Үздік медицина қызметкерлері марапатталды

16 Маусым 2022, 15:54 3388

Медицина қызметкерлері күніне орай Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді деп хабарлайды El.kz порталы Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Салтанатты жиынға облыс басшысы Марат  Елеусізұлы қатысып, дәрігерлердің еңбектерін ерекше елеп өтті.

Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі ел азаматтарының денсаулығын арттыру. Соңғы екі жылда, пандемиямен күрес кезінде тәжірибелі дәрігерлер барынша жұмысын көрсеткен қызметкерлерге зор ризашылығымды білдіремін. Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған азаматтарға жедел медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Көп адамдар жұмыс орнын тастаса да, сіздерге мұндай мүмкіндік болмады. Сондықтан да халықтың ризашылығы сіздерге ерекше. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсысыларыңыз құрметке лайықсыздар, - деді Марат Елеусізұлы өз сөзінде.

Жиында күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, дерттің емін тауып, күш-жігерін  салып жүрген медицина қызметкерлері  «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін » төсбелгісімен, «еңбек ардагері» медалімен наградталды. Сонымен қатар, «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздары «Үздік дәрігерлік амбулатория», «Үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясымен марапатталып, жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлық табысталды. Үздіктер арасында Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына дәрігері Қарасаев та бар. Ол бұл байқауда «Стационардың үздік дірігері» номинациясын жеңіп, 7 миллион теңгеге ие болды.
Ауылдық жерлерді өркендету, дамыту мақсатында «дипломмен ауылға» бағдарламасы ұйымдастырылып, өз нәтижесін беруде. Мен де университетті бітіріп, Өтеген батыр ауылы, Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына дәрігер болып орналастым. Ауылдық жерлерде балалардың денсаулығына ден қойып, барлық күш-жігерімізді салып келеміз. Атаулы күнде елеңген еңбек тек менікі ғана емес, бүкіл ұжымның жеңісі,- деп атап өтті Рамиль Қарасаев.
Айта кетерлігі елімізде медицина қызметінің сапасын жақсартуға мықтап көңіл бөлініп жатыр. Мақсатында медицина саласына бөлінген қаражат көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен биылдың өзіне бұл салаға 4,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Жыл сайын ғимараттар мен техникалық база жаңартылып келеді. Сонымен қатар соңғы үш жылда 354 дәрігер жаңадан жұмысқа тұрған.

 

Бөлісу: