02.11.2025
09:29
594
Заң және тәртіп: Желі "батыры" қамауға алынды

Заң және тәртіп: Желі "батыры" қамауға алынды

Қазақстанда «Мотиватор» деген лақап атпен танымал әуесқой жекпе-жек шебері Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке қамауға алынды, деп жазады El.kz интернет порталы.

Әлеуметтік желіні бақылау кезінде полиция реалити-жоба мен әуесқой жекпе-жек шебері агрессия мен физикалық қысым көрсетіп, балағат сөздер айтып, өзіне «күшті әрі батыл» бейне жасағаны жайлы видеоны анықтаған.

Құқық бұзушы жедел түрде анықталып, полицияға жеткізілді.

Ұсталғаннан кейін ол роликтің қойылым екенін және қаралым мен лайк жинау үшін түсірілгенін мәлімдеді. Желіде «күшті» болып көрінген іс-әрекеттің барлығы тек жұрт назарын аударуға бағытталғаны белгілі болды, - деп жазылған хабарламада.

Авторға қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.

Полиция осындай «қойылым шоулар» агрессия мен қорлау арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, жасөспірімдер мен жастардың құндылықтарына нұқсан келтіретінін атап өтті.

ІІМ интернеттегі агрессия, қатыгездік және әдепсіз мінез-құлық арқылы танымал болуға тырысатын әрекеттердің барлығын қатаң түрде тоқтата беретінін мәлімдеді. Барлық осындай дерек заң шеңберінде анықталып, қаралады.