Қызылордада қазақтың алғашқы ілеспе аудармашыларының бірі Камал Әлпейісовамен кездесу өтті

12 Қыркүйек 2018, 11:49 2372

Қызылордада облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен қазақтың алғашқы ілеспе аудармашыларының бірі, филолгия ғылымдарының кандидаты, жазушы Камал Әлпейісовамен кездесу өтті.

Кездесу Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру: аударма өнерінің бүгінгі жетістіктері» тақырыбында өтті.  

Камал Әлпейісова елімізде ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі, республикалық «Үздік аудармашы» конкурсының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол еңбек жолын 1979 жылы «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде корректорлық қызметтен бастаған. Одан соң 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер, 1990 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде қызметтерін жалғастырған. Ал 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Аппаратының редакциялық баспа бөлімінде консультант, ілеспе  аударма секторының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы болып еңбек етуде.

Камал Әбілқасымқызы жауапты қызметте жүрсе де, шығармашылықтан алшақтап кеткен жоқ. Республикалық газет-журналдарда әңгіме, өлең, аудармалары жарияланып тұрады. Сонымен қатар, «Қыз өссе, ұл есейсе», «Н.Қайыпова», «Жапырақтары жанымның», «Мағыналас мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің қазақша-орысша сөздігі» атты кітаптарының авторы. Аударма жұмыстарына да белсене ат салысып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған «Әлемдік саясаттану антологиясында» грек ойшылдары Демокриттің, Аристотельдің, Платонның, Сократтың, батыс ойшылдары Бенедикт Спинозаның, Джон Локктың, Паскаль Блездің жекелеген еңбектерін аударған.

Кездесу барасында Камал Әбілқасымқызының аударма саласындағы жетістіктері сөз болып, жастар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы мен басым бағыттары жайында жастарға кеңінен ақпарат беру. Бағдарламаны жүзеге асыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, жастарды прагматик болуға шақыру. Сананың ашықтығын қалыптастырып, білімнің салтанат құруына мүмкіндік жасау. «Рухани жаңғырудағы» аударма саласының маңызы мен бүгінгі жетістіктерін кеңінен түсіндіру.

Бөлісу: