Қазақстандық қоғамдық даму институты елдегі әлеуметтік-экономикалық көңіл-күй мен азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін бағалауға арналған әлеуметтанулық сауалнама жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, азаматтардың ел мен жергілікті аймағының экономикалық жағдайына берген бағасы ұқсас. Олардың орта есеппен 62%-дан астамы жағдайды тұрақты әрі қолайлы деп бағалайды. Дегенмен халықтың белгілі бір бөлігі экономикалық ахуалды шиеленісті, тіпті дағдарыс жағдайында деп сипаттаған.
Сонымен қатар қазақстандықтардың 84%-дан астамының өміріне қандай да бір деңгейде көңілі толады. Көпшілігі белгілі бір дәрежеде жақсы өмір сүре бастаған немесе олардың өмірі бұрынғысынша қалған. Азаматтардың 56%-дан астамы бұл мәселеге оптимистік көзқараспен қарайды, яғни бір жылдан кейін өмірінің жақсыратынына сенеді.
Сауалнама барысында азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі сұралды. Респонденттер сенім рейтингісінде алдымен Президентті атап өтті. Олар белгілеген «Сөзсіз сенемін» және «Сенемін» жауаптарының жиынтығы 85,9%-ды құраған. Мемлекет басшысына деген сенімнің жоғарылығы елдегі түрлі бағыттағы іс-шараларға халықтың қолдау білдіретінін көрсетеді.
Айта кетейік, зерттеу кезінде ақпарат жинау үшін «face-to-face» сұхбаты арқылы халыққа жаппай сауалнама жүргізу әдісі қолданылды. Сауалнама жынысы, жасы, өңірі және тұрғылықты жері бойынша Қазақстанның ересек тұрғындарын (18 жастан асқан) қамтитын ұлттық іріктеу негізінде жүргізілді. Респонденттердің саны – 2400 азамат.
Әлеуметтанулық зерттеу аумағы Қазақстанның барлық өңірін: республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларын, 17 облыс орталығын, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді қамтыды.