Зағип және көзі нашар көретін адамдардың өмірін жеңілдетуге арналған жаңа құрылғы пайда болды. Оны Астанадағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Әмірхан Қуандық ойлап тапты. Жас өнертапқыштың «ақылды көзілдірігі» бір метр қашықтықтан кедергіні байқап, қазақ тілінде «Сақ болыңыз, алда кедергі!» деп ескерту айтады. El.kz порталының тілшісі оқушымен тілдесіп, құрылғының ерекшелігімен танысып қайтты.
Көзілдірікті ойлап табуға қандай жағдай түрткі болды?
«Ақылды көзілдірік» жобасының негізгі идеясы Әмірханның жетекшісі Бекарыс Батырханұлы айтқан бір оқиғадан кейін туған.
Алматыдағы метро станцияларында болған қайғылы жағдайды ұстазым баяндап берді. Бір адамның пойыз жолына түсіп кетіп, қаза болғанын естігеннен кейін біз осындай қайғылы оқиғаларды қайталамау үшін ақылды көзілдірікті ойлап таптық, – дейді Әмірхан.
Оның сөзінше, көзі нашар көретін және зағип жандар күніне талай кедергіге соқтығып, апатқа ұшырап жатады. Сондықтан олардың қозғалуын қауіпсіз етуге септігі тиетін бұл жоба технологиялық жаңалық қана емес, зор әлеуметтік жауапкершілік болып есептеледі.
Құрылғы қалай жұмыс істейді?
Әмірхан құрылғының құрамына бірнеше негізгі элемент кіретінін айтты. Оған ультрадыбыс датчигі, дыбыстық модуль, микроконтроллер, аккумулятор мен динамика және қажетті сымдар жатады.
Оқушының сөзінше, ультрадыбыс датчигі бір метрге жақындаған адам алдында кедергіні анықтап, микроконтроллер арқылы сигнал жібереді. Микроконтроллер осы сигналды өңдеп, дайын дыбыстық хабарламаны іске қосады да, «Сақ болыңыз, алда кедергі!» деген ескертуді дауыстап шығарады. Яғни, көзілдірікті киген адам алдына жақындаған кедергіні әрі қарай дауыспен естіп, қауіпсіздік шараларын қолдана алады.
Сондай-ақ Әмірхан құрылғыға кез келген тілді орнатуға болатынын атап өтті.
Барлық тілде хабарлама шығаруға болады. Біз қазақ тілін таңдадық, себебі ана тілімізді дамытқым келеді. Сол себепті ескерту сөздері де қазақша жазылған, – дейді ол.
Алдағы уақытта қажеттілігіне қарай орыс, ағылшын және басқа да тілдер енгізіледі деп жоспарлануда.
Құрылғы қанша уақыт дайындалды?
Әмірхан жобаны жоспарлап, құрастыруға шамамен екі ай уақыт жұмсағанын атап өтті.
Нақты көзілдірікті жинау мен бағдарламалауға екі аптадай уақыт кетті. Жобаны бастамас бұрын қандай материал мен бағдарламалау тілін қолдану керектігін егжей-тегжейлі жоспарлап, содан соң іске кірістік, – дейді мектеп оқушысы.
Құрылғының тиімділігін тексеру мақсатында Әмірхан оны мектеп ішінде сынақтан өткізген. Осы сынақ кезінде құрылғы киген адамның алдына әртүрлі кедергілер қойылып, оның ескертулерінің дұрыс шығуы бақыланған. Тәжірибеге қатысқандар көзілдіріктің нәтижесіне оң баға берген.
Оқушының сөзінше, көзілдірікті аптасына бір-екі рет қуаттаған жеткілікті.
Көзілдіріктің батареясы толық зарядталған соң екі күннен бастап бір аптаға дейін жұмыс істейді. Яғни құралды ұзақ уақыт бойы пайдалануға болады, – деді ол.
Қандай қиындықтармен кездесті?
Әмірхан Қуандыққа құрылғыны әзірлеудегі ең күрделі кезең – бағдарламалау бөлімі болған. Оқушы бағдарламалауды енді ғана үйреніп жүргенін, сондықтан дыбыстық хабарламаларды шығару қиындық тудырғанын айтады.
Бастапқыда қалай дыбыс шығару керектігін білмедім. Мысалы, динамик арқылы ескертуді қалай іске қосу, датчик сигналын қалай өңдеу керек екенін түсіну оңай болған жоқ. Бірақ жетекшім Бекарыс ағай қолдау көрсетіп, қажетті кодтарды жазуға көмектесті, – дейді жас өнертапқыш.
Осылайша ұстазы Бекарыс Батырханұлы жан-жақты кеңес беріп, бағдарламалауға көмектескен. Бұрын оқушы тек шағын заттарды құрастырумен шектелсе, бұл үлкен жобаны жүзеге асыру оған жаңа білім мен тәжірибе сыйлады.
Әмірханның сөзінше, жетекшісі әрі Информатика пәнінің ұстазы Бекарыс Батырханұлы сабақты қызықты әрі көңілді өткізеді.
Бекарыс ағаймен сөйлескеннің өзі қызық. Ол тек оқытпайды, әзілмен сабақты көңілді өткізіп жібереді. Осындай жетекшімен жұмыс жасаған өте ұнайды, – деді ол.
Ерекше көзілдіріктің бағасы қанша?
Әмірханның ойынша, «ақылды көзілдірік» зағип жандардың өмірін жеңілдетіп, олардың сенімділігін арттыра алады. Күніне көптеген көзі нашар көретін адамдар әдетте бір нәрсеге соғылып қалудан, жол-көлік оқиғаларынан қауіптенеді, ал ақылды құрылғы оларға алда болатын қиындықтарды алдын ала сездіріп, қауіпті жағдайлар санын азайтады.
Олардың өмірі жеңілдейді, қоғамға белсендірек араласуларына сенімділік пайда болады, – дейді Әмірхан.
Әзірге ол құрылғының идеясы қоғам назарын аударғанымен, жаппай өндіріске шығару үшін көбірек қолдау қажет дейді жасөспірім. Әмірхан қазақстандық ірі компаниялар мен мемлекет тарапынан қаржылай демеушілікті қалайтындығын айтты.
Егер бізге қаржылай қолдау көрсетілсе, бұл көзілдіріктерді көптеп шығаруға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Сондай-ақ ол аталған құрылғыны өндіріске шығару мақсатында инвесторлар тарапынан ұсыныс күтетінін жеткізді.
Құрылғыны алдағы уақытта сатылымға шығару да жоспарда бар.
Ол 15-40 мың теңге шамасында, яғни кез келген адам оны сатып алып, қолдана алатындай бағада болады, – деді Әмірхан.
Сонымен қатар Әмірхан болашақта құрылғыға тағы бірнеше қызықты функция енгізуді ойлап отыр. Мәселен, GPS-трекер қосып, зағип адам қала көшелерімен бағыт-бағдар алып жүрсе деген ойы бар. Сондай-ақ ол пайдаланушыға көңіл көтеру үшін мелодия, ән немесе күй тыңдау мүмкіндігін де қарастыруда.
Оқушы «ақылды көзілдірікпен» ғана шектелмей, басқа да үлкен мәселелерді тауып, оны шешу үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруды қалайды.
Әмірханның қандай армандары бар?
Әмірхан грэпплингпен шұғылданып, жарыстарда үздік нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Мектепті үздік бітіріп, алтын белгі алуды армандайды.
Мектепті жақсы тәмамдап, Назарбаев университетіне оқуға түскім келеді. Мақсатым – судья болу. Бұл менің анамның арманы, – дейді жас өнертапқыш.