Қызылорда облыстық ҚХА қайырымдылық концертін ұйымдастырды

23 Қазан 2019, 11:53 2445

Қызылорданың Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концерті өтті.


Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, «Жаңғыру жолы» жастар қанатының бастамасымен өткізілген шараның мақсаты – жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялату.


«Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының жеткіншектері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық концертте облыстық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, «Болашақ» университетінің өнерпаздары өнер көрсетті.


Балалар неміс этномәдени бірлестігінің «Адажио» шоу және татар этномәдени бірлестігінің мың бұралған бишілерінің өнеріне тәнті болды. «Славяне» этномәдени бірлестігінің әсем дауысты әншілері Виктория Миклина, Никита Мясцов, «Сударушки» вокалды тобына қошеметтерін аямады.


Шарада облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ильдар Гафуров, «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйледі. Саратов облысынан келген П. Столыпин атындағы Поволжский басқару институтының профессоры А. Неверов «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі, «Славяне» этномәдени бірлестігінің мүшесі Константин Луцаға мүмкіндігі шектеулі, жарымжан балаларға қолдау білдіргені үшін арнайы Алғыс хатын табыстады.

Бөлісу: