Заңсыз жұмыс істеген өзбекстандықтар елден қуылды

26 Шілде 2023, 04:27 830

Батыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 8 өзбекстандық елден шығарылды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, көші-қон қызметі басқармасы сот шешімін орындау мақсатында ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған Өзбекстанның 7 азаматын мәжбүрлі түрде елден шығарды.

Сонымен қатар, Бөрлі ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Сауалат Тұрымов жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында бұдан бұрын аудандық сот шешімімен елден шығарылған өзбекстандық азаматтың Ақтау қаласы аумағында жүргенін анықтады. Ол 2022 жылдың тамызынан бері іздестірілген болатын. Көші-қон заңнамасын бұзғандардың бәрі «Тәжен» бақылау-өткізу бекеті арқылы шығарылып, 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды, - деп хабарлады ведомстводан.

Перизат Саденова
Бөлісу: