25.09.2025
10:30
533
Заңсыз лотереядан миллиардтап пайда тапқан блогерлер әшкереленді

Заңсыз лотереядан миллиардтап пайда тапқан блогерлер әшкереленді

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев заңсыз лотерея ойнатып, оңай олжаға кенелген блогерлердің әрекетіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде түрлі «ұтыс» ұйымдастыру арқылы олар миллиардтаған теңге жинап жүр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лотерея ұйымдастыруды қояр емес, – деді депутат премьер-министр Олжас Абаевқа жолдаған сауалында.

Ресми дерек бойынша, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынған. Ал 2025 жылдың басынан бері тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл жазылған.

Бейсенбаевтың айтуынша, алаяқтықтың кең тараған тәсілі – уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстарды сату арқылы заңсыз ұтыс ойындарын өткізу.

Депутат ұтыс ұйымдастыру арқылы қомақты пайда тапқан блогерлерге тоқталды:

3 млн оқырманы бар Дархан Жолшыбеков «darhanzholshybekov» аккаунты арқылы 300 млн теңгелік зәулім үйге ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге жинаған.

6,9 млн жазылушысы бар «supermamasita» аккаунтының иесі Әлия Байтуғаева бірнеше мәрте бағалы сыйлықтар ойнатып, 500 млн теңге қаржы тапқан.

13 млн оқырманы бар «Justking31» және «AminaXO» парақшаларының иелері Нұрбек Нұртаза мен Амина да заңсыз лотерея арқылы 1,5 млрд теңге иемденген.

Азаматтарды алдап-арбаған бұл инфлюенсерлер пәтер, автокөлік, электроника, смартфон, тіпті зәулім коттедждерді тігіп, көпшілікті заңсыз әрекетке тартуда, – деді депутат.

Сонымен қатар, Астанада Ерболат Жанабыловтың ісі қаралып жатыр. Ол «оқыту курстары» деген желеумен әрқайсысы 30 мың теңге тұратын 6 мыңнан астам билет сатып, 10 көлік пен басқа да сыйлықтар ойнатқан. Алдын ала есеп бойынша, бұл схема арқылы 180 млн теңге табыс тапқан.

Бейсембаев мәселені шешу үшін қылмыстық істер қозғау шегін төмендетуді, блогерлердің заңсыз табысы жайлы толық ақпаратты ашық жариялауды, онлайн-мектептердің ашықтығын арттыруды және салық органдарының блогер табысын бақылауын күшейтуді ұсынды.

Біз қабылдаған заң нормалары жұмыс істеп жатыр, бірақ алаяқтар заңдағы олқылықтарды пайдаланып әлі де халықты алдап жүр. Әсіресе жастарды арбауға бейім, – деді депутат.