Соңғы уақытта зейнетақы жинағындағы қаражатты медициналық мақсатта пайдалану мүмкіндігінің шектелуі қоғамда қызу талқылануда. Бұған дейін қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) артық қаржысын тіс, көз және кейбір өзге де ем-домға жұмсай алатын. Алайда енді бұл тізім айтарлықтай қысқарды. Бұл шешімнің артында қандай себептер жатыр? Сарапшылардан сұрадық.
БЖЗҚ-дан артық қаражат алу үшін азаматтың жинағы ең төменгі жеткілікті шектен (ТЖШ) асуы қажет. Бұл талап азаматтың болашақтағы зейнетақысының ең төменгі деңгейден төмен болмауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ең төменгі жеткілікті шек (ТЖШ) деген не?
ТЖШ – зейнеткердің ай сайынғы зейнетақысы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы үшін есептелетін ең аз жинақ көлемі.
Қысқаша айтқанда, ТЖШ – адамның қартайған шақтағы қаржылық қауіпсіздігін сақтау үшін шотында қалуы тиіс ең төменгі сома.
ТЖШ қалай есептеледі?
ТЖШ бірнеше негізгі көрсеткішке сүйене отырып анықталады:
Қазақстан Республикасының 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңына сәйкес:
2026 жылы ТЖШ шамамен 10%-ға өседі. Жас санаттары бойынша белгіленген шектер:
Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім зейнетақы жинағынан қаражат алу мүмкіндігін азайтып, әсіресе жастар үшін шекті межеге жетуді қиындатуы мүмкін.
Соңғы жылдары зейнетақы жинағынан ақша алу жылжымайтын мүлік нарығындағы сұранысты арттырып, тұрғын үй бағасының өсуіне ықпал еткен. Сондықтан ТЖШ-тің көтерілуі ипотека нарығына және тұрғын үйге деген сұранысқа белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.
2021 жылдан бері азаматтарға зейнетақы жинағын:
Соңғы айларда стоматология және офтальмология қызметтеріне зейнетақы қаражатын пайдалану шектелді. Ресми деректерге сәйкес, 200 млрд теңгеден астам қаржы жалған медициналық құжаттар арқылы мақсатсыз жұмсалған. Осыған байланысты мемлекет алаяқтықтың алдын алу және қаржының ашықтығын арттыру үшін шектеу енгізуге мәжбүр болды.
Тәуелсіз сарапшы Рүстем Тоқтаров ҚР заңнамасына енгізілген өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан азаматтарына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жиналған қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және медициналық қызметтерге жұмсауға мүмкіндік берілген болатын. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік әлеуетті арттыруға бағытталған оң бастамаларының бірі еді.
Алайда сарапшының айтуынша, бұл мүмкіндікті азаматтардың бір бөлігі теріс пайдаланған. Құқық қорғау органдары заңсыз әрекеттерді анықтап, қоғамда үлкен резонанс тудырған жағдайлар тіркелген. Соның салдарынан мемлекеттік органдар аталған бағыттағы қолдау тетіктерін қайта қарауға мәжбүр болды.
Нәтижесінде қазіргі заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Түпкі мақсат – азаматтардың БЖЗҚ қаражатын пайдалану аясын шектеу, оның ішінде медициналық қызметтердің кейбір рұқсат етілген түрлерін қысқарту, – дейді Рүстем Тоқтаров.
Сарапшы бұл шараларды мемлекеттік қолдау тетіктерін теріс пайдаланған жағдайлармен байланыстырады. Оның айтуынша, аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және басқа да заңбұзушылықтар анықталуда.
Осы істер аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдар ведомствоаралық талдау жүргізіп, азаматтардың бұл тетіктерді алдағы уақытта адал әрі заңды түрде пайдалануына мүмкіндік беретін жаңа жүйе әзірленіп жатыр. Менің ойымша, бұл әрекеттер дұрыс, – дейді сарапшы.
Рүстем Тоқтаровтың пікірінше, болашақта БЖЗҚ қаражатын пайдалануды бақылаудың тиімді жолдарының бірі – цифрлық теңге тетігін енгізу.
Қазіргі таңда цифрлық теңге пилоттық режимде тестіленіп жатыр. Бұл қаражаттың мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер БЖЗҚ қаражатын цифрлық теңге арқылы реттейтін болсақ, қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалғанын анық әрі ашық бақылауға болады, – деп атап өтті ол.
Қаржыгер Арай Мұратқызы зейнетақы жинағындағы ең төменгі жеткілікті шектен асатын қаражатты кез келген Қазақстан азаматы тұрғын үй мақсаттарына пайдалана алатынын айтты.
Оның сөзінше, БЖЗҚ-дағы жинақты бірнеше бағытта қолдануға мүмкіндік бар.
Егер азамат тұрғын үйді қолма-қол ақшамен сатып алатын болса, БЖЗҚ қаражатын пайдалануға болады. Сонымен қатар бұл қаражатты ипотекаға бастапқы жарна ретінде қолдануға, депозитке аударып, алты жылға дейін баспана рәсімдеуге мүмкіндік бар. Жалпы алғанда, зейнетақы жинағын төрт негізгі мақсатта пайдалануға болады. Оның төртіншісі егер ипотека рәсімделген болса, ай сайынғы төлемді негізгі қарызға бағыттап, пайыздық жүктемені азайту, – деді сарапшы.