Қызылорда облысында «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің слеті өтті

26 Тамыз 2019, 17:30 3066

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен ORDA CAMP – 2019 «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің облыстық слеті өтті.


Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, слеттің басты бағыты – жастардың белсенділігін арттыру, заманауи қоғамда көшбасшылық дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Екі күнге жоспарланған жазғы лагерьде қатысушылар түрлі бағыттағы семинар-тренингтерден өтіп, спорттық сайыс түрлері бойынша бақтарын сынады.


Слет жұмысының алғашқы күнінде қатысушылар топ-топқа бөлініп тапсырмалар орындады. Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қызметі мен бағыты туралы ақпаратпен танысты.

«Жаңғыру жолы» қозғалысы белсенділерінің слеті жастар арасындағы көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында «Proдвигай себя - өзіңді-өзің басқар» тақырыбындағы семинар-тренингпен жалғасты. Оның барысында жастар көшбасшылыққа тәрбиелеу, қоғаммен байланысын күшейту, азаматтық белсенділігін арттырудың қыр-сырын меңгерді.


Слет жұмысы аясында жан-жақтан жиналған жастардың басын біріктіру мен достық қарым-қатынастарын жақындату мақсатында «Достық шеңбері» team bulding ұйымдастырылды.

Қатысушылар келесі кезекте стритбол, шағын футбол сайыстары мен ұлттық спорт түрлері бойынша да сынға түсті. Этнос жастары арасында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мақсатында қол күрес, арқан тартыс сайыстарынан турнир өткізілді.


Дәстүрге айналған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің слетінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова слет жұмысына қатысушы белсенді жастармен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Оның барысында жастар облыстық ассамблеяның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат алып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Жазғы тынығу лагерінде өткізілген белсенділер слеті «Достық алауы» мен «Биле - party» ойын-сауық бағдарламасымен аяқталды.

Бөлісу: