20.11.2025
13:37
532
Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа әуежайлар қашан іске қосылады?

Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа әуежайлар қашан іске қосылады?

Шығыс Қазақстандағы Зайсан мен Катонқарағайда салынып жатқан жаңа әуежайлардың құрылысы жоспарланған мерзімге сай жүріп жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкімнің cөзінше, екі аудандағы аэроинфрақұрылым нысандары мемлекет басшысының тапсырмасымен салынуда. Қазіргі таңда Зайсан әуежайының құрылысы – 66 пайызға, ал Катонқарағайдағы нысан 55 пайызға орындалған.

Ұшу-қону жолақтары толық салынып бітті. Қазір перрондар мен аэровокзал ғимараттары тұрғызылып жатыр. Осы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, «ҚазАэроНавигация» қажетті жабдықты сатып алып, оны орнату жұмыстарын жүргізуде, – деді ол.

Нұрымбет Сақтағанов жаңа әуежайлар алғашқы әуе рейстерін келесі туристік маусымда қабылдай алатынын айтты. Оның сөзінше, алғашқы ұшақтардың қонуы шамамен сәуір-мамыр айларына жоспарланып отыр.