Заңсыз капиталдың барлығын елге қайтару керек – Ерлан Саиров

16 Ақпан 2023, 12:23 896

Бас Прокуратура «Jusan» тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатқандары туралы ақпарат таратты. Айтуларынша «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымынан көлеңкелі схема анықталған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде он мыңдаған қазақстандық студенттер мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді», – делінген Бас Прокуратураның хабарламасында.

Алайда бұл істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейтінін, банк қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратыны да ескерткен.

Бұл жағдайға қатысты белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың да пікірін сұраған едік.

«Бұған дейін осы мәселе бойынша Бас Прокуратураға сұрау жолдаған болатынбыз. Елден заңсыз шығарылған активтердің барлығы, ол кімнің атында болса да аты мен тегіне қарамай елге қайтарылу керек деген мәселені көтергенбіз. Осы бағытта Бас Прокуратур жұмыстар жасап жатыр. Бірақ жалғыз осы «Jusan» банктің мәселесімен шектеліп қалмай шет елге заңсыз кеткен капиталдың барлығын қайтару керек», – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол мұндай жағдайдың Jusan Bank жұмысына еш кедергі келтірмейтінін де атап өтті.

«Істің сотта қаралуы банк жұмысына, яғни оның қызметіне, сондай-ақ банктің тұтынушылар мен іскерлік серіктестіктеріне еш зиянын тигізбейді. Ол схема қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыра береді. Бұл іс – банктен тыс, әртүрлі құрылымдарға қатысты. Және мемлекеттік мүдделерді қорғаудағы негізгі мәселенің бірі. Бүгінде біз үшін мемлекеттік мүдде мен халықтың мұң-мұқтажы маңызды орында. Бұл іс соған қатысты», – дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Айта кетейік, өткен жылдың маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: