Қызылордада әр ұлт өкілдерінің жастары Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарынан сайысты

24 Мамыр 2019, 12:03 2714

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» республикалық ғылыми-ағарту жобасы аясында Қызылордада «Сөз маржаны» облыстық зияткерлік байқауы өтті. Байқауға аудан орталықтары мен Қызылорда қаласынан түрлі этнос оқушылары мен жастары қатысып, бақтарын сынады.



Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, байқауды өткізудегі мақсат - жастар арасында, оның ішінде түрлі этнос оқушылары мен студенттерге мемлекеттік тілді насихаттау, қолдану аясын кеңейту арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға тәрбиелеу.

Бес кезеңнен тұрған сайысқа қатысушылар шарт бойынша мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, ой-тұжырымын ашып, қойылған жұмбақтың шешімін тауып, орыс, ағылшын тілдеріне аударып, фразеологиялық сөз тіркестерінің балама мағынасын айтулары тиіс еді. Білім жарысының  қорытындысы бойынша үздіктер анықталды.


Сайыстың қорытындысы бойынша 1 орынды жаңақорғандық Диана Қаюмжан жеңіп алса, 2 орынды Жалағаш ауданынан келген Жанель Хамиева қанжығасына байлады, 3 орынды Қазалы ауданының оқушысы Дениза рашидова місе тұтты.


Байқауға арнайы тіл мамандары қазылық жасап, қатысушылар мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу: