Қытайда еліміздің мәдени орталығы ашылуы мүмкін

25 Маусым 2022, 03:03 2331

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хэпинмен кездесті, деп хабарлайды EL.KZ елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Ш.Нұрышев жақын арада қалпына келетін тұрақты әуе қатынастары және адами байланыстардың белсендірілуін ескеріп, екіжақты мәдени-гуманитарлық диалогты жандандырудың қажеттігіне назар аударды. Қазақстанның Елшісі ҚР және ҚХР-да мәдени орталықтарды өзара құру бұл бағыттағы екіжақты қатынастардың дамуына мықты серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстанның туристік мүмкіндіктері және ҚР Үкіметінің Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша шараларымен таныстырды. Сондай-ақ, Елші қазақстандық тараптың ҚХР азаматтары үшін 14 күндік мерзімге дейін визасыз режим енгізу жөніндегі жоспарын ескеріп, ҚР азаматтары үшін де ұқсас жағдай жасау мәселесін көтерді.

Өз кезегінде, Ху Хэпин Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор келешегі бар екенін ерекше атап өтті. Ол жыл соңында жоспарланған Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитеті Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-отырысы екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Сонымен бірге, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Қазақстан Үкіметінің елдің туристік әлеуетін ашу бойынша қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қытайлық тараптың мәдениет орталықтарды өзара құруға дайын екенін білдірді.

Кездесудің соңында тараптар ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия - Қытай» мемлекет басшылары онлайн-саммитінің қорытындылары бойынша уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспары шеңберінде мәдениет және туризм саласында бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін қоса алғанда, ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі арасында тығыз байланыстарды сақтауға келісті.
EL.KZ
Бөлісу: