеңдерді бастап кешіріп жатқанда маған жедел медициналық көмек көрсеткен ұлттық ұлан сарбаздарына алғысымды білдіргім келеді, – деді Мырзакент тұрғыны, ауыл ақсақалы Эдуарт Ким.

Ұлттық Ұлан баспасөз қызметінің берген мәліметінше, су тасқыны кезінде оқиға орнында бүгінгі күні өз міндеттерін атқаруға 500-ден астам әскери қызметші төтенше жағдайға тартылған болатын. Ұландық жауынгерлер осы күнге дейін төтенше оқиғаның салдарын жойып қана қоймай, әлемді жаулаған пандемия кезінде карантиндік режим мен құқықтық тәртіпті сақтау жолында қызмет етіп келеді.

Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің сарбазы, капитан Саят Саиновтан Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың мән-жайын сұрағанымызда бүгінде тасқын су орын алған елді-мекендегі жағдайдың тұрақталғанын айтты.


– Төтенше жағдай орын алған ауылдардың барлығындағы су тартылып, эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Негізінен су тасқыны кезінде ең қатты зардап шеккен Жеңіс ауылы еді. Қазіргі кезде ол елді-мекеннің жанынан жаңадан ауыл салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары да басталып кетті. Басқа да су басқан ауылдарда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Саят Саинов.

Ең алғаш су тасқыны орын алды деп хабар келіп түскенде, жедел түрде Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің сарбаздары өзге құтқару топтарымен бірге оқиға орнына аттаныпты.

– Мақтааралға барған күннен бастап, қоғамдық тәртіпті күзету үшін қызмет атқардық. Қойылған бекеттерде кезек бойынша күзетте тұрып, төтенше жағдай орнына ешкімді өткізбеуге тырыстық. 3 мамыр күні «Фирдоуси ауылын су басу қаупі бар, тасқын келе жатыр» деген хабарды естігеннен кейін, шұғыл түрде сол ауылдың көшіп жатқан тұрғындарына заттарын қауіпсіз жерге жеткізуге көмектестік, – деді Саят Саинов.


Ұлттық ұлан төтенше жағдай салдарын жою басқармасының бастығы бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде оқиға орнына 10 эвакуациялық бекет қойылғаны жөнінде айтқан болатын. Бүгінде ол бекетте баспанасыз қалған тұрғындар тұрып жатыр. Құтқару қызметінде жұмысшыларымен бірге ұландық жауынгерлер үй жануарларын қауіпсіз жерге көшірген. Су басқан ауылдар аумағына уақытша бөгеттер салынып, су тасқынына тосқауыл болу үшін құм толтырылған қаптар қойылған.

Мақтаарал ауданының әкімдігінің берген мәліметінше, бүгінгі таңда су басқан ауылдарда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Елді-мекендерге арнайы техникалар мен қызметкерлер жұмылдырылған. Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсене ат салысып жатыр екен. Кей ауылдардың тұрғындары аудандарда бекітілген бекеттерге орналасса, кейбірі уақытша туыстарында тұрып жатыр.

Сонымен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлерге Өргебас ауылында рұқсатсыз балық аулаушылар жүр деген ақпарат келген бойда ұландықтар бекеттерде тексеріс жүргізген. Олар бекеттер мен елді-мекендерге бақылау жүргізу барысында күдік тудырған автокөлікті тоқтатады. Көліктегі азаматтар жауынгерлерге өздерін «еріктіміз» деп таныстырып, жауапкершіліктен құтылмақ болады. Бірақ біраз уақыттан кейін жүргізішінің орынсыз шу шығарып, түсініксіз әрекеттерінен кейін ұландық жауынгерлер көлікте толық тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сол мезетте түн ішінде жүргендердің өтірігі ашылады. Олар көліктің жүк салатын бөлігінен ауланған балықты табады. Кейін көліктегі балықтың сирек кездесетін балық түріне жататындығы белгілі болады. Сонымен бірге көліктен резеңке қайық, қажетті құрал-жабдықтар болғаны анықталады. Әрі қарай заңсыз балық аулағандарды әскери жасақ қызметкерлері тәртіп сақшыларына тапсырады.


Сонымен бірге жауынгерлер кезекті қызмет барысында Мырзакент ауылындағы үйлердің бірінен өрт шыққанын байқайды. Ұлттық ұлан сарбаздары дер кезінде өрт сөндірушілер мен учаскелік полиция инспекторларын шақырып, қызметкерлер келгенше үй тұрғындарын өрттен оқшаулауға тырысады. Бірақ кейін үйде ешкім болмағандығы анықталады. Ал өрттің туындауына газ баллоны себеп болған көрінеді. Осылайша сарбаздар үйді өрттен аман алып қалуға өз септіктерін тигізеді. Кейінірек олар су тасқыны орын алғаннан кейін, ауылдан кетіп қалған үй иесін көршілері арқылы іздестіріп тауып, болған жағдай жөнінде ақпарат береді.

– Біз су басқан елді-мекеннің бес ауылына үш ауысым бойынша қызметке түскен болатынбыз. Күзет әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ешқандай халық наразылығы жоқ. Кейбір ауылдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдай тұрақталғаннан кейін сарбаздардың біршамасы әскери бөлімге кері қайтарылды. Бірақ оқиға орны әлі күнге дейін тұрақты бақылауда деді, – Саят Сайынов.


Мамыр айының 5-і күні сержант Бекболат Шойбеков өз бағыты бойынша ауылдарды патрульдеу барысында көшеде жүрген бірнеше адамды байқаған. Қызметкер азаматтардан карантин тәртібін сақтамағандықтарын түсіндіріп, үйлеріне қайтуын сұраған. Бірақ тәртіп бұзушылар әскери қызметкердің сөзіне құлақ аспаған. Одан кейін Бекболат Шойбеков көршілес бөлімде қызмет етіп жатқан жасақ бөліміне хабарласып, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар жөнінде хабар берген. Ақыры соңында карантин режимін бұзушылар ұсталып, олардың сол ауылдың жастары екені анықталған. Тәртіп сақшылары азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасаған.

Сонымен бірге төтенше жағдай мерзімінде 28237 әскери бөлімінің жауынгерлері Жеңіс ауылының маңынан түтіндеген көлікті байқайды. Сарбаздардың айтуынша, жүріп келе жатқан көлікті от шарпыған. Газ қондырғысымен қамтамасыз етілген көлікті ұландықтар дер кезінде тоқтатып, көліктен шыққан өртті сөндіріп үлгерген. Егер әскери қызметшілер көлікті уақытылы тоқтатып, түтінді байқамағанда темір тұлпар жанып кетіп, адам өміріне қауіп төнер еді.

Бүгінгі күнге дейін зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек көрсету мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып келеді. Төтенше жағдай орын алғалы бері ауылдардың жанында қауіпсіздік үшін қоршаулар орнатылған. Осы кезге дейін ауылдардың жанында төрт бекетте ұландық сарбаздар қырағы қызмет етіп, су астында қалған жануарлардың денесін шығарумен қатар, оны әрі қарай қауіпсіз жерлерге көму жұмыстарымен де айналысып келеді.


Ал Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қазіргі кезде су басқан елді-мекендердегі ауылдарда түгендеу жұмыстарымен арнайы топ жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын. Аудан әкімі 20 мамырдағы баспасөз қызметіне берген мәліметінде, бірнеше күн ішінде қанша үйдің бұзылып, оның орнына қаншасы салынатыны белгілі болатынын айтты. Ал қазіргі уақытта тұрғындар су басқан елді-мекендерді тазартып, реттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Алдағы уақытта тұрғындарға мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден өтемақы берілетін болады. Сол үшін  жапа шеккен елді-мекендерде тиісті құжаттар жиналып, шығын көлемі есептеліп жатыр.

Біз өз кезегімізде бейбіт күнде әскер қатарында жүрген сарбаздарымызға алғыс білдіреміз. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, Отан алдындағы борышын өтеп, өздерінің әскери антына адал жауынгерлер екенін дәлелдеді. Халқына қорған болар азаматтарымыз барда, еліміздің еңсесі әрқашан биік, туымыздың тұғыры берік болады. Ал күйзеліс пен үміт арасында жүрген Мақтаралдағы халықтың жағдай жақсарып, тасқыннан есеңгіреген жұрттың тезірек қалыпты өмірге оралуына тілектеспіз.

 

Суреттер: ( Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: