Заманауи көшпенділер: 200 мың қазақстандық шетелдерде жұмыс істеп жүр

15 Наурыз, 16:43 608

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көші-қон мәселесіне назар аударуды, шетелдерге кетіп жатқан жастардың құқығы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс. Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр, - дейді Президент.

Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр.

Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу, - деді Мемлекет басшысы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: