Қызылорда облысында кене шағу саны 4 есеге артқан, деп хабарлайды El.kz.
Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан, аймақта осы инфекцияның қоздырғышын тасымалдайтын иксод кенелерінің 16 түрі мекендейді.
Кене шағу жағдайларының саны өткен жылмен салыстырғанда төрт есе өскен. Мәселен, 2021 жылы 238 жағдай тіркелсе, 2022 жылы бұл сан 964-ті құрап отыр. Сонымен қатар, өткен жылы облыс бойынша қолайсыз өңірлердің қатарына 113 елді мекен енсе, қазір тізімге тағы үшеуі қосылып отыр.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жаңа микроағзаларын анықтау мақсатында жыл басынан бері 41 473 кене жиналды, оның ішінде 5525-і – елді мекендерден, 17 563-і – жануарлардан, 17 787-і – табиғи, 598-і – ауру ошақтарынан. Барлығы 4740 сынама зерттелген, 132-ісі оң нәтиже берді. Басым көпшілігі Dermacentor daghestanicus және Hyalomma asiaticum түрлеріне сәйкес келеді.
Эпидемиологиялық маусымның басталуына байланысты аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Дезинфекциялық жұмыстардың бірінші кезеңі көктемде өткізілген. Қолайсыз елді мекендердегі санитариялық-қорғаныш аймақтары, үй-жайлар, буферлік аймақтар кенелерден толық залалсыздандырылған. Өңдеу тиімділігі 98%-ды құрады.
Күзгі кезең 19 тамыздан 25 қазанға дейін жалғасады. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін бақташыларды барлық мал ұстайтын аулаларда механикаландырылған тазалау жұмыстарын жүргізуге және үнемі тазалықты сақтауға шақырады.
Жыл басынан бері медициналық көмекке 964 адам жүгінген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 43 күдікті жағдайы тіркелді, оның 15-і зертханалық тұрғыда расталды. Басым бөлігі - 30 жастан асқан азаматтар. 4 өлім тіркелген. Науқастармен байланыста болған 264 адам медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекция жүргізілді.
Мамандар көктемгі-жазғы-күзгі кезеңде кенелердің белсенділігі артса да, олардың фенологиялық дамуы жыл бойы жылы мал ұстайтын аулаларда жалғасатынын еске салады. Сондықтан сақтық шараларын босаңсытуға болмайды. Мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығын жүргізу кезінде арнайы жұмыс киімімен және қолғаппен жұмыс істеу қажет. Кене шағу немесе жанасу жағдайында және аурудың белгілері анықталған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек.