Қызылордада Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның 150 жылдығын атап өтті

25 Қазан 2018, 04:27 3207

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Корей халқының батыры, жауынгер-интернационалист Хон Бом Доның туғанына 150 жыл толуына арналған тарихи-танымдық конференциясы өтті.

Сыр өлкесі - атам заманнан сан ұлт өкілі бас қосқан, бақыт тапқан мекен. Жатсынуды білмейтін, қонағын құдайындай сыйлайтын сырбойылықтардың осы адами қасиеттерінің арқасында сан ұлттың сәні жарасып, тату-тәтті күй кешуде.

Сонау патшалық Ресейдің кезеңінен бастап, саяси сенімсіз адамдарды жер аудару жұмыстары жүрген уақытында, біз­дің де аймаққа қудаланған түрлі ұлт өкілдері келген болатын. Бұл саясат Кеңес заманы кезінде де жалғасын тапты. Деректерге сүйенсек, Перовскіде 1919 жылы 318 шетелдік тұтқын өмір сүрген екен. Олардың негізгісі поляктар мен австро-неміст­ер болған. Бұл халықтар әртүрлі өндіріс және мәдени орындарда қызмет етті.

Қазақ ең қиын кезеңдерде басқа ұлттардың басына түскен ауыртпалықты бөлісті, бірге көтерді. Ешкімнің кеудесінен итерген жоқ. Бір тілім нанын да бөле жеді.

1937 жылдан 1949 жылға дейін Қазақстанға 82 ұлттың өкілі жер аударған екен. Әрине, корейлермен басқа да ұлттардың ата-бабалары қиын кезді, ауыр сәтті бастан өткерді.

Алғашқы құрбандардың бірі Қиыр Шығысты мекен­деген кәрістер болды. Осы бір еңбекқор халық Орта Азия мен Қазақстанға еріксіз көшірілді. Тек қана 1937 жылы Қазақстанға 18 500-ге жуық кәріс отбасы жер аударған.

Қазақтар жер аударылып келгендерге мейірімділік көрсетіп, жер мен мал бөліп берді. Облысқа қуғын-сүргінге ұшыраған кәріс­тердің арасында Корей халқының батырлары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ағартушы-журналистер және басқа да көрнекті тұлғалар болды.

Соның ішінде болған, Корей халқының батыры, жауынгер - интернационалист, Хон Бом Доға биыл 150 жыл толуда.  Ол 1937 жылы Қазақстанға еріксіз жер аударылды.

1993 жылы Хон Бом Доның тууына 125 жыл толуына байланысты Қызылорда қаласында Хон Бом До атындағы қоғамдық қор құрылып, 1996 жылы батырға арнап Батыр Мемориалы орнатылды. Қызылорда мен Владивосток қалаларында көшелерге Хон Бом До есімі берілді.

Қазір корейлер қазақ жеріне орнығып, халықтың бір бөлігіне айналды. Корей халқы еңбекқор, жауапкершілігі өте жоғары екендігі баршаға мәлім. Мәселен, бір ғана Шиелі ауданынан корей этносының 29 өкілінің Социалистік Еңбек Ері атануы,  оның ішінде бір ғана Авангардтан, бүгінде Ақмая ауылдық округінен 16-ның шығуы соның айғағы.

Бұл іс-шараның қоғамдық келісімнің институты болып табылатын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен өткізілуінің мәні бар. Хон Бом Доның 150 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған тарихи-танымдық конференцияның өткізілуі – Қазақстан мен Корея мемлекеттері арасындағы мәдени, тарихи байланыстарды одан әрі дамытып, қазақ, корей халықтарының достығын және бірлігін нығайтуда нақты көрініс тапты.

 

Бөлісу: