11.03.2026
10:52
235
Zeekr бренді Li Auto-ға бәсеке болатын жаңа кроссоверін нарыққа шығармақшы

Zeekr бренді Li Auto-ға бәсеке болатын жаңа кроссоверін нарыққа шығармақшы

Zeekr бренді өзінің жаңа толық өлшемді гибридті кроссовері Zeekr 8X моделінің ресми тұсаукесер күнін жариялады. Іс-шара 16 наурызда өтеді, сол күні алдын ала тапсырыс қабылдау да басталады. Модельдің нарыққа толық шығуы биылғы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Бастапқы нұсқасының бағасы шамамен 430 000 юань (30,5 млн теңге) болады деп күтілуде, ал жоғарғы жиынтықтағы нұсқасы 550 000 юаньнан (39 млн теңге) асады. Өлшемдері бойынша (5100 х 1998 х 1780 мм, доңғалақ базасы - 3069 мм) бұл жаңа модель Li Auto L7 мен L9 аралығында орналасады.

Автокөлік 5 және 6 орындық нұсқада ұсынылады. Салоны табиғи ағашпен әрленіп, жүргізуші мен алдыңғы жолаушыға арналған үлкен экрандармен, сондай-ақ проекциялық дисплеймен жабдықталады. Барлық орындықта жылыту, желдету және массаж функциясы болады.

Екінші қатардағы жолаушыларға аса жайлы креслолар, жиналмалы үстелшелер, жеке экрандар және кіріктірілген тоңазытқыш ұсынылады. Көлікте ұсақ заттарды сақтауға арналған 50 бөлімше қарастырылған.

Фото: Autohome

Кроссовердің негізінде SEA-S «супергибридті» архитектурасы жатыр. Капотының астында қуаты 278 ат күшіне тең 2,0 литрлік бензинді турбомотор орналасқан. Дөңгелектерді үш қозғалтқыштан тұратын жүйе қозғалысқа келтіреді, ал жоғарғы нұсқадағы жалпы қуат 1400 ат күшіне жетеді.

Мұндай жүйе ауыр жол талғамайтын көліктің 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 2 секундтан сәл ғана аса уақытта үдеуіне мүмкіндік береді. Көлік 55,1 және 70 кВт·сағ сыйымдылықтағы тартқыш батареялармен жабдықталады, ал таза электр қуатымен жүру қоры 328 км-ге дейін жетеді.