Жүгері қанты. Қант тапшы, тапқан айла осы болды

21 Шілде 2022, 05:27 3840

Бұл ретте облыс әкімі шаруаларды ынталандыру керектігін алға тартты.

Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауыты қантқа деген қажеттіліктің бір бөлігін жүгері шәрбатымен өтеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Өйткені бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте Жаркент крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 75 мың тонна жүгері сірнесін дайындайды. Алдағы уақытта қуатын екі есе ұлғайтқалы отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы бағыттағы жоба-жоспарлармен танысты. 

Мәселен, елімізде қант тұтыну көлемі 550 мың тонна болса, соның жартысы өндірістік сұраныс. Бұл қажеттіліктің негізгі бөлігін Жаркент крахмал-сірне зауыты өтеуге қауқарлы. Ол үшін жаңа желі ашып, кәсіпорынды кеңейту көзделіп отыр. Қазір зауыт жылына 120 мың тонна жүгеріні 97 процентке дейін тереңдетіп өңдеп, 28 түрлі өнім шығаруда. Кәсіпорынды кеңейту аясында 200 мың тоннаға дейін жүгері қабылдау жоспарда бар, – делінген ведомствоның хабарламасында. 

Бұл ретте облыс әкімі шаруаларды ынталандыру керектігін алға тартты. Сонымен қатар іргелес орналасқан полипропилен қап шығаратын «Универсал» кәсіпорнында болды. Онда жылына 50 млн шамасында қап шығарылады. Зауыт бүгінде тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

EL.KZ
Бөлісу: