Ақтөбеден шыққан 25 жастағы жас шебер Салтанат Қайырова – бүгінгі зергерлікті жаңа қырынан көрсетіп жүрген өнер иелерінің бірі. Ол өнерге бала күнінде келсе, кәсіби жолын археология институтында бастаған. Көне жәдігерлердің формасын зерттеу оны зергерлікке әкеліп, жеке стилін қалыптастырды. Бүгінде оның жұмыстары табиғи минимализмге, тарихи формаларға және күмістің өзіне тән энергиясына негізделеді. Біз Салтанаттан шығармашылық жолы, жеке қолтаңбасы, алғашқы бұйымдары, жастардың талғамы және авторлық әшекейдің құндылығы туралы сұрадық.
– Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– Бала күнімнен өнерге жақын болып өстім. Үйде төрт қызбыз, мен – кенжесімін. Сондықтан бәрінің мейірімі, қамқорлығы, шығармашылыққа деген ықпалы маған тікелей өтті. Әпкелерімнің әрқайсысы бір-біріне көмектесіп, үй тапсырмасын бірге жасайтын кезеңдерде мен де олардың жанында отырып сурет салатынмын. Жазуды білмей тұрсам да, суретке деген қызығушылығым ерекше болды. Сол ерте басталған әуестік кейін мамандық таңдауыма дейін жетелеп, шығармашылық ортаға сіңісуіме себеп болды.
– Отбасыңыз шығармашылыққа бет бұруыңызға қалай әсер етті?
– Үйдің кенжесі болғандықтан, мен мектепке әпкелерімнен кейін бардым. Ол кезде жазу-сызуды білмеймін, бірақ сурет салуға деген ынтам ерекше еді. Үлкен әпкем сабақтарын аяқтаған соң, менімен бірге отырып сурет салатын. Сол сәттер менің болашақ мамандығымды анықтап бергендей. Әпкемнің сол қарапайым әрекеті – менің шығармашылыққа келуімнің алғашқы себебі. Ең алғашқы шабыт көзім – сол кісі.
– Мектеп кезіндегі шығармашылыққа қатысты алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?
– Мектепте бәрі менің суретке жақын екенімді біліп жүретін. Қоңырауда басқа балалар ойнап жүргенде мен үзілісті сурет салумен өткізетінмін. Сол әуестік пен қызығушылық мені Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығына алып келді. Оқуға түскелі өзімнің нағыз шығармашылық ортада жүргенімді анық сезіндім. Студент кезден-ақ қабырғаға сурет салуға, шағын картиналар жасауға тапсырыс алып жүрдім. Бұл тәжірибелер менің көзқарасымды кеңейтіп, кейінгі кәсібіме үлкен әсер етті.
– Археология институтында жұмыс істеуіңіз зергерлікке әсер етті ме?
– Әрине. 2019 жылдан бастап Марғұлан атындағы археология институтының Ақтөбедегі филиалында суретші болып жұмыс істедім. Бұл – менің зергерлікке алып келген алғашқы қадамым. Археология бөлімінде табылған бұйымдардың суретін, сызбасын салу міндетім болды. Жәдігерлерді қолыма алып қарағанда, оларды бұрын қандай шеберлер жасағанын, қандай құрал қолданғанын, бұл заттың тарихта қандай рөл атқарғанын ойланатынмын.
Осы қызығушылық мені Батыс өңіріне танымал зергер-реставратор Бауыржан Атраубаевқа алып келді. Ұстазым мені шеберханасына шақырып, екі жыл бойы нағыз кәсіби шеберлік мектебінен өткізді. Бұл менің өнерімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі.
– Ең алғашқы жасаған бұйымыңызды есіңізге түсіріп көрсек...
– Алғаш жасаған бұйымым – берюза тасымен көмкерілген, қошқармүйіз өрнегі бар күміс алқа. Бұл мен үшін өте ерекше туынды, өйткені алғашқы қадам ешқашан ұмытылмайды. Ұстазыма көрсеткенімде ол: «Бұл сенің алғашқы бұйымың. Мұны ешкімге сатпа, өзіңде естелік болып қалсын», – деді. Сол сөз әлі күнге дейін жадымда. Бұл бұйым менің зергерлікке деген алғашқы сенімім мен алғашқы қуанышымның символы.
– Әшекей жасау процесін толығырақ сипаттап беріңізші.
– Шығармашылық адам үшін идеяның тууы – ең маңызды кезең. Бұйымды жасамас бұрын ойыңа ерік бересің: болашақ әшекей көз алдыңда кішкентай пазл сияқты құралады. Сол сәттің энергиясын жоғалтпау үшін бірден қағазға түсіремін.
Келесі кезеңдер:
Бұл процесс менің көңіл күйімді, ұстамдылығымды талап етеді. Әшекей – жай металл емес, менің ішкі әлемімнің бөлшегі.
– Зергерлік өнердегі кәсіби жолыңыз қалай жалғасты?
– Ұстазыммен ұзақ уақыт жұмыс істеп, батыс өңірінің зергерлік дәстүрін меңгердім. Кейін Алматыға көшкен соң зергерлік компанияларда жұмыс істей бастадым. Әр компания, әр орта менің стилімді дамытуға әсер етті. Бүгінде өз бағытымды толық қалыптастырып келемін.
– Сіздің жұмыс стиліңіз, қолтаңбаңыз қандай?
– Иә, менің жұмыстарымда анық қолтаңба бар деп айтады. Бұл – үлкен мақтаныш. Менің қолтаңбам – археологиялық қазбалардан алынған формалар мен табиғи минимализмнің қосындысы. Бренд стилін қалыптастыратын да – осы үйлесім. Адамдар бұйымдарымды алыстан көрсе де таниды, бұл – авторлық стильдің қалыптасқанының белгісі.
– Көбіне қандай материалдармен жұмыс істейсіз және неліктен?
– Менің негізгі материалым – күміс. Күміс жұмсақ, иілгіш, әрі тарихи бұйымдардың көпшілігі осы металдан жасалған. Табиғи тастар да менің стиліме жақын: әр тастың өз энергетикасы, өз мінезі бар. Әшекейдің табиғи әрі өміршең болуы – мен үшін маңызды.
Күміс пен табиғи тастардың үйлесімі – менің эстетикамның негізі.
– Қазіргі жастардың әшекейге деген талғамы қалай өзгерді?
– Бүгінгі жастардың талғамында айтарлықтай өзгеріс бар. Олар бұрынғыдай ауыр, көлемді, көрсетілімге арналған әшекейді көп тақпайды. Қазір минимализм, геометриялық тазалық, күнделікті өмірге ыңғайлы дизайндар трендте.
Жастар өмірдің әр сәтіне мағына іздейді:
Соңғы жылдары «жеке энергиясы бар әшекей» феномені кең тарады. Клиенттер әшекейден тек әдемілік емес, эмоция, мән, мағына іздейді.
– Дәстүрлі элементтерді заманауи формада қалай үйлестіресіз?
– Маған ең ұнайтын процесс – дәл осы. Өйткені дәстүрді сол күйінде қайталау емес, оның мәнін жоғалтпай, қазіргі эстетикаға лайықтап жеткізу – үлкен жауапкершілік. Мен қазақ зергерлігіндегі классикалық элементтерді – қошқармүйіз, құстұмсық, самар, шексіздік формаларын – жеңілдетілген, ықшамдалған стильде қолданамын.
Сызықтарды жұмсартып, артық детальдарды алып тастап, минималистік композицияға енгіземін. Сонда көне өрнек жаңа тыныспен қайта туады. Маған ұнайтыны – осы екі дүниенің түйісуі: бір жағында ғасырлар бойы сақталған символика, екінші жағында қазіргі жастардың талғамына сай тазалық, қарапайымдылық, нәзік геометрия.
Мен үшін бұл – өткен мен бүгіннің арасындағы көпір салу сынды процесс.
– Авторлық бұйымның құндылығы неде?
– Авторлық бұйым – жай металл мен тастың қосындысы емес. Ол – қолмен жасалған, уақыт пен эмоцияны өзімен бірге алып жүретін жеке энергиясы бар әшекей. Әр бұйымға шебердің көңіл күйі, сол сәттегі тынысы, тіпті қолының діріліне дейін сіңеді.
Масс-маркет әшекейлері әдемі болуы мүмкін, бірақ олар көпшілікке арналған. Онда бірегейлік болмайды. Ал авторлық бұйым иесіне арнайы жасалады, оның мінезіне, талғамына, кейде тіпті өмірлік мақсатына сай келуі тиіс.
Әр клиент әшекей арқылы өзін танытқысы келеді. Ал авторлық бұйым – сол өзіндік ерекшеліктің көрінісі.
– Есте қалған ерекше тапсырыстарыңыздың бірі?
– Иә, бар. Германиядан бір клиент жебе алқасына тапсырыс берді. Баласының аты неміс тілінде «жебе» деген мағына береді екен. Сол мағынаны сақтап, оған арналған символды ерекше стильде сомдауды сұрады. Бұл тапсырыс маған өте жылы әсер қалдырды, өйткені символика тек біздің мәдениетімізде ғана емес, әлемнің әр түкпірінде мағына жүктей алады.
Бір кішкентай белгі – бүтін бір отбасының тарихына байланысты болуы өнердің ерекше күші екенін тағы да дәлелдеді.
– Бір бұйымды дайындауға қанша уақыт кетеді?
– Әшекейдің эскизін жасау, металды дайындау, пайка, өңдеу – бәрінің жеке уақыты болады. Орта есеппен бір бұйымға 3-7 күндей уақыт кетеді.
Егер бұйым күрделірек болса, мысалы, бірнеше деталі бар болса, ерекше тас қолданылса немесе символикасы терең болса, онда уақыт ұзағырақ болады.
Мен үшін ең маңыздысы – жылдамдық емес, сапа. Әр бұйымның «өз уақыты» бар.
– Клиентке бұйымның құнын қалай түсіндіресіз?
– Бұл сұрақ жиі айтылады. Мен әдетте өте сабырлы түрде түсіндіремін: авторлық бұйымның бағасы тек материалға емес, шебердің қолына, уақытына, энергиясына байланысты.
Кейде клиенттер «неге мұндай баға?» деп сұрайды. Сонда мен:
– Бұл бұйым қолмен жасалады.
– Әр деталі жеке өңделеді.
– Материал табиғи әрі сапалы.
– Бірегей дизайнды сіздің қалауыңызға сай жасаймын.
деп ашық айтамын. Адам түсінеді. Өйткені авторлық әшекей – киім сияқты жаппай өнім емес, ол – өнердің бір түрі.
– Соңғы жылдары клиент талғамы қалай өзгерді?
– Соңғы жылдары адамдар тұлғалық мінезін білдіретін, жеке символы бар әшекейге көбірек қызығатын болды. Бұрын көлемді, салмақты, дәстүрлі үлгілер сұралса, қазір керісінше:
Клиенттер әшекейдің сыртқы келбетінен бұрын оның артындағы мағынаға мән береді. «Бұл мені көрсетіп тұр ма?», «Бұл белгі менің энергияма сай ма?», «Маған мотивация бере ме?» деген сұрақтар жиілеген.
Бұл – өте жақсы құбылыс. Өйткені әшекей адамның бір бөлігіне айналады.
– Зергерлік сіз үшін бизнес пе, әлде өнер ме?
– Мен үшін бұл ең алдымен өнер. Металды ұстай бастаған сәттен-ақ ішімде үнсіз диалог басталады: оның формасы қандай болуы керек, қандай өрнек жарасады, бұл әшекейді кім тағады?
Бірақ өнерді шабытпен ғана алып жүру мүмкін емес. Сол себепті бизнес жағын да қатар жүргіземін: материал сатып алу, құралдарды жаңарту, бағалау, уақытты жоспарлау – бұлар да маңызды.
Яғни, өнер – негізі, бизнес – оны ұстап тұрған қаңқа.
– Әйел шебер болудың қиындықтары қандай? Артықшылықтары ше?
– Зергерлік көбіне ерлерге тән сала деп қабылданатын стереотип әлі бар. Кейде «қолың нәзік қой, ауыр жұмыс қой бұл» деп айтатындар кездеседі. Бұл – қиын тұсы.
Ал артықшылықтары өте көп. Әйелдің қолы нәзік, тиісінше детальдарды жақсы сезеді. Композицияға ұқыпты қарайды. Әшекейге эмоция, нәзіктік, көркемдік қосады. Меніңше, зергерлікте әйелдің көзқарасы ерекше.
Сол себепті өзімді бұл салада толық еркін сезінемін.
– Жұмысыңыздағы ең қиын нәрсе не – шабыт, материал, уақыт?
– Ең қиыны – шабытты табу емес, оны ұстап тұрып, дәл сол сәтте іске асырып үлгеру.
Шабыт деген – жылт еткен жарық сияқты. Бір сәтте туады, бір сәтте жоғалады. Егер оны дер кезінде қағазға түсіріп үлгермесең, ол қайта келмеуі мүмкін.
Ал материал, құрал, уақыт – олардың бәрі процесстің бөлігі ғана. Жаттығумен, дағдымен, жоспармен реттеледі. Ал шабыт – аса нәзік нәрсе.
– Шеберханадағы қауіпсіздік ережелерін қалай сақтайсыз?
– Бұл өте маңызды. Зергерлік – от, металл, құралдар, химиялық заттар қолданылатын сала. Сондықтан қауіпсіздік – міндетті шарт.
Мен міндетті түрде:
Бұл – тек қауіпсіздік үшін емес, жұмыстың сапасы үшін де қажет.
– Құрал-жабдық таңдауда нені басты назарда ұстайсыз?
– Зергер үшін құрал – жай темір немесе жабдық емес, ол – қолдың жалғасы. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы – оның сапасы, дәлдігі және қолда ыңғайлы болуы. Жақсы құрал әр детальды таза шығарады, бұйымды бүлдірмейді, шебердің қолын да шаршатпайды.
Арзан құралдар тез сынып қалуы немесе металлға із түсіруі мүмкін, сондықтан көбіне ұзақ қызмет ететін, кәсіби деңгейдегі жабдықтарды таңдауға тырысамын. Материалмен жұмыс істегенде құралдың салмағы, ұстағандағы тепе-теңдігі, саптамасының қаттылығы – бәрі әсер етеді.
Қысқасы, сапалы құрал – қауіпсіздік пен нәтижеге тікелей әсер етеді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жеке коллекция, бренд, көрме ойда бар ма?
– Иә, әрине. Ең басты арманым – өз стилімді толық көрсететін жеке коллекция шығару. Ұзақ уақыт бойы жинақталған идеялар, эскиздер, символдар бар, соларды біртұтас серия етіп шығарғым келеді.
Сонымен қатар «Қосай» брендімен жеке көрме ұйымдастыру – алдағы жоспарлардың бірі. Көрме арқылы адамдарға тек әшекейді емес, оның артындағы ойды, тарих пен мағынаны жеткізгім келеді. Әр бұйымның өз әңгімесі бар, ал көрме – сол әңгімелерді біріктіретін орта.
Болашақта шетелдік көрмелерге де қатысқым келеді.
– Шетелге шығу мүмкіндігі туса, қай елдің нарығына барғыңыз келеді?
– Ең алдымен Германия мен Түркия нарығына шыққым келеді. Екеуінің де аудиториясы менің стиліме жақын деп ойлаймын. Германияда минимализм, таза сызықтар, геометриялық нақтылық жоғары бағаланады. Ал Түркияда зергерлік мәдениет өте дамыған, табиғи формалар мен тастарға деген сұраныс жоғары.
Осы екі нарықтан бастасам, «Қосай» стилі халықаралық деңгейде де өз орнын табады деп сенемін.
– Жас қыздарға зергерлік өнерді қалай бастауға кеңес берер едіңіз?
– Алдымен қолмен жұмыс істеп көруден бастау керек. Қымбат құралдың бәрін бірден алудың қажеті жоқ – ең қарапайым құралдардың өзімен-ақ алғашқы қадамдарды жасауға болады.
Ең бастысы – шыдамдылық. Зергерлік бірден нәтиже беретін сала емес. Бір бұйым бірнеше рет бұзылып, қайта жасалуы мүмкін. Оған ренжімей, қайта жасаудан шаршамау керек.
Сонымен қатар өз стилін жоғалтпау, басқа біреуді қайталамау маңызды. Әр шебердің қолының өз қозғалысы, өз энергетикасы бар. Соны сезініп, соны дамыту – нағыз жол.
– Шабыт жоғалғанда өзіңізді қалай қайта іске қосасыз?
– Шабыт жоғалуы – кез келген шығармашылық адамның басынан өтетін процесс. Мен ондай кезде ешқашан өзімді күштемеймін.
Алдымен сүйікті музыкамды тыңдаймын. Музыка ойымды тазалайды, эмоциямды реттейді. Кейде бір әуеннің өзі жаңа композицияның формасын елестетеді. Музыка – мен үшін ішкі тыныштықтың кілті.
Екіншіден, бұрын жасаған жұмыстарымды қарап шығамын. Әр бұйымның тарихы бар: қай кезде, қандай көңіл күймен жасалғаны есіме түседі. Сол сәттер маған жаңа энергия береді. Бұрынғы жұмыстарымды көре отырып, өз дамуымды байқаймын – бұл өзіме деген сенімді де арттырады.
Кейде шабытты іздеу емес, оны шақыру керек екенін түсінемін.
– Өз таңдауыңыз бойынша бірге сәйкестендіріп тағатын әшекейлеріңіз бар ма?
– Иә, бар. Маған бірнеше әшекейді бірге үйлестіріп тағу ұнайды. Әсіресе құстұмсық, самар, шексіздік сақиналары және Жебе алқасы – менің ең алғашқы жасаған нұсқаларым болғандықтан ерекше жақын.
Бұл бұйымдарда тек дизайн емес, менің жолым, алғашқы қуанышым, алғашқы тәжірибем бар. Сол себепті оларды таққанда өзіңді қорғалғандай, шабыттанғандай сезінесің.
– Күміс сіз үшін неліктен ерекше?
– Күмістің табиғи реңі мен мінезі менің стиліме толық сәйкес келеді. Ол мөлдір, салмақсыз, қарапайым, бірақ өте эстетикалық металл.
Алтынды да қолданамын, бірақ күміс менің қолтаңбамды анық ашатын материал. Оның өңдеуге қолайлы болуы, әр шебердің қолына «жылы сезілетін» қасиеті ерекше. Күміс табиғатқа жақын металл болғандықтан, минимализмге де, символикаға да жақсы үйлеседі.
– Бір ғана әшекей алып қал десе, қайсысын таңдар едіңіз?
– Әрине, Жебе алқасын. Өйткені ол мен үшін жай әшекей емес – тұмар. Бұл алқа менің мақсаттарымды еске салып, жолымды ашатындай әсер береді.
Жебе – бағыт, қозғалыс, алға ұмтылу белгісі. Сол мағынасы үшін де жүрегіме жақын.
– Әшекейдің энергетикасы болады дегенге сенесіз бе?
– Иә, сенемін. Әшекей – шебердің қолынан өтетін зат, сондықтан оған оның ниеті, көңіл күйі, тіпті демі де сіңеді. Бір бұйымды жасағанда шабытпен отырып жасасаң – нәтижесі де басқаша болып шығады.
Күмістің халық арасында «жаман энергияны сіңіреді, адамды қорғайды» деген нанымы бар. Мен бұл сенімге құрметпен қараймын. Күміспен жұмыс істеген сайын оның «жылы» энергиясын сеземін.
– Есте қалған ерекше жағдайды айтып берсеңіз...
– Бір клиент «жолымды ашады» деген ырыммен арнайы сақина алды. Сол кезде бұл жағдай маған өте қызық әрі жылы көрінді. Өйткені мен үшін бұл – әшекейдің адамның өмірімен тікелей байланысты екенінің дәлелі.
Жасаған бұйымының біреудің өмірінде мағынаға айналуы әр шебер үшін үлкен сый.