Заңсыз берілген және пайдаланылмаған 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

11 Қаңтар, 13:32 932

Оның 2,8 млн гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінді. Бұдан бөлек осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гектар жерді иелері игеруге кірісті. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы өз жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындады. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттер кешенін іске асыруды жалғастыруда. Ал негізгілерінің бірі – ауылдық округтердегі елді мекендердің айналасындағы жайылым тапшылығын азайту.

2023 жылы Интерактивті карта жаңартылды Jerkarta.gharysh.kz, онда қазір барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген. Сондай-ақ, жайылымдық жерлерде тапшылыққа ұшыраған аумақтардың орналасқан жері туралы деректерді интерактивті картаға енгізу жұмыстары аяқталды. Бұл қайтарылған жер учаскелерін ескере отырып, қажет болғанса жайылымға жер беру үшін аймақтың бүкіл бейнесін анық көруге мүмкіндік береді, - делінген мәліметте. 

Қызметті қағазсыз көрсету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК АЖ іске қосылды. Ақпараттық жүйе ашық түрде жұмыс істейді, пайдаланушыларға жария кадастрлық картада жергілікті атқарушы органдарға оған құқық беру туралы өтініш беру үшін учаскені таңдауға мүмкіндік береді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн га ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының 77% құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жерді сапалы және ұтымды пайдалануды арнайы құрылған мемлекеттік институт – «ГИПРОЗЕМ» РМК қадағалайтын болады. Кәсіпорын экономикалық бағалау, жер мониторингі, топырақ, геоботаникалық, топыраққа агрохимиялық зерттеулер жүргізбек. Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру аяқталғаннан кейін топырақтың сапалық сипаттамалары мен жайылымдық жерлердің жем-шөп сыйымдылығы бар жеке ашық электрондық карта құрылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: