Қызылордада республикалық «Мың бала» жобасының жеңімпаздары анықталды

13 Қараша 2018, 06:40 1976

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық қорытынды шарасы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен этнос оқушыларына мемлекеттік тілді оқытып, қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында 2015 жылдан бастап «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылып келеді. Жобаның өткен 2017 жылғы нәтижесі бойынша Қызылорда облысы республика көлемінде алғашқы үштіктер қатарынан орын алды.

Биылғы жылы жобаға тартылған 500-ден аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.

Шараның алғашқы кезеңінде эссе жазудан қатысушылар арасында байқау өткізілді. «Асыл сөз» мектебі» бағдарламасы аясындағы облыстық «Шешендік өнер» байқауы барысында қазақ билерінің, шешендердің және данышпандардың сөздерін, қарымды ойларын қолдану икемділіктері сыналды. Одан басқа мақал-мәтел сайысы да ұйымдастырылды.

Барлық кезеңдердің нәтижесіне сәйкес жеңімпаздар Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кету керек, жобаның бағдарламасы мен іс-шараларын облыс көлемінде іске асыруда «Тіл мектебі» қазақ тілін оқыту бойынша Авторлық бағдарлама байқауы, «Тиімді тілдік орта» ойын алаңы бойынша Қызылорда және Байқоңыр қаласы, аудандардағы аралас мектептерде қазақ тілін оқыту алаңдары, яғни, түрлі форматта (коммуникативтік тренингтер, шығармалар байқауы, ашық диктант, кездесулер т.б.) іс-шаралар, жазғы демалыс лагерлерінде демалыспен ұштастырылған ұлттық және спорттық ойындардан байқаулар ұйымдастырылды.

Бөлісу: