Заманға ілескен ұлттық өнер

13 Наурыз 2020, 17:40 6097

Қыз-келіншектерге арналған әшекей-бұйымдар әрқашан сәнде болмақ

Қай уақытта болмасын асыл тастармен көмкерілген әрі ою-өрнектермен безендірілген әшекей бұйымдар сәннен қалмайды. Бұлар қыз-келіншектердің көркіне көрік қосып, сұлулығын одан әрі ажарландыра түспек. Ықылым заманнан бастау алған ұлтымыздың зергерлік өнеріне ден қойып, көздің жауын алатын әшекейлерді заман талабына сай жаңаша реңк беріп қайта жаңғыртып жүрген зергер-шеберлер арамызда аз емес.

Ата-бабамыздан жеткен ұлттық мәдениетіміздің қолданбалы дәстүрлі өнері халқымыздың шығу тарихымен, ішкі дүниетанымымен, салт-дәстүрімен үндесе дамып келеді. Тамырын тереңнен алған бұл көрікті де көрнекті сала бүгінде ел тарихынан ерекше орын алады. Түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатқан зергерлік заттардан шеберлер әйелдерге арналған әшекейлерді көп жасағаны тарихтан белгілі. Сол игі дәстүрді бүгінде жалғастырушылардың бірі – елордалық Бақытжан Усембеков.


(Суретте: Бақытжан Усембеков, түсірген: Артем Чурсинов)

Он саусағынан бал тамған жас зергер бала кезінен суретші болуды армандаған. Оның бес жасынан бастап қабырғаларға сурет сала бастағанын байқаған әке-шешесі әртүрлі қалам-карандаштар сыйлап, шабытының артуына септігін тигізген. Бақытжанның айтуынша, оның арғы бабалары да өнерден құр алақан емес. Түрлі сынған заттарды қалпына келтірумен айналысқан ісмерлер болған.

Бойындағы талантын жан-жақты ашу үшін ата-анасы Бақытжанды 6-сыныпты аяқтаған соң, жалпы білім беретін мектептен Өнер мектебіне ауыстырады. Екі жылдан кейін білімін ары қарай жалғастыру мақсатында Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжіне оқуға түседі. Бақытжан бұрын сурет салудың нақты техникаларын білмейтінін, дәріс алған білім ордалары арқылы көп нәрсе үйренгенін айтады.


(Суретте: "Скиф" білезігі. Материал: күміс, ағаш, бирюза, эмаль, гранат, агат)

– Құжат тапсыру кезінде маған суреттің бір саласын таңдау керек болды. Өзімнің сүйікті ісім сурет салу болғандықтан соған жақын зергерлік мамандықты таңдадым. Мұнда бұл пәнмен қоса, өзге де сабақтардан да дәрістер өткізілді. Бірақ өзімнің таңдаған мамандығыма басымдық берілгендіктен сол пәнді тереңдетіп оқыдық. Бұған дейін тек сурет салумен айналысқан мен мұнда зергерлік бұйымдардың жасалу техникасының барысымен танысып, үйреніп шықтым. Сабақ барысында көздің жауын алатын зергерлік әшекей бұйымдармен қоса, қолөнермен де айналыстым, - дейді Бақытжан Әбілмәжитұлы.

Колледжде жүріп қыз-келіншектерге арналған түрлі бұйымдарды күмістен, металлдан, мыстан жасауды үйренген соң, арнайы тапсырыстар қабылдап, табыс та таба бастаған.

– Бұл мамандықтың қыр-сырын игеру көбінесе тәжірибе жүзінде келетіндіктен, сабақтан бос уақытымызда ұстазымыздың шеберханасында жұмыс істейтінбіз. Көбінесе ер-азаматтардан ер-тоқымдар, қылыштар, түрлі кәдесыйлар жасауға тапсырыстар түсіп тұратын. Оларды дұрыс әрі тапсырыс берушінің ойындағыдай дәл шығуы үшін көп ізденіп, көп еңбектенетінміз. Бұл біздің шеберлігімізді одан сайын еселей түсуге сеп болды. Сонымен қоса, біз секілді өзге де шеберлердің шеберлігінің мүмкіндігінің аясын кеңейтуге де үлкен үлесін қосты деп ойлаймын.

20 жасында оқуды тәмамдаған соң жас зергер шығармашылықпен айналысуға бел буады. Осы уақытта қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болады. Бұл «осы салаға қызығушылығымның одан сайын артуына көп үлесін тигізді» дейді Бақытжан.

Жалпы зергерлік бұйымдар, әшекей заттар терең мағынаға ие. Мәселен, күмістің сыңғырлаған дыбысы, әрбір оюдың түсетін орны, кез келген бұйымның пішіні бәрі белгілі бірізділікпен жасалады. Темір, қола дәуірінен бері келе жатқан әрбір бұйым тағылуына, қолданысына қарай адамның қай өңірден, ұстанатын наным-сенімі сынды т.б. білдіретін болған.

Бүгінде шебердің қоржынында 50-ден аса бұйымдар бар. Олардың ішінде ең ұзақ жасалған бұйымдардың бірі – бес білезік.

– Негізінен барлық заттарды жасау үлкен еңбекті қажет етеді. Солардың ішіндегі ең ұзақ жасауды Батыс Қазақстан стиліндегі бес білезік бұйымы деп айтар едім. Бес білезіктің күрделісі – жұмыстың жасалуында. Күмістен жасалған оның әрбір бөлшегін жеке құрастырып, әрбір түйіршікті жеке-жеке дәнекерлеу керек.


(Суретте: "Бес білезік" Материал: күміс, сердолик)

Кезінде қазақ халқының қолөнер шеберлері осындай бұйымдарды жасауға көбіне күміс металды қолданған. Оның өзіндік себептері де баршылық. Біріншіден, шеберлердің жұмыс барысында қолдануына ыңғайлы, иілгіш, жұмсақ әрі түсі де әдемі, екіншіден, күміс ауру тудыратын элементтерді жоюмен қоса, ағзадағы микробтарды шығаруға септігін тигізеді екен. Тазалық пен байлықтың ажырамас бір бөлігі саналған күмістің тіл-көзден аластайды деген сенім халық арасында да қалыптасқан. Осылардан-ақ күмістің қазақтың өмір сүру салтының бір бөлігі болғанын байқауға болады.

– Күмісті әдеміліктен бөлек, ежелде сусындарда у дың барын не адамдардың бойындағы ауруларды анықтауға болады деген сенім болған. Оның аппақ болып жылтырап тұруының сыры тазалығына байланысты. Егер мыс, күмістерді кез келген ортаға таға берсе, түрлі химиялық реакцияларға түсуі әбден мүмкін. Нәтижесінде өзінің түсін өзгертеуі ықтимал. Дегенмен де оны үй жағдайында не зергерлерге апарып, тазалауға болады.

Шеберлер әшекей бұйымдарды жасауда көбіне ақық және бирюза тастарын қолданады. Бір қызығы «Қолдан жасалған бұйымдарды қайталап жасау мүмкін емес. Тіпті жасаған шебердің өздері екінші мәрте дәл солай жасай алмай жатады» дейді Бақытжан. Бұлар қайталанбас туындылар болғандықтан құнды болып саналады. Осы саланың «хас шебері болу үшін тек шеберханада сағаттап айналысу аздық етеді. Одан бөлек, түрлі ізденіс жұмыстарын жүргізіп отыру қажет» дегенді алға тартады шебер.


(Суретте: "Аққу" жүзігі. Материал: айлы тас, күміс, эмаль, мыс)

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Металлды көркемдеп өңдеу» мамандығының 4 курс студенті көбіне ежелгі бұйымдарды заманауи үлгіде жасауды ұнататын көрінеді. Бұйымдардың көбісі ежелгі сақтардың аң стилі кескінділеріне және қазіргі кездегі интерпретациядағы дәстүрлі ою-өрнектерге негізделген.

Зергердің коллекциясынан әйелдерге арналған әшекей бұйымдар көп кездесетінін байқауға болады. Күмістен жасалған оларды түрлі асыл тастармен көмкеріп, арнайы көздер салып әрлеп, түрлі оюлармен безендіру кең қолданылған. Оған қоса, шебер нәзік жандылардың аса сүйіп тағатын әшекейлерінің бірі көздің жауын алатын түрлі сырғалар жасаумен де шұғылданады. Олар да пішіні мен ою-өрнектеріне қарай әркелкі болып жасалған.

Жас зергер түрлі әшекейлерді жасаумен қоса, суретшілікпен айналысуға да уақыт табады. Осы кезге дейін салған 70-тен аса картиналарында қылқалам шебері көбіне қазақ халқының тұрмыс-салтын бейнелеген.


(Суретті түсірген: Артем Чурсинов)

– Басты мақсатым – халқымыздың ұмытылып бара жатқан төл өнерін жаңғыртуға бағытталған дүниелерді сурет арқылы бейнелеу. Қазақтың кең даласындағы бай флорасы мен фаунасын, салт-дәстүрлерін және т.б. бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрыптарымен байланыстырып салып, кескіндеме түрінде көрсеткім келді. Өйткені ата-бабаларымыз өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасаған. Тіпті күнделікті тұрмыста да қолданған. Жалпы бұлар қазақтың мәдениетінің ажырамас бір бөлігі деп ойлаймын.

Одан бөлек, жас суретші қоғамдағы көкейкесті проблемаларды өз картиналарында арқау еткен. Сондықтан қылқалам иесі бос уақытында таңнан кешке дейін сурет салумен уақыт өткізетінін айтады.

Бір атап өтерлігі, Бақытжанның туындылары түстер палитрасының бай реңімен және тақырыптарының сан түрлі алуандылығымен ерекшеленеді.

Жақында оның қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына орай елордада «Ізденіс» атты алғашқы көрмесі ашылған болатын.

– Осы уақытқа дейінгі еңбектерім мен жеткен жетістіктерім көрмеге қойылған. Мұның суретшілерге, шығармашылық адамдарына яғни бізге тигізер пайдасы – өзіміздің уақыт өткен сайын шындалғанымызды көруге таптырмас мүмкіндік. «Ізденіс» деп атауымның себебі суретшілік, зергерлік өнердегі ізденіс жолындағы жұмыстарымның қойылуы. Мәселен, кез келген дүниені жасау алдында оның тарихымен, қыр-сырымен жан-жақты танысасыз ғой...


(Суретті түсірген: Артем Чурсинов)

Бұл іспен айналысу үшін кез келген адамға «дарыннан бөлек, еңбек пен тазалық та қажет» дейді ол. Суреттерінде сұлулық пен сүйіспеншілік үйлесім тапқан Бақытжан туындыларында көбіне кенеп, майлы бояуды пайдаланады.

– Суреттердің көбісінің салу техникасына қазіргі кездегі авангардтық стильді пайдаландым. Оларға қолданылған майлы бояудың артықшылығы – өзге бояуларға қарағанда ұзақ сақталуы. Бәрімізге белгілі, кенеп, майлы бояуды кезінде Леонардо Да Винчи сынды өзге де танымал суретшілер пайдаланған. Тіпті ешқандай түсін өзгертпестен ғасырлап тұруы да мүмкін. Бұл бастысы адамның суретті қалай күтетіндігіне тікелей байланысты болып келеді.


(Суретті түсірген: Артем Чурсинов)

Алдағы уақытта суретші ұлттық тақырыптардағы суреттерді молынан салуды жоспарлап отыр.

– Қазіргі кезде зергерлік өнер жоғары оқу орындарында оқытылып жатыр. Оған қоса, елде «Қолөнер шеберлер одағы» құрылған. Мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде түрлі конкурстар мен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мұның біз секілді шеберлерге берер пайдасы мол. Мәселен, әр өңірден жиналған зергерлер бір-бірінің жұмыстарын көріп, тәжірибе алмасады. Сол арқылы өзінің қаншалықты деңгейде өскенін бағалай алады. Жыл өткен сай зергерлік бұйымдардың сапасы да артып жатқанын байқайға болады.

Жалпы ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы саналатын әшекей бұйымдар қазақ халқын әлемге танытуда таптырмас құралдардың бірі екені рас. Республиканың түкпір-түкпірінде жыл сайын қолөнерді көпшілік арасында дәріптеу әрі төл өнерімізге деген қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнерімізді одан әрі дамытып, күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналдыру өз қолымызда екенін естен шығармайық.


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: