Өзбекстан Қазақ тарихына қатысты көне жазбалармен бөліседі

25 Қыркүйек 2019, 14:26 4152

Өзбекстан Қазақстан тарихына қатысы бар мағлұматтар сақталған көне қолжазбалар мен кітаптардың көшірмелерін беруге әзір екенін мәлімдеді. Орта Азия халықтарының мол мұрасы сақталған ежелгі өзбек мұрағаттарында Қазақ елінің шежіресіне қатысты, әлі отандық ғылыми айналымға түсе қоймаған құнды мәліметтердің сақталуы бек мүмкін. Елбасының «Архив-2025» бағдарламасы негізінде отандық және шетел мұрағаттарында ауқымды іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмасына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық қолжазба орталығы мен Абу Райхан Беруни атындағы шығыстану институты және Өзбекстанның Халықаралық ислам академиясы арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жөнінде меморандумға қол қойылды.


Бұл Өзбектандағы Қазақстан жылының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Шетелдік мемлекеттермен ұлтаралық қатынас және достық байланыс Комитеті арасында өткен жылы қол жеткізілген меморандумға сәйкес, қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Ташкент қаласына ат басын тіреді.

Өзбекстанмен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайта түсуді мақсат еткен делегация құрамында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мұрағаттық істер мен құжаттамалар департаментінің директоры Бағдад Таңсыбеков, ҚР мемлекеттік орталық мұрағатының директоры Арнұр Қарымсақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласындағы өзбек этномәдени орталығының директоры Шерзод Пулатов, ҚР МСМ-нің Ұлттық сирек кітаптар және қолжазбалар орталығының директорының орынбасары Нұрлан Ережепов болды.


Қазақстандықтардың жұмыс сапары Шетелдік мемлекеттермен ұлтаралық қатынас және достық байланыс Комитетінің төрағасы Рүстем Құрбановпен кездесуден басталды. Аталмыш кездесуге Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің өкілдері де қатысқан болатын. Екіжақты ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты сөз еткен кездесуде Рүстем Құрбанов әріптестерін Комитет жұмысымен таныстырып өтті. Республика Президентінің бастамасымен құрылған комитетке 138 ұлттық мәдениет орталығы мен 36 достық қауымдастығының жұмысын үйлестіру міндеті жүктелген. Р.Құрбанов Қазақстан халқы Ассамблеясымен тонның ішкі бауындай тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырғандарын айтты. Төрде басы, төскейде малы қосылған екі елдің ежелгі туыстығын, тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің ұқсастығын тілге тиек еткен Рүстем Жавдатұлы мәдени байланыстың жарқын мысалы ретінде, 21 қыркүйекте Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Өзбек тілінің, мәдениетінің және салт-дәстүрінің күндері» мерекесін қазақстандық тараптың жоғары деңгейде ұйымдастырғанына ризашылығын білдірді.


Кездесу барысында Ассамблея төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов та қабылдаушы тарапқа Хатшылық меңгерушісі Ж.К.Түймебаевтың алғысын жеткізді. «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі елдің ежелгі туыстық байланысының бүгінде стратегиялық серіктес ретінде дами түскеніне шын қуанамыз. Соның арқасында бүгін Қазақстан тарихын толықтыруға үлес қосатын және бір келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта екі мемлекеттің халықтары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдіміз», - деді Шерзод Аббозұлы. Сондай-ақ, кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін мәдени-гуманитарлық байланысты әр салада дамыту туралы келісімге келді.

Үш күнге созылған сапар кезінде қазақстандық делегацияға сирек кітаптар мен көне қолжазбалар сақталған бірнеше мәдениет, білім, тарих орталықтарын аралап, танысуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ, Өзбекстанның Орталық мемлекеттік мұрағатының өкілдерімен кездесу өткізіліп, мұнда екіжақты байланысты жолға қою мәселелері талқыланды.


Өзбекстанның Халықаралық ислам академиясы қазақстандық әріптестерімен дәуірлер алмасуында парақтары сарғайып, әріптері көмескіленген көне қолжазбалар мен кітаптарды қалпына келтіру, сақтау және зерттеу жөніндегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, Халықаралық ислам академиясы және Әбу Райхан Беруни атындағы шығыстану институты қорда бар қолжазбалар мен кітаптардың деректер жиынтығы каталогын беруге әзірлік танытты.

Бұл каталогты елде Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңес пен сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы зерделеуден өткізіп, Қазақстан тарихына қатысы бар деректерді анықтайтын болады.

Қазақстандық тарап, кейбір сыры әлі де толық ашыла қоймаған көне жазбаларды Өзбекстан мамандарымен бірге зерттеуді, осылайша қос мемлекеттің тарих институттарының мамандарының кәсібилігін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ, Әлішер Науаи атындағы әдебиет мұражайында болып, мұндағы жәдігерлермен танысты.

Бұл қадам мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, екі ел арасындағы ықпалдастыққа жаңа серпін берді. Тарихи тамырластық, бабалар өркениетінің сабақтастығы халықтар арасындағы байланыстың берік жібі екені талассыз ақиқат.

Нұргүл Қалиева

 Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: