«Заң мен тәртіп орнайтын уақыт жетті». Депутат бизнесмендердің былықтарын әшкере етті

21 Ақпан, 13:05 1264

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек премьер-министр мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, заңға бағынбай жүрген кәсіпкерлердің ісін негізге алуды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел» – деп дөп басып айтты. Ең бірінші кезекте заңның орындалуы, ол – сот шешімінің орындалуымен айқындалады. Бірақ, біздегі жағдай мүлдем басқаша. Сот шешімі бар, заңды күшіне енген, бірақ оны белшеден басып, орындамай жүрген компаниялар, жеке тұлғалар жеткілікті. Оның ішінде, бүгінгі сауал жер және құрылыс саласындағы оырндалмай отырған сот шешімдеріне байланысты, - дейді депутат.

Мысалы, Алматыда "Швейцария", "Граф", "Люксембург", "Французский дом" сияқты тұрғын үй кешендері бойынша соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша заңсыз деп танылса дағы, соттың шешімін орындауға мемлекеттің қауқары жетпей тұр.

Ал, Алматының Бостандық ауданында Ескі Қазақстан өкілдеріне тиесілі Халық банк, Құса-халық иелігінде болған өзеннің су қорғау аумағына кіретін көлемі 52 гектар жер учаскесін соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша мемлекеттік меншікке қайтарылған болатын. Бірақ та, іс жүзінде жер қайтарылса да, құрылыс жұмыстарды ешкім токтата алмай жатыр. Бұрынғы иелері су қорғау аймағын өзен арнасымен бірге топырақпен тегістеп, көп қабатты тұрғын үйді көтеруге жан жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны мен Алматы қаласы Жер инспекторларымен бірге өз көзіммен көрдім, - дейді Бақытжан Базарбек.

Ал, атақты Рахат базарының 200 жуық  саудагерлерінің жер дауын алыңыз, 2022 жылы Алматы қалалық соты кезінде Бауыржан Байбектің 3 жылдан кейін заңсыз қаулысын бұзып жеңіске жетсе дағы, саудагерлер базар жерін әлі де даулап ала алмай жүр.

Ал Шымкентте заңсыз СПК "Шымкент" ке берілген аумағы 77 гектар болатын 46 жер телімдерін жергілікті Жер инспекторлары сотқа беріп, заңсыз шығарылған әкімдердің қаулылары мен жалға алу шарттарын бұзды. Енді соттың шешімін орындау аясында мемлекеттік меншікке қайтаруға келгенде Шымкент қаласының әкімдігі аталған жерлерді мемлекеттік балансқа әлі қабылдамады?! Инспекторлар жерді мемлекеттік меншікке қабылдау бойынша және соттың шешімін орындау қажеттігі туралы бірнеше ресми ескертті. Бірақ, Шымкент қаласының әкімдігі әрекетсіздік танытуда! Бұны қалай түсінуге болады?, - деп сұрақ қойды депутат.

Ол жетпегені сол 46 жер учаскесінің ішінде «Шығыс Монтаж Строй» мекемесіне тиесілі жер мемлекеттік меншікке соттың шешімімен қайтса дағы, соттың шешіміне қарамастан дәл сол жерде жаңа «Ұлы дала» тұрғын-үй кешені құрылысын бастап кетті.

Бұл тұргын-үй кешенін соғуды токтатындар деген соттың шешімі шықты, заңды күшіне енді, бірақ та соттың шешімін орындатуға мемлекеттік органдардың тісі батпай отыр. Бұл жағдай Хендай орталығы аймағында көп қабатты тұрғын үй соғуға берілген 2 жер телімі соттың шешімімен қайтарылса да, іс жүзінде  заңды шешім тағы да орындалмай отыр. Ал елордамыз Астанада "Дублин", "Сенсата билд" және "Вашингтон" тұрғын үй кешендері құрылыс жүргізу рұқсат құжаттарынсыз ғана емес, тіпті жерге тиісті құқықты алмай заңсыз құрылысын бастап кеткен, - дейді Бақытжан Базарбек.

2022-2024 жылдары аралығында шығарылған соттардың шешімдеріне сәйкес елордадағы құрылысты тоқтату және көтерілген тұрғын-үйлерді сүру міндеттелсе де, соттың шешімін орындайтын компания жоқ.

Сонда еліміздің 3 ірі негізгі қалалардың ГАСК саласындағы уәкілетті органдары, қала прокуратуралары, әділет Департаменттері мен КДС-і бар, шығарылған сот шешімдерін орындатуға, міндеттеуге қауқарсыз болғаны ма, шамалары жетпеді ме? Президент айтқандай, заң талаптарын қалай орындаймыз?! Жоқ жерлерді заңсыз алып алған, заңсыз құрылысты жүргізіп жатқан, соттан жеңіліп калса да, соттың шешімін орындамауға бизнесмендердің әлеуеті жетіп тұр ма?, - дейді ол.

Жер қатынастарын былай кояйық, кез келген салада соттың шығарылған және заңды күшіне енген шешімі міндетті орындалуы тиіс.

Соттың шешімін орындамау бұл Ескі Қазақстанның шынайы көрінісі, қоғамдағы әділдік пен құқықтық ақиқатқа балта шабу деп есептеймін. Осы ретте, Президентіміз айтқандай Заң диктатурасын орнату және сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуымен ғана біз – Әділетті Қазақстанды орнатамыз. Сондықтан, жоғарыда келтірілген фактілер бойынша барлық шешімдер тезарада сот актілерінің негізінде қабылдануы тиіс. Әріптестер, елімізде заң мен тәртіп орнайтын уақыт жетті, - дейді депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: