Зейнетақы жинағын ем-шараға пайдалануға тыйым салынды

Зейнетақы жинағын ем-шараға пайдалануға тыйым салынды

"Отбасы банк" Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы көз емдеу қызметтеріне қатысты өтініш қабылдау 4 желтоқсаннан бастап тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Банк мәліметінше, осы күнге дейін жолданған өтініштердің барлығы қолданыстағы рәсімге сәйкес қарастырылады. Ал жаңа өтініштер қабылданбайды.

Мұндай шешім Денсаулық сақтау министрлігінің зейнетақы жинағын емделуге пайдалану қағидаларына енгізген өзгерістерімен байланысты. 3 желтоқсанда жарияланған құжатқа сәйкес, енді БЖЗҚ қаражатын стоматологиялық қызметтерге де, офтальмологияға да бағыттауға рұқсат жоқ.

Қазіргі уақытта банктің қарауында офтальмология бағыты бойынша жалпы көлемі 13,3 млрд теңгені құрайтын 15 808 өтініш бар. Оның ішінде: 5131 өтініш (4,6 млрд теңге) тексеріс үстінде. Ал, 10 677 өтініш (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжаттар сұралған.

Стоматологияға шектеу қойылғаннан кейін азаматтардың көз емдеу қызметіне жүгінуі күрт артқаны байқалады. 15 қыркүйекке дейін айына орта есеппен 174 өтініш мақұлданатын. Шектеулерден кейін бұл көрсеткіш 7 есеге өсіп, айына 1 264 өтінішке жеткен.

Банк кейбір күмәнді фактілерді де анықтағанын айтты.
Мәселен, әртүрлі клиент бір клиникамен келісім жасағанымен, көрсетілген мекенжайлар әр қалада орналасқан болып шыққан. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай медициналық орталықтардың жоқ екені анықталған.