Заманға лайық заң

11 Тамыз 2022, 16:48 1153

Заңда үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын грант жағынан қаржыландырудың жүйесін саралау қарастырылған

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар мәселелері бойынша Заңның нормаларын түсіндіру бойынша арнайы баспасөз брифингі өтті,– деп хабарлайды El.kz.

Брифингке ҚР Парламенті депутаты Вера Ким, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, «Дара» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Айнұр Аймурзина қатысты.

Мәжіліс депутаты және осы Заңның Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Вера Кимнің айтуынша, аталмыш Заңның аясында қайырымдылық, волонтерлік қызметті ынталандыру мен дамытуға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қолдауға бағытталған жаңа нормалар қабылданды.

Азаматтарды қайырымдылық және волонтерлік қызметпен айналысуға тарту үшін мемлекеттік марапаттар, атақтарға ұсыну, мемлекеттік мүлікті волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру және тағы да басқа мәселелер қаралған.

Сонымен қатар волонтерлік қызметті дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттық қаржыландыру және үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақылар беру енгізілген.

Заңда үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын грант жағынан қаржыландырудың жүйесін саралау қарастырылған.

Мадияр Қожахметтің айтуынша, жаңа тәсілдер халыққа қажетті салаға грант бөлуге жағдай жасайды.

Заң аясында гранттардың тиімділігін бағалау тетігі бар, ол үкіметтік емес ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және кейіннен грант беру үшін негіздеме болады.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар мәселелері бойынша Заңға 2022 жылғы 4 шілдеде қол қойды және ол осы жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Бөлісу: