Қазақстанда кәсіпкерлік саласын жан-жақты дамыту және қолдау – мемлекеттің басты стратегиялық бағдарларының бірі болып саналады. Осы орайда, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың жұмысына заңсыз тексерулердің кедергі келтірмеуін қамтамасыз ету – прокуратура органдарының ең маңызды міндеттерінің қатарында тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің көліктегі департаментінің азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Талғат Айнабеков өз пікірін білдірді.
Прокурордың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жүйелі негізде жүзеге асырылып, нақты нәтижелерін беруде. Прокуратура өкілдері заңсыз әрі себепсіз тексерулерді азайтуға күш салып, басты ұстаным ретінде адал жұмыс істейтін бизнеске бюрократиялық бөгеттер мен қысым көрсетілмеуін қамтамасыз етуді басты назарға алып отыр.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушысы 2020 жылғы 25 желтоқсанда бекіткен №162 бұйрықпен қабылданған Қағиданың маңызы зор. Құжат кәсіпкерлерге қатысты тексерулердің қалай жүргізілуі керектігін анық реттейді. Әрбір тексерудің заңға сәйкестігін прокурорлар мұқият қадағалап, қажет болса, тез арада тиісті шара қабылдайды, – дейді Талғат Айнабеков.
Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің көліктегі департаменті тарапынан мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 531 тексеруді тіркеуге жол берілген. Соның ішінде 18 тексеруді тіркеуден бас тартылып, тағы 6 тексеру мүлде заңсыз деп танылған. Осы заң бұзушылықтар бойынша 24 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, нәтижесінде 32 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Сонымен бірге, Талғат Айнабеков елімізде тәулік бойы кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдайтын арнайы прокуратура мобильді топтары құрылып, белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұндай топтардың байланыс құралдары мен QR-кодтары Бас көлік прокуратурасының ресми сайтында қолжетімді.
Бұл мобильді топтардың басты міндеті – заңсыз әрі негізсіз тексеру әрекеттеріне жол бермеу. Кәсіпкердің құқықтары бұзылғаны туралы кез келген хабарламаға шұғыл жауап беріп, оқиға орнына дереу жету және заңға қайшы тексеруді тоқтату. Мәселен, биылдың өзінде 40-тан астам шағым түсіп, олардың жартысынан көбі расталды, – деп мәлімдеді аға прокурор.
Сонымен қатар, ол қазіргі цифрландырудың да маңызын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» атты автоматтандырылған жүйе негізсіз және заңсыз тексерулердің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, инвесторларға қатысты тексерулер мен әкімшілік іс-шараларды электрондық форматта прокурорлармен келісе отырып жүргізу тәртібі жетілдіріліп, заң бұзудың алдын алу тетіктері күшейтілді.
Сондай-ақ кәсіпкерлер өздеріне қатысты тіркелген тексерулердің бар-жоғын «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы да оңай бақылап отыра алады. Жалпы алғанда, бизнесті қорғау – елдегі тұрақтылықты, құқық үстемдігін және қоғамның сенімін қорғау деген сөз. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі де күшейтіле береді, – деп түйіндеді Талғат Айнабеков.