Өз ісіңізді дамытуға мемлекеттен грант ала аласыз

13 Қыркүйек 2022, 17:40 1446

ҚР Еңбек министрлігі 2022 жылғы 19 қыркүйектен бастап business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға 4 лек бойынша өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлады.

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қатысушы бөлінген ақшаны жаңа кәсіп ашуға және дамытуға, яғни қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, жануарлар немесе құстар және т.б. сатып алуға жұмсай алады.

Өтінім беру үшін не істе қажет:

– порталда тіркелу;

– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет.

Сонымен қатар бұл қолдауды халықтың белгілі бір санаттары ала алады. Олар:

–        мүгедектігі бар адамдар;

–        аз қамтылған отбасы мүшелері;

–        көпбалалы отбасы мүшесі;

–        мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам;

–        асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

–        жастар;

–        қандастар мен өңіраралық қоныс аударушылар.

Үміткер ресми түрде жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер не болмаса өзін-өзі жұмыспен қамтыған болуы және «Бастау Бизнес» курсынан өткені туралы сертификаты болуы тиіс. Оқытудан skills.enbek.kz порталында өтуге болады.

Руслан Мухамадеев
Бөлісу: