Биылғы өтетін кезектен тыс Президент сайлауы 20-қарашаға жоспарланған. Ол күннің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екені белгілі. Қоғамда қызу талқыланып жатқан сайлау туралы «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбай жеке пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.
Заңгердің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көздеген реформаны аяғына дейін жеткізу мүмкіндігінің артуы үшін президенттік сайлауға бірқатар өзгерістер енгізді.
«Біз қазір халықаралық геосаяси ахуалдың ушығып тұрған кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғаннан бері өз бағдарламасын жариялап, еліміздің пандемиялық жағдайына қарамастан халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш қуатын жұмсады. Алайда қаңтар уақиғасы президенттің, қоғамның алдына жаңа, ауқымды шешімдерді қабылдау талабын қойды. Әрине, бәріміз көргендей Мемлекет басшысы қауырт, өжет шаралардың арқасында елдегі саяси, әлеуметтік жағдайларды тұрақтандырып, конституциялық реформаны ұсынды және оны халық референдумда қолдады. Дегенмен, көзделген реформаларды аяғына жеткізу үшін жеткілікті уақыт керек. Сондықтан, менің ойымша, президент өзінің қалған өкілеттік мерзімінен бас тартып, жаңа, қайтадан сайлануға құқығы жоқ жеті жылдық президенттік сайлауға қатысуды ұйғарды», - дейді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы.
Сондай-ақ Серік Ақылбай президенттің бір реттік мерзіммен сайлануы үлкен демократиялық қадам болды деп санайды.
«Президент мандатының бір мерзімді жеті жылға шектелу себебі, осы мерзімге сайланған президенттің саяси, экономикалық, әлеуметтік даму бағдарламасын орындауы үшін қажет. Бұрынғы бес жылдық сайлау мерзімінде президенттің көбісі үш жылын бағдарламасын орындауға арнаса, қалған екі жылы жаңа сайлауда жеңіске жету шараларына арнайтын. Екіншіден, президенттік бір ғана мерзімге сайлануы үлкен демократиялық қадам, супер президенттік болмауына кепілдік», - деді профессор.
Заң ғылымдарының кандидаты сайлау еліміздің дамуына оң әсерін беретінін айтты.
«Бұл шара еліміздің дамуына зор үлес қосады. Сайлау елімізге тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық дамуды, конституциялық реформаларды іске асырып, саяси жаңғыруды әкеледі. Қарашада өтетін сайлауда Қ.К. Тоқаевтың жеңетініне кәміл сенемін. Себебі, басқа үміткерлердің президенттікке ұмтылысын сыйлай отырып, Тоқаевтың халықаралық, өз еліміздегі беделі анағұрлым жоғары екенін айтқым келеді. Оның бұрынғы атқарған қызметтерінің деңгейі, саясеткерлік шеберлігі, жалпы білім деңгейі өте жоғары. Қазіргі уақытта президент болатынТоқаевтан басқа тұлғаны көріп тұрғаным жоқ», - деді.