«Заңды тұрғыда жазаланады»: Ақтөбе облысының әкімі жол сапасына шүйлікті

20 Қазан, 23:40 473

Ақтөбе облысының әкімі өңірде іске асырылып жатқан автожол жобаларының іске асырылу барысын жұмыс отырысында қарады. Әкімдік мәліметінше, жиынға қала және аудан әкімдері, басқармалар мен мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкім сөзін сыннан бастады.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік шаралар қолданамыз және жосықсыз мердігерлерге де қатысты шаралар қабылдаймыз, - деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі кейбір жобалардың белгіленген мерзімінен кешігіп жатқанына, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және мердігерлердің сапалы жұмысының жеткіліксіздігін сынға алды.

Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың ақпаратына сүйенсек, жалпы 2024 жылға арналған жоспар бойынша 4440 шақырым жолды ретке келтіру жоспарланған. Осы мақсаттарға бюджеттен 69,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы 186 жоба іске асырылуда. Бұл - облыстық, қалалық, аудандық ауқымдағы жолдар.

Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 34,2 млрд теңге игерілді. Бүгінгі таңда 491,9 шақырым жолдың негізі салынып, 315,7 шақырымға қатты асфальт төселді. 

Ақтөбе қаласына бюджеттен 26 млрд теңге бөлінді, тек 10,4 млрд.теңге игерілді. Ауыспалы жобаларға 2025 жылы 13,5 млрд.теңге бөлінді, оның 6,4 млрд. теңгесі бюджетті қайта қарау кезінде қайтарылады. Жоспарлау тиімсіз жүзеге асырылады. Әйтеке би ауданында «Қарабұтақ-Комсомол-Северное-Сарат-Қырыққұдық-Тымабұлақ» жол учаскесіндегі жұмыстар мерзімінде аяқталған жоқ. Байғанин ауданында «Қарауылкелді-Жарқамыс» және «Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы-Оймауыт» жолдарын жөндеу де кестегі мерзімнен айтарлықтай артта қалып отыр. Мен Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымда «Сағашилі-Талдысай» автожолының құрылысымен таныстым, «САБ-ДорСервис» және «ТенгриСтройИнвест» мердігерлері оны мерзімінде аяқтауға уәде берді. Алайда, жұмыс жоспарға сай емес.  Ойыл ауданының Шұбаршы ауылынан Атырау облысына дейін автомобиль жолына көпір және Бестамақ ауылына кіреберіс жол салу бойынша жұмыстардың уақытылы аяқталмауына қатысты мәселелер бар. Неліктен жобалардың мерзімдерінің кестеден ауытқуына жол берілді және неге қатаң бақылау жүргізілмеді? - деді өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне шүйліге.

Отырыста Асхат Шахаров жұмыстардың орындалу мерзімдерінің сақталмауы туралы әр мердігер ұйымның басшысынан сұрады. Жол салумен айналысып жүргендер қолға алған жобаларын аяқсыз қалдырмай, уақытында пайдалануға беру туралы бүгінгі күнге дейін бірнеше рет уәделерін үйіп төккен еді. 

Өңірдегі жол жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді. Біз қажетті қаражатты бөлеміз, ал нәтиже күткеніміздей емес, талапқа сәйкес келмейді. Халық жолдардың сапасы мен құрылысы ұзаққа созылған жұмыстарға наразы. Барлық мердігердің алдына қойылар талап - сапаны жақсарту және мерзімдерді сақтау ғана. Талаптарды бұзғандар заңды тұрғыда жазаланады, - деп аймақ басшысы мердігерлерге ескерту жасады. 

Байғанин ауданындағы жолдарды жөндеуге қатысты бес жобаны бірден мойнына алған «Мерей және К» ЖШС-мен жұмыстар тоқтату туралы шешім қабылданды. 

Жиында республикалық жолдардағы жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Айбол Данағұл баяндады. Облыстағы ұзындығы 1 869 шақырымды құрайтын жолдың 124 шақырымы - қайта жаңартылды, тағы 338 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

А-27 «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханьға дейін)» автожолының «Ақтөбе-Қандыағаш» трассасының 11-52 шақырым және 52-100 шақырым учаскесінде, сондай-ақ «Самара-Шымкент» автожолының «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» трассасының 791-819 шақырым учаскесі қайта жаңартылды. 

Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 338 шақырымды құрайтын 16 нысанда орташа жөндеу жүріп жатыр. Қалған жөнделуі тиіс жол - 37 шақырым. Жұмыстарды биыл аяқтау жоспарлануда. 

Өңір басшысы республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп-ұстау, көктемде қайта пайда болатын шұрық-тесіктерді жамауға қазірден дайындықты күшейтуді тапсырды. 

Зарина Арман
Бөлісу: